«СТАНДАРТТАР – БҮКІЛ ӘЛЕМ СӨЙЛЕЙТІН ТІЛ»
— Биылғы ел тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтауы болып табылады. 19 жылға жалғасқан келіссөзден соң еліміз әлемдік сауданың көрігін қыздыратын алпауыт ұйымға 162-ші мүше ретінде кірген болатын. Ұйым аясында сауда белгіленген тәртіп шеңберінде еркін айналады, соның нәтижесінде бәсекелестік күшейеді. Тәртіп бойынша мүше мемлекеттерде өндірілген тауар сапалы, әрі бағасы бәсекеге сай болуы тиіс. Осы орайда, сіздерге жүктелер жауапкершіліктің жүгі ауыр. Төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз, Еңбектеріңіз жемісті болсын! — деді аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы.
«Стандарттау күні» бүкіл әлем бойынша әр жыл сайын аталып өтеді. Бұл күні, яғни, 1946 жылдың 14 қазанында Ұлыбритания астанасы Лондонда стандарттау бойынша ұлттық ұйымдастыру конференциясы ашылған екен. Бұл конференцияның басты оқиғасын стандарттау бойынша Халықаралық ұйымдастыру (ISO – ред.) деп атауға болады. Қазіргі кезде ISO құрамына стандарттау бойынша 160-тан астам ел кіреді. 1970 жылы ISO президенті Фарук Сунтер әлем экономикасына стандарттаудың аса қажеттігін көрсете отырып, жыл сайын Бүкіләлемдік стандарттар күнін атап өтуді ұсынды. Әр жыл сайын Бүкіләлемдік стандарттар күні айқын ұранмен өтеді. Биылғы мерейлі мереке «Стандарттар – бүкіл әлем сөйлейтін тіл» деген ұранмен өтуде.
Шара барысында аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев облыста стандарттау жүйесінің дамуына үлесін қосқан «ҚазҚұбырЖөндеу» ЖШС-нің зертхана басшысы Дария Ермекованы, «Қазаналит» ЖШС-нің инженер-метрологы Вячеслав Гребельныйды, «Атырауинжстрой» ЖШС зертханасының меңгерушісі Нини Кимді, «Кран Сервис ЛТД» ЖШС-нің зертхана меңгерушісі Марина Андрееваны және тағы басқа үздік қызметкерлерді марапаттады.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.