Сотқа дейінгі татуласу кабинеттері ашылды
Атырауда облыстық сот төрағасы М.Бектұрғанов пен облыстағы кәсіби медиаторлардың кездесуі өтті, деп хабарлайды Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында М.Бектұрғанов «Сот жүйесінің 7 түйіні» жобасы шеңберінде Атырау қалалық сотының ғимаратында заманауи негізде жабдықталған кәсіби медиаторларға және сот медиациясына арналған кабинеттер дайындалғанын атап өтті.
«Біздің облыстағы медиаторлардың жұмысы жақсы нәтижелер беріп келеді. Бұған статистикалық мәліметтер дәлел, 2017 жылы сотқа дейінгі медиация тәртібінде 1429 іс, ал осы жылдың 4 айында шамамен 400 дауды қарау аяқталған. Біз медиацияны дамыту бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыруға ниеттіміз. Сол үшін де азаматтар арасындағы кикілжіңдерді тез әрі тиімді шешуге барлық жағдайды жасауға тырысудамыз», — деді М.Бектұрғанов.
Қазіргі таңда Атырау қалалық соты ғимаратында 4 татуласу кабинеті ашылды. Олардың екеуінде кәсіби медиаторлар, ал қалған екеуінде судья медиаторлар жұмыс жасайды. Сондай-ақ, олардың жұмысын насихаттау мақсатында сотта және қаладағы телеэкрандарда аталған кабинеттердің қызметі туралы қысқа метражды бейнеролик көрсетілуде.
Кездесуде медиаторлар сот корпусына татуластыру рәсімі институтын дамытудағы белсенділіктері үшін алғысын білдірді. Алдағы уақытта кәсіподақ орталығы мен Достық үйі жанында осындай кабинеттердің ашылуы жоспарлануда.
Хорлан Смадияр