Спорт кешендері – ел игілігіне!
Облыс орталығының Ақсай және Атырау ауылдық округтерінде салынып жатқан спорт кешендерінің құрылыстары толықтай аяқталды. Жуық арада аталған спорт нысандары пайдалануға берілетін болады.
Ақжар ауылындағы спорт кешенінде Ақсай, Ақжар, Талғайраң, Бесікті, Жұлдыз-3 елді мекендерінен 350 жасөспірім бала спорттың сегіз түрімен айналысады деп жоспарлануда. Атап айтсақ, жасөспірімдер үшін еркін, грек-рим, қазақ күрестері, самбо, дзюдо, таэквондо, кикбокс, үстел теннисі залдары заман талабына сай жаңа технологиялық базамен толық қамтылған.
Ал, Атырау елді мекеніндегі жаңа спорт кешенінде Дамбы, Жаңаталап, Атырау, Құрманғазы ауылдарының балалары үшін үш спорт бөлімшесі жұмыс жасайтын болады. Үш жүзге жуық жастар мен жасөспірімдер еркін күрес, бокс, кикбокстан спорттық шеберліктерін шыңдайды.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жас спортшыларды ҚР спорт шеберлігіне үміткерлер, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен тәжірибелі бапкерлер жаттықтырады. Спорт күніне орай пайдалануға берілгелі отырған заманауи үлгідегі кешеннің ел игілігі үшін жұмыс істеп, жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Құрылыс жұмыстарын жүргізген – «Бизнес-Көмек» әлеуметтік жобаларды қолдау жөніндегі мемлекеттік қоры» мекемесі. Спорт кешендерінің құрылыстары мен толық жабдықтау үшін 230 миллионға жуық қаржы бөлінген.
Айгүл ЕРТІЛЕУ