Сөзден іске көшетін кез келді
Қазақстан үшін қаңтар айы қаһарымен келді…
Мемлекет басшысының өзі айтқандай, біз тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үлкен әрі ауыр дағдарыспен бетпе-бет келдік және бүгінде оны бірігіп жеңе білдік деп сеніммен айта аламын.
Болған оқиғаның ақ-қарасы алдағы уақытта айтыла жатар. Бірақ, бұл бұлғақ неден басталып еді? Өзіміз өндіруші болғанмен, елімізде жанармай бағасы қымбат. Жанармай қымбаттаса, азық-түліктен бастап, басқа да халық тұтынатын тауарлар, халыққа қызмет көрсету салалары да қымбаттайтыны белгілі. Қазақ – әуелден шыдамды халық. Бұған да төзіммен қарай білді. Сөйтіп, шешімін де тапқандай болды: көліктерін газбен жүруге икемдеді. Осылайша, баға бақылауда болды. Бірақ, жыл басында сұраныс артып, газ қымбаттады. Одан әрі халық өз наразылығын білдіріп, көшеге шықты. Халықтың жан-айқайын Мемлекет басшысы естіді, уақытында газ бағасын төмендетуге тиісті орындарға нұсқау да берді.
– Газдың бағасын жеке компаниялар қолдан өсірген, бүгінде олардың біразы жауапқа тартылып та жатыр.
Қиын күндер артта қалды. Еңді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады, деп мәлімдеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл іске бәріміз де үлес қосуымыз қажет. Сондықтан, бірқатар ұсыныс айтуды жөн көрдім.
Алдымен, біз бұған дейін «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» деп ұрандап келдік. Сондықтан облыстарда отандық өндіріс ошақтарын ашу қажет. Ол күнделікті сұраныстағы ұн, май, нан, сүт өнімдері, көкөніс өсіретін жылыжай болсын не киім тігетін шағын фабрика болсын, мейлі. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге сауда нүктелерін ашып, қалада өз тауарын еркін сатуға мүмкіндік беру қажет. Бұл өндіруші мен тұтынушы арасындағы алыпсатарлықты жоюдың бірден бір жолы болар еді. Кәсіпкерлер мен кәсіп ашамын деген жандарға 20 тіпті 30 жылдық мерзімге жылдық мөлшері төмен несие беру мәселесін де қарастырған жөн. Сонда ғана азаматтар жүрексінбей бизнесті бастай алады. Ал, бұл жаңа жұмыс орындары, бюджетке түсетін қосымша салық деген сөз.
Тағы бір өзекті мәселе, Қазақстанның табиғи ресурстарын дұрыс әрі тиімді пайдалану. Құр пайдаланып қана қоймай, соны игеретін отандық өнімдер шығару маңызды. Мысалы, бізде мұнай бар, бірақ оны өндіретін, өңдейтін құрал-жабдықтарды әлі күнге шеттен тасып жүрміз.
Екіншіден, бизнесті тексеруді азайтуды ұсынамын. Біресе санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, біресе өрт сөндіру қызметі, басқа да бақылау және қадағалау органдары келіп, кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіреді. Бұдан кәсіпкерлер зардап шегіп жатыр.
Үшіншіден, біз табиғи байлықты әуелі өз халқымыздың игілігі үшін пайдаланып, содан кейін ғана оны экспортқа шығару керекпіз. Ішкі нарықты қолайлы бағадағы өніммен қамтығаннан кейін, сыртқа сатып, ішкі тұрақтылықты сақтай аламыз.
Содан соң, жастардың жағдайына, олардың тәрбиесіне назар аударатын уақыт келді деп санаймын. Олардың бұқаралық спортпен шұғылдануына, осылайша дені сау, ділі мықты ұрпақ өсіруіміз қажет. Мектептерден бөлек, үлкен спорт нысандарын ашып, жаттықтырушылар дайындап, шымыр әрі шыныққан жастардың буынын дайындауға тез арада кірісуіміз керек. Сондай-ақ, біз жастарды дұрыс мамандық таңдауға үйреткеніміз де абзал. Экономистер мен заңгерлер, қаржыгерлер мен есепшілер көп. Жұмыс таппай сенделіп жүр. Бізге техникалық мамандықтар қажет. Жастарға бизнестің қыр-сырын үйретуіміз қажет.
Біз ел Парламентінің құрамынан әдемі сөйлей алатын емес, тиімді жұмыс істей алатын депутаттарды көргіміз келеді. Сондықтан, жергілікті өндіріс орындарында жұмыс жасап шыңдалған жастарды Парламент құрамына ұсынуымыз керек. Депутаттық корпустың шектік жасын 55 қылсақ, заманның ағымын білетін нағыз халық қалаулылары жұрттың талабын түсініп, соған сәйкес заң қабылдайды деп сенеміз.
Мемлекет басшысы 11 қаңтарда Мәжілісте, бюджетаралық қатынастардың тәсілдерін өзгертуді тапсырды. Президенттің бұл бастамасын мен толық қолдаймын. Республикалық бюджеттің ірі доноры бола тұра, кейбір өңірлер әлеуметтік-экономикалық даму жағынан кенже қалып отыр. Сондықтан, республикалык бюджетті толтырып отырған әр өңір өзінің қажетіне орай, табыстың бір бөлігін өздерінде қалдыруы тиіс. Бұл өңірдің дамуына үлкен серпін болады.
Көңіл бөлетін тағы бір мәселе – туризмді қолдау. Қазақстанның қай өңірі болса да, туризм үшін қолайлы екенін білеміз. Бұл салада да нақты шешімдер қабылдауымыз қажет.
Ибрагим АҚДРАШЕВ,
кәсіпкер, Құрмет орденінің иегері