Шырылдауық шегіртке…
Аtr.kz/15 маусым, 2020 жыл. Жасыл желектің жауы саналатын шегірткеге қарсы күрес шараларының маңызы зор. Осы бағытта қандай жұмыстар жасалды, қарекетіміз нендей?
ӨҢДЕЛЕТІН ЖЕРДІҢ АУМАҒЫ ҚАНША?
Мемлекеттік инс- пекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы мамандарының айтуынша, биыл өңірдегі 5450 гектар алқапта үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Соның ішінде, итальян прусына қарсы 1400 және азиаттық шегірткеге қарсы 4 050 гектар алқап қамтылады. Атап айтқанда, Құрманғазы ауданынан – 1200 га және Исатай ауданынан – 200 гектар жер өңделеді. Тұтастай алғанда, химиялық өңдеу жұмыстары осы аудандарға қарасты бірнеше ауылдық округ пен елді мекеннің аумағында жүргізіледі.
Азиаттық шегірткенің ошағын залалсыздандыру мақсатында Атырау қаласының аумағында – 630, Махамбет ауданында – 100, сондай-ақ Құрманғазы мен Исатай өңірлерінде – 3 120, 200 гектар жерде осындай жұмыстар жүргізіледі. Оған қоса, саяқ шегірткелердің бас көтеруін тоқтатып, тосыннан шабуылдауына тосқауыл қою бағытында облыс бойынша екі мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері зиянкестерге қарсы өңдеуден өткізіледі.
– Жоспарланған шараларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджет есебінен қажетті препараттар (пес- тицидтер) жеткілікті көлемде сатып алынды. Нақтылай кетсек, 84 литр даклоприд пен 71 литр шамасында диурон инсектицидін жауапты мамандар қабылдап алды. Ол сәйкесінше, қала мен аудандарда атқарылатын жұмыстардың ауқымына қарай бөлінді. Жасақталған карта-жоспарға сәйкес, залалсыздандыру жұмыстары бас- талды, — деді облыстық аумақтық инспекцияның өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысыӘбила Қазиева.
Оның баяндауынша, бұған дейін көршілес Ресейдің Астрахан облысының Харабали, Красный Яр, сонымен бірге Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Жанқала, Ақжайық, Бөкей Орда, Ақтөбе өңірінің Ойыл аудандарындағы әріптестерімен тікелей байланыс орнатып, ақпарат алмасқан жергілікті фитосанитар мамандар зерттеу жұмыстарын бірлесіп жүзеге асыруды дәстүрге айналдырған. Мұның өзі, қауіпті ошақтарды дер мезгілінде анықтап, болашақта зиянкес- ке айналар шегіртке дернәсілдерінің өсіп-жетілуіне, бас көтеруіне жол бермеуге септігін тигізді.
УАҚЫТТЫ ТИІМДІ
ПАЙДАЛАНА АЛСАҚ…
Бүгінде облыстық аумақтық инспекция мамандары Атырау облысының Исатай, Құрманғазы аудандарының қырлық аймақтарында өңірдегі әріптестерімен бірге үйірлі шегірткелер санатына кіретін итальяндық прус дернәсілдерінің вегетациялық кезеңіне зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, химиялық өңдеу шараларын жүзеге асыруда. Мамандардың түсіндіруінше, бұл шаралар жылдағыдан өзгеше бас- талды. Өйткені, биылғы көктем кеш келді. Бұл итальян прусы тобына жататын шегірткелердің жұмыртқаны жай жарып шығуына әсер етті.
Әйткенмен, арқаны кеңге салып, асықпай жүруге болмайды. Осы жағын қатаң ескерген мамандар ауаның температурасы күрт көтеріліп, ыстық түсісімен зиянкестерден қорғанудың қамына кірісті. Анықталған шегіртке ошақтарын химиялық өңдеу шараларына былайғы көлік-техникалардан бөлек, ерітінділерді әуеден шашатын бірнеше бүріккіш агрегатты пайдалануда. Мамандар жұмыстың кестеге сай, сапалы әрі тиянақты орындалуын қадағалап отыр. Жоғарыдағы жұмыстарды атқаруға алматылық «Aviasila» және оралдық «Казахсервис» ЖШС-тері тартылған. Олар залалсыздандыру жұмыстарына керекті көмекші құрылғылармен, химиялық препараттармен толықтай қамтамасыз етілген. Енді, бөлінген уақытты текке өткізіп, мүмкіндікті жіберіп алмай, жүктелген міндетті ыждағаттылықпен атқару қалуда. Сонда ғана жасыл желекті жайпап өтер шегірткелер шабуылына тосқауыл қойылары анық.
Ресеймен шектесіп жатқан Құрманғазы ауданында жылдан жылға Қиғаш өзенінің суы тартылып барады. Соның нәтижесінде пайда болатын кішкентай аралдардың көбеюі бұл аймақта азиялық шегірткелер ошағының ұлғайып, қауіптің күшеюіне себепші болуы мүмкін екенін сарапшы-мамандар айтып отыр. Соны алға тарта отырып, «қанатты жаудан» келер қауіптің деңгейін төмендету үшін келешекте бұл шаруаға заманауи космостық құрылғыларды немесе дрондарды пайдаланса артық болмас еді деген ұсыныстарын да айтты.
Дәулетқали АРУЕВ