ССЕР компаниясының жұмысшылары өз атаулы ағаштарын отырғызды
ССЕР атымен өңірімізде белгілі бола бастаған компанияның негізгі атауы — Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг Прокьюрмент С.А.Л. Бұл компания 2008 жылдан бастап Атырау облысының аумағындағы айтулы жобаларда қызмет атқарып келеді. Атап айтқанда, Қарабатандағы Болашақ зауытының құрылысында, сондай–ақ, Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнындағы А және Д аралдарының құрылыс жұмыстарында да бұл компанияның өз үлестері бар.
2014 жылдан бастап ССЕР компаниясы «Теңізшевройл» ЖШС – нің «Болашақ кеңею жобасының» үшінші буынды зауытының құрылысы бойынша бас мердігер болып табылады.
Аталмыш компания, аймақтағы іргелі жобаларға қарқынды қатысуымен қатар, Атырау облысындағы әлеуметтік жобаларға да өзінің сүбелі үлесін қосып жүр. Оның ішінде, облыс тұрғындарына ақшалай көмектерін де беріп келеді. Ендігі кезекте компания Атырау қаласындағы компания аумағында және оған қарасты учаскелерде «Атаулы ағашыңды отырғыз!» атты табиғатты қорғау акциясын ұйымдастырды.
Осы шараны сапалы түрде жүзеге асыру мақсатында жергілікті ауа райы мен жер жағдайына бейімделген 500 тарта ағаштар мен көшеттер алынған болатын. Бұлардың арасында үйеңкі, шаған, пирамида іспеттес тал, қарағаш және биологиялық тыңайтқыштар алынды.
19 қазанда, компанияның 70-ке жуық жұмысшысы кәсіпорын басшыларымен бірге шараға белсене қатысып, әрқайсысы өзінің атаулы талын отырғызған болатын.
Бұл бастаманы ССЕР компаниясы тарихындағы алғашқы экологиялық ауқымды шара деп тануға болатын шығар деп есептейді ұжым мүшелері. Бұдан бөлек, отырғызылған әр ағашқа қажетті деңгейдегі күтімді ұйымдастыруды компания өз міндетіне алды.
Сонымен, компанияның негізгі кеңсесі орналасқан Атырау қаласында бастау алған бұл игі бастама, Теңіз қалашығында да жалғасын табады деп, сендірді компания басшылары.