2017 06 01 PHOTO 00002181

Үшемді құттықтауға арнайы барды

Жаңалықтар Қоғам

Жуырда Нұғымановтар әулетінде  дүниеге келген Ақерке, Назерке, Жанерке есімді бөбектерді қалалық мәслихат депутаты Муса Хайруллиевтың атынан «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының саяси бөлім меңгерушісі Данагүл Жайлаубаева құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

2017-06-01-PHOTO-00002181

Муса Хайруллиев  –  үшемнің отбасы тұратын округтен сайланған депутат. «Балалар  – біздің  егемен  еліміздің  ертеңгі  болашағы. Арқа сүйер тірегіміз. Оның үстіне өмірге бірден үш сәби келді. Атам  қазақ  қызды  ырысқа  теңеген. Елімізге құт-береке орнасын! Бөбектер үнемі менің назарымда болады», дейді халық қалаулысы.

Үшемнің анасының көңіл-күйі көтеріңкі. 2 келі 80, 1 келі 490, 1 келі 890 грамм салмақпен дүниеге келген сәбилер күн санап өсіп келеді. Алдын-ала   ультрадыбыстық зерттеу қорытындысымен үш бүлдіршінді болатынын білген отбасы мұқият дайындалған. Анасына тұңғыш қызы Альбина мен туыстары қолғабыс  етуде.

«Үшемдер бір уақытта ұйықтап, бір уақытта жылайды. Осыған дейін бір қыз, бір ұлдың анасы едім. Аллаға шүкір, енді бес баланың ата-анасы атандық. Бізге құттықтауын жеткізген мәслихат депутаты Муса Хайруллиевке алғысымыз шексіз», дейді  үшемнің анасы Назгүл Әліпова.

Үшемнің анасының айтуынша, осыған дейін олар туралы жарыса жазған баспасөз құралдары жалған ақпарат таратқан.

«Үшемдер Нұғымановтар отбасының тұңғыштары емес. 18 жасар қызымыз мен 8 жасар ұлымыз бар. Және «отағасы Жасұлан Нұғыманов жеті атасына дейін түгендеп, әулеттерінде үшем түгілі, егіздер де болмаған» деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Егіздер екі жақта да бар», дейді отанасы.

Мәлике МӘЛІК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған