Жайық тасып кетер ме, жардан асып?

a43683d33b40f413228d54e3c6ed4a2f 12 896x504 1 Жаңалықтар

  Atr.kz/25 қыркүйек, 2019 жыл. Қайран, Жайық! Оның жағалауын кімдер мекен етпеген? Көркіне талайлар тамсанған Қыз Жібек те Жайық жағасында өмірге келген.

Өзеннен өтіп ғашығына Төлеген жеткен. Алаш ардақтылары Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер туған. Соңынан шұбыртып қол ерткен Исатай мен  Махамбет аттарын суарған. Құдіретті Құрманғазы күмбірлетіп күй тартқан. Сол мол сулы арнадан қазір не қалды? Атыраулықтар неге алаңдайды?

ҚАР  СУЫ  ҚОРҒАН БОЛАР  МА?

Орал тауының оңтүстік сілемдерінен басталатын Жайық 80 пайызға қар суымен және жауын-шашынмен толығады екен. Демек, табиғи құбылыстарға толық тәуелді. Ол жоғары тұсында қыраттармен қаттырақ аққанымен, төменгі ағысында қарқыны бәсеңдейді. Демек, биіктегілер судың рахатын көбірек көреді. Олардың өзеннің мүмкіндігін молырақ пайдаланып отырғаны да сондықтан. Рас, трансшекаралық су көздерін бірлесіп қолдану туралы халықаралық келісімдерге сәйкес кейінгі елдің де мүддесін аяқасты етуге болмайды. Жайыққа жоғары тұсында Таналық, Шаған, Шыңғырлау, Ор, Елек, Барбастау, Сүйіндік секілді бірнеше үлкенді-кішілі сағалар қосылады. Өкінішке орай, бүгінде олардың да күйі мүшкіл. Егер бұлардың арнасы тарылып келе жатқандығын ескерсек, онда өзенге қажетті деңгейде суға қалай қол жеткізілмек? Қарлы қысты күтіп қана отырамыз ба? Жайыққа сол ғана қорған бола ма? Әлде адамдар өздері де әрекет ете ме?

Сірә, соңғысы дұрыс шешім шығар. Ал, сонда неден бастау қажет? Қазақстан Үкіметінің 2004 жылғы 21 қаңтардағы №159 қаулысында ерекше мемлекеттік маңызы бар су көздерінің тізбесі бекітілген. Соған сәйкес бұлардағы шаруашылық нысандарының қызмет режимін құқықтық реттеу көзделген. Яғни, тізімдегі өзендердің өн бойы бақылауда болады. Міне, осы құжатта Жайық жоқ. Неге? Не себепті енбей қалған? Нендей талап басшылыққа алынған? Мұндай жағдай жоғарыдағыларға жария шығар, жергілікті тұрғындарға жұмбақ.

Мамандардың пікірінше, қоршаған ортаға қатысты проблемалардың қатарына арнаның лайлануы, өзеннің тайыздалуы мен қайраңдардың пайда болуы жатады. Соңғысы гидрологиялық режимнің бұзылуына соқтырады. Көктемгі тасқында ен далаға жайылған су – құмға сіңген ылғал. Ешкімге пайдасы жоқ. Мүмкін сол маңда азды-көпті шөп өсуіне септігін тигізер. Бірақ, бұл да мардымсыз. Ал, мұндай жағдайдың қалыптасуы – Жайықтың тайыздануының салдары. Тереңдігі төмендеген соң өзен өз арнасымен ақпай, сыртқа жайылады. Ендеше, жүздеген шақырымды қазып шығу мүмкін бе? Мұның себебі – арнаның әбден ластануы. Оған жоғарыдан не тасталмай жатыр? Атырау өзеннің ең төменгі бөлігінде орналасқан. Жазықтағы жай ағыс қоқыстардың одан әрі жиналуына соқтырады. Индерден Каспийге дейін шөл даламен ағатын Жайық теңізге тамшылап қана жетеді. Турасын айту керек, келешекте оған қар суы да қорған бола алмауы ықтимал.

ҚОЙМАЛАР  КӨПТІҢ ҚАЖЕТІ  МЕ,  ӘЛДЕ…

Турасын айту керек, Жайықтың жағдайы төменгі бөлігімен қатар, жоғары жағында да мәз емес. Бұдан біраз жыл бұрын Атырауда екі ел маман дары бас қосқанда ресейліктер бірқатар ащы шындықтың бетін ашқан. Сондағы басты проблема – су қоймаларының көптеп салынуы. Солардың бірі Магнитогорск қаласы тұсында орналасқан. Ол осындағы гидроэлектр стансасын суыту үшін қажет. Яғни, тұтас аймаққа, тіпті іргелес өңірлерге электр энергиясы осы нысаннан таратылып жатыр. Қателеспесек, Қазақстанның да бірер облысын қамтиды. Қалпына келтірілетін энергия көзі болғандықтан, құны да қымбат емес. Демек, тұтынушылар коммуналдық төлемнің қолжетімділігін қолдайды. Әйтсе де, соның салдарынан өзеннің ластанып жатқанына ренішті.

Балық қоры кеміген. Өзен суы азайған. Дегенмен, ең ірі құрылыс ретінде өткен ғасырдың орта шенінде пайдалануға берілген Ириклин су қоймасы аталады. Мамандардың дені осы нысанның салынуын қолдайды. Өйткені, ол Жайық деңгейін көтеруге қызмет етеді. Көктемгі тасқын кезінде осында жиналған мол су қажетті уақытында төменге жіберіледі. Тіпті тұтас жылға бөлгенде бойындағы ылғалдың жартысын өзенге береді. О баста осы мақсатта тұрғызылған. Сол арқылы Жайықтың сарқылып қалмауы көзделген. Рас, ілгергі жылдары Ресей жағының төменге мардымсыз су жіберетіндігі жөнінде жиі айтылып жүрді. Мүмкін кейбір оралымсыздық орын алған шығар? Бірақ, бүгін белгілі

болғанындай, ол жақта да қор шамалы. Қазір Ириклин су қоймасы Жайыққа әрі кеткенде он-ақ пайыз әсер  етеді. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Биыл өр суы өте аз келді. Мамандар бұрын-соңды мұндай жайдың болмағанын айтады. Егер сонау 1967 жылы көктемгі тасқын тым төмен еді десек, бұл жолы содан да кем түсіпті. Жайықтағы жағдай осылай қалыптасып отырғанда Орынбор тұсынан қосылатын мол сулы сала Сакмар бойына Башқұрт елі бөгет тұрғызуды жалғастырып жатыр. Ұзындығы 761 шақырым оған осы облыс көлемінде ғана үлкенді-кішілі бірнеше өзен құйылады екен. Тағы да сәл шегініс жасасақ, сонау жылы Атырауда Ресей және Қазақстан делегациялары бас қосып, өзендегі өршіген мәселені талқылаған-ды. Біздің мамандар жоғары ағыс бойына су қоймаларын тұрғызуға алаңдаушылық танытқан. Сонда көршілеріміз «Бөгет салып жатқан біз емес, Башқұртстан» деген-ді. Таң қалғанбыз. Бұл республика Ресей құрамында емес пе? Ендеше, ықпал ете алмағаны ма? Енді түсінгендейміз. Федеративтік құрылымда оның сапындағы әр республика әрекетін дербес жүргізуге құқылы болғаны ғой. Соңғы уақытта екі ел арасындағы кеңестерге башқұрт жұртының қатыспай жүргені де сондықтан. Бұлай іргесін аулақ салуы – алған бетінен қайтпайтынын білдіргені. Ендеше, олардың жүзін бері бұратын тетік бар ма?

P.S. Енді Жайық жөнінде айта беріп қажеті жоқ. Сөзден іске кірісетін кез келді. Алдымен, оның өзіміздегі мәртебесін анықтау керек. Үкіметтің 2004 жылғы қаулысына өзгеріс енгізілгені жөн. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей, тізімнен алып тастайтындай осы өзеннің не жазығы бар?

Мұнда балықтардың 40 шақты түрі өмір сүреді. Соның ішінде аса бағалы бекіре тұқымдастары мекендейді. Одан әрі, Башқұрт басшылығымен мәмілеге келу – екі елдің ортақ парызы. Әйтпесе, Жайық Каспийге жетпей жолда жоғалуы ықтимал. Жемнің соңы солай болды ғой. Көне әдебиетте арнасынан асқан өзен өткел бермей, ғашығына жете алмаған жігіттің арманды әні айтылады. Сондай молшылық енді болар ма екен?

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз