«Соңғы үмітім – сіздерде!»
Жасы жетпіске жақындағанда әр жерді паналап жүрген жанның бірі – Нәсіпқали Әбуғалиев. Ол 1948 жылы қалаға таяу жердегі Қайыршақты селолық округіне қарасты, Бесікті ауылында туып-өскен екен.
Жұмысқа қабілеті бар кезде көлік жүргізуші, тракторшы, веттехник болып жұмыс жасаған. Бәйбішесі Мүслимамен он жыл бірге тұрып, екі ұл, екі қызды болған. Кейін әйелі өмірден өткен. Басы жас, әрі бала бағу оңай болмағандықтан екінші қайтара үйленіп, Мүслиманың нағашы әпкесін алады. Бірақ, ол да о дүниелік болып кетеді…
Осыдан үш жыл бұрын жағдайының жоқтығынан облыстық қарттар мен мүгедектер үйіне орналасып, әп-әсем өмір сүріп жатқан Нәкеңді кіші ұлы «өзім бағамын» деп алып кетеді. Осы кезде үкімет үйінің басшысы Қилымқас Күзембаева ағайдың жылы орнын суытпауын есіне салады. Бірақ, бала десе, бауыры езіліп тұратын әке басшы сөзін тыңдамай, ұлының соңынан ілесіп жүре береді. Не керек, әкелі-балалы олар өзара тіл табыса алмай, ақыры қария көшеде қаңғырып қалады. Содан «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қабылдауында болады. Бізбен арадағы әңгімеде: «Зағиппын, бірінші топ мүгедектігім де бар. Мені енді қарттар үйі алмас. Баспана алушылар кезегінде тұрамын. Мүмкін болса, бір бөлмелі пәтер алуыма көмектесіңдер…» — деді.
Әрине, үйсізге үй беру, күйсіздің тұрмысын жақсарту редакцияның құзыретіне жатпайды. Десек те, көзбен көріп отырғанды қағазға түсіріп, көп талқысына ұсынуды, сөйтіп, билік басында жүрген азаматтар құлағына жеткізуді міндетіміз деп санадық. Ендеше, біз ашық күнде айдалада қалған мүгедек Нәсіпқали ағайға қалайша қараса аламыз? Үн қосыңыздар!..
Лиза Шайхашқызы