Жарнама
БілімЖаңалықтарҚоғам

Ұстаздардың ұстазы

Орыстың ұлы ұстазы К.Д.Ушинский директорды мектептің бас тәрбиешісі деп атаған. Демек, мектеп директорына қандай талап қойылатыны айтпасақ та түсінікті. Ғаділжан Кереев – сол жауапкершілік жүгін сезіне білген,  ұстаздардың  ұстазы  атанған  абыройлы  азамат.

%d2%b1%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%b7%d0%b4%d0%b0%d1%80%d0%b4%d1%8b%d2%a3-%d2%b1%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%b7%d1%8b

Ғаділжан қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Хисмет кеңшарда өмір бойы есепші, анасы сол шаруашылықтың алдыңғы қатарлы сауыншысы, егіншісі болды.

Осындай отбасында өскен Ғаділжан Кереев жастайынан білімге, спортқа құштар болды. Қазірде Көктоғай деп аталған ауылдағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектепті бітірген соң «тарихшы боламын» деген арманы орындалып, Гурьев педагогикалық институтына оқуға түсті. Оқу ордасының қабырғасында жүріп,  еркін күреске қатысты.

Республикаға танымал күрес шебері, профессор Ж.Ысқақовтың жетекшілігімен қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. Кейін бұл тәжірибесінің Новобогат ауданындағы Амангелді атындағы орта мектепке жұмысқа келгенде үлкен пайдасы тиді. Сабақтан тыс уақытта мектеп оқушыларын спортқа баулыды, сөйтіп ауданаралық жарыстарда волейбол, үстел теннисі, еркін күрестен жүлделі орындардан көрінді.

Алғашқы еңбек жолында Ғаділжан Хисметұлы тарих пәнін оқытудағы жетістіктерімен көрінді. Міне, осылайша өмір баспалдағымен өрге көтерілген Ғаділжанның іс-тәжірибелері мерзімді баспасөз беттерінде, оның ішінде 1986 жылы республикалық «Қазақстан мұғалімі» журналында да жарияланды. Жас мұғалімнің ізденгіштігі, еңбекқорлығы кейін өзі білім алған Б.Нысанбаев атындағы орта мектепте жалғасты.

Бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайланып, кәсіподақ ұйымының жетекшісі атанды. Үкіметтің «Тұрғын үй – 91» бағдарламасына үн қосып, оқушылардың «Өркен» өндірістік бригадасына жетекшілік жасап, шаруашылыққа қажетті 437 мың дана саман кірпіш дайындады. Сол үшін жеңімпаз деп танылған еңбек бригадасына су жаңа тіркемесімен трактор және түрлі-түсті теледидар сыйға тартылды.

Ғаділжанның мектеп басқару ісіндегі жаңашылдығы мен жоғары ұйымдастырушылық қабілеті ескерілді. Ол  Жұмыскер кентіндегі Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп директоры, 2004 жылдың қаңтарынан Атырау мөлтекауданындағы жаңадан ашылған №31 жалпы білім беретін мектеп директорлығына дейін жоғарылады. Міне, осы уақыттан бастап оның «екінші тынысы» ашылды десек те болады.

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деп, академик З.Қабдолов айтқандай, мектептің даму рейтингісін көтеруде, ұжым мен оқушылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда, материалдық-техникалық қорын жасақтауда, білім берудің әлемдік және отандық жетістіктерін батыл енгізуге бел шешіп, білек түре кірісті.

Қазіргі заман қатаң бәсеке ғасыры. Сондықтан, әлемдік бәсекелестіктің дамуына ілесе алатындай дара тұлғаны қалыптастыру білім беру жүйесінің алдында тұрған зор міндет. Елімізде орта білім беру жүйесінде дарынды балаларға арналған таңдаулы мектептер желісі құрылуда және әлемдік білім беру стандарттарына жауап беретін мамандандырылған оқу бағдарламалары жасалуда. Осы бағытта Ғаділжан Хисметұлының кең көлемдегі бай тәжірибесі жоғарғы білім беру басшылары тарапынан қолдау тапты.

Ол бірнеше рет республикалық, халықаралық ғылыми конференцияларға қатысты. 2013 жылдың 1-13 шілде аралығында «Базалық мектептердің басшылық құрамымен тәжірибе алмасу» бағытындағы Ұлыбританияның университеттерінде болып, ағылшын мектептерінің іс-тәжірибесімен танысты.

Биылғы жылы алпыс жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Ғаділжан Кереевтің ұстаздық қызметіне – 39 жыл.

Ол  Білім және ғылым  министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Достыққа берік, жаны таза, ақжарқын Ғаділжан Хисметұлы отбасында ұлағатты әке. Өмірлік жары, ардагер ұстаз Гүлнәр Махмұдқызы екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі жанұя.

Қылышбай  СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Бақберген  ҚАРАБАЕВ,

Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы:

«Мектеп басшысы болу әрі қиын, әрі аса жауапты. Мектеп – үлкен тәрбие орны ғана емес, ірі шаруашылық ортасы. Осы орайда №31 орта мектеп директоры Ғаділжан Кереевтің ұзақ жылғы мектеп басқару ісіндегі еңбегін ерекше атап өткім келеді. Мектеп директорының басшылығымен ұжым мүшелері мектеп жұмысын жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе жұмыстанып, оқу-тәрбие ісін жетілдірудің ең озық әдістерін іздестіріп, оларды жүзеге асыруға барлық күш-жігерлерін жұмылдыруда».

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button