Сібір жарасынан қауіп қанша?
Бұған дейін мәлімделгеніндей, биылғы қараша айының 20-сында Атырау қаласындағы «Асыл Агро» ЖШС-нің мал базарының қасапханасына әкелінген кезде цехта өлген мүйізді ірі қарадан «сібір жарасы» белгісінің анықталуына байланысты еліміздің «Ветеринария туралы» заң талаптарына сәйкес, аталған шаруашылық нысанының аумағында карантиндік режим енгізілген болатын.
Осыған орай, қауіпті инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынып, жүзеге асырылған санитарлық шаралардың мониторингі шығарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген баспасөз мәслихатында баяндалды.
Облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары, эпизоотиялық шараларды ұйымдастыру бағытында құрылған жұмысшы тобының жетекшісі Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, «сібір жарасы» дерегі тіркелгеннен бергі бір аптаға жуық уақыт ішінде Атырау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары шаһардағы мал сойылып, өнімдері сатылатын үлкен базарлар мен ірілі-ұсақты сауда нүктелерінде жұқпалы да қауіпті кеселдің 700-ден астам сынамасын алған. Нақтылай кетсек, сынамалар ет өнімдері сақталып, сатылатын орындардан (сауда сөрелері мен стеллаждардан), малды сойып, тасымалдағанда қолданылатын құрал-жабдықтардан, арнаулы жұмысшы киімдерінен, сойылған малдың төшкісінен алынған болып шықты. Сондай-ақ осындай сынамалар бес мал базарындағы қасапханалардан, топырақ құрамынан, жем басқа да биоматериалдардан алыныпты. Күні бүгінге барлығы 66 нысанда зерттеу жұмыстары жүргізілген. Оның 44-інде тексеру қорытындылары «теріс» нәтиже көрсеткен, яғни ешқандай ауру белгісі жоқтығы дәлелденген. Қалғандарында жұмыс әлі де жалғасуда.
-Ветеринариялық бақылау жұмыстарының жайына келсек, зақымданған немесе күдікті мүйізді ірі малының өзге өңірлерден тасымалданып, кіргізілуіне тосқауыл қою үшін облыс аумағында төрт полиция ветеринариялық қадағалау бекеті орнатылды. Бұл бекеттерде малдың жұқпалы да қауіпті ауруға қарсы екпеден өткендігі иексеріліп, термометрияны (дене қызуын) қамти отырып, жануардың жағдайы тексеріледі. Осылайша, 20-25 қараша аралығында сойысқа әкелінген малды кіргізуге қажетті құжаттардың толық немесе түгел болмауы себепті, 30 автокөліктің кіруіне тыйым салынды. Сөйтіп, барлығы 838 бас ұсақ мүйіізді қара, 192 ірі мүйізді қара және 16 жылқы малы кері қайтарылды, — деді Жасұлан Орақұлы.
Мәлім болғанындай, дәл осындай карантиндік шектеу шаралары қаладағы барлық мал сою цехтарында қарастырылған. Бұларда да сойысқа түсетін жануарларды қажетті құжаттарсыз тасымалдау мен қасапханаға қабылдауға қатаң тыйым салынып отыр. Ауру ошағы ретінде танылып отырған «Асыл Агро» ШҚ-ның иелігіндегі базар аумағында анықталған инфекцияны түпкілікті жою және қайтадан бас көтеруіне жол бермеу мақсатында жүзеге асырылуы жоспарланған шаралар санитарлық және ветеринарлық талаптарға сай одан әрі жалғасын табуда. Ақтөбе қаласынан арнайы шақырылған мамандар атыраулық әріптестерімен бірлесіп, карантин аймағында қалған малды толықтай вакцинациядан өткізді.
Белгілі болған жайт, өлген үш мүйізді ірі қараның екеуі көршілес Батыс Қазақстан облысынан және біреуі Құрманғазы ауданынан жеткізілген. Сондай-ақ, өлген малмен қарым-қатынаста болған 16 адам тұрақты динамикалық бақылауға алынған. Карантиннің екінші кезеңі екі аптаны, яғни 26 қараша мен 8 желтоқсан аралығын қамтиды.
-Облыстағы эпизоотиялық-эпидемиологиялық ахуал қалыпты, жағдай қатаң бақылауда, алаңдауға еш негіз жоқ. Алға қарай да бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жұртшылықты құлақтандырып, хабардар етіп отыратын боламыз, — деп түйіндеді ойын облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Сурет: qamshy.kz