Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

ШҰБАТ: Бойға қуат, дертке дауа

Atr.kz/21 шілде, 2020 жыл. Түйе сүті емдік қасиеті жағынан аса жоғары бағаланады. Себебі, аталған тағамда май, ақуыз, минералдық заттар өте көп. Оның құрамындағы жеке ком­поненттер өзгермелі болып келеді, яғни, түйенің сауылу кезеңіне, жыл мезгілдеріне, жақсы қоректендірілуіне, түр және тұқымдық ерекшеліктеріне қарай үнемі өзгеріп отырады. Мамандар шұбатта ақуыздың бірнеше түрі, соның ішінде, казеин, альбумин және азоты бар қосылыстар мен аминқышқылдар кездесетінін айтады.

Түйе сүтінің құрамы

Әлемдік медицинада өзіндік орны бар Әбу Әли ибн Сина: «Адам ағзасына пайдалы шөптердің дені құмда өседі» деген екен. Ал, түйе үнемі құмда, сортаң жерде жүргендіктен, тұла бойы тұнған емдік қасиет. Сәйкесінше, шұбатта ми мен жүйке жүйесіне пайдалы қант лак­тозасы, диабет, ісік аллергиясы, бауыр қабынуы мен псориязға қарсы дененің иммунитетін арттыратын антиденелер бар. Түйе сүтінің емдік қасиеті мол болғандықтан, халық емшілері жануар сүтіне шомылдырып, қан- тамыр, жел-құз ауруларын емдеген. Ағзаны жасарту мақсатында ішкен. Шұбаттың құрамында кальций, мыс, темір, магнезий, мырыш секілді микро­элементтер және фосфор мен күкірт бар. Құрамы осындай макро және микро элементтерге бай шұбатты қазақтың халық емінде өкпе, асқазан аурулары, құрқұлақ, мешел ауруларымен қоса, созылмалы түрлі дерттерден әлсіреген ағзаны қайта қалпына келтіру үшін қолданған және ағза уланғанда да емге пайдаланған. Әсіресе, шұбат – өкпе дертінің барлық түріне дауа.

Сусын қалай дайындалады?

Шұбатты бір қорландырып алады да, одан әрі ешқандай ашытқысыз ашы­та береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында шұбатты торсықта немесе ағаш күбіде ашытқан. Ол бір тәулікте өз бабына келеді. Шұбатқа арналған торсықты түйе мойнағынан жасайды. Шұбат ашытқаннан кейін, оны адамға берер алдында шайқап, пісіп, көпіршігін жақсылап араластырып ұсынады. Күбіні аптасына бір рет жақсылап жуып, көлеңкеде кептіреді. Одан кейін киік оты, құмаршықтың түбірі сияқты емдік қасиеті мол шөптермен ыстап барып, сусынды ыдысқа қайтадан құяды. Осылай дайындалған шұбаттың дәмі таңдайдан кетпейтіні рас. Түйе суды аз пайдаланғандықтан, оның сүті майлы болып келеді. Қуаты мен дәрумендік қасиеті қымыздан кем емес.

Емдік қасиеті

Шұбаттың емдік қасиеті құрамындағы сүт қантына, сүт қышқылына, ал­когольге, көмір қышқыл газына, белоктарға, тұздарға, витаминдерге және антибиотиктік заттарға бай­ланысты. Тамақтың құрамындағы белоктардың әдетте асқазан-ішек жолында тамақ қорытылған кезде ғана ыдырайтындығы белгілі. Ал, шұбат құрамындағы белоктардың едәуір бөлігі организмге ыдыраған күйінде түседі. Шұбаттың жеңіл қорытылатындығы да сондықтан. Бұл сусынның асқазан жолының бездерінен мықтап сөл шығаратын қасиеті бар екендігі анықталды. Ол, сондай-ақ, қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің моторлық қызметін жақсартады. Тәбет ашып, қарындағы ауруды басады. Ішектегі тамақтың жақсы қорытылуына көмектеседі. Шұбатпен емдеудің артықшылығы неде? Ол қанның құрамдас бөліктеріне және қанның түзілуіне қолайлы әсер етеді. Қанның қызыл түйіршіктері артады. Бауырдағы алмасу процестері қалпына келеді. Оның нерв жүйесіне ықпалы сүт қышқылының және көмір қышқыл газының әсеріне байла­нысты. Шұбат ішкеннен кейін кісі аздап қызады. Сәлден соң ол жағдай басыла­ды да, адамды ұйқы басады. Бірақ, ол ұйқыдан адам сергек тұрады.

Халық медицинасында қолдану

Түйе сүтін ұдайы пайдаланғанда ішкі мүшелердің қызметін реттеп, адамды семіртеді. Қазақ емшілері оны науқастарды емдеуге қолданады. Жасы ұлғайған қарттарға, ауру салдарынан дене қуаты төмендеген науқастарға бір мезгіл шұбат ішкізеді. Шұбатты ішкен соң адам денесі балбырап терлейді, ұйқысы жақсарады, сергиді, біртіндеп семіреді. Шұбатқа қоса бағлан етімен сорпалану да жақсы әсер етеді. Ел арасында шұбатты қымыран деп те атайды. «Шұбат – ол жаңа сауылған саумал» деушілер де бар. Ал, кейбірі қымыранды шұбаттың ашытылып, бапталған түрі дейді. Дәрігерлердің байқауына қарағанда, үнемі шұбат ішетін, яғни, түйе ұстайтын кісілер туберкулезбен аз ауырады екен.

Қандай ауруларды емдейді?

Аталған сусын дені сау адам­дар асқазанының секрециялық көрсеткіштерін, сондай-ақ, науқас адамдардың да осындай көрсеткіштерін бастапқыға қарағанда арттыратындығын зерттеушілер айтып отыр. Бұл сусын­ды бір рет ішкенде науқас кісілердің қарын сөлінің қышқылдығы қандай болғандығына қарамастан, олардың асқазанының эвакуаторлық қызметі шапшаңдаған болса, баяулайды, ал, баяулаған болса, шапшаңдайды. Мұндай сырқаттар тамақ ішуге бес минут қалғанда 200 миллилитрден, тамақтан кейін 10 минуттан соң 300 миллилитрден күніне үш рет шұбат ішулері керек. Қарын сөлінің қышқылдығы қалыпты болса, ондай адамдарға тамақ ішуге бес немесе үш минут, ал тамақтан соң 30 минут өткенде әлгіндей мөлшерде шұбат беріледі. Егер қарын сөлінің қышқылдығы жоғары болса, тамақ ішуге бір сағат қалғанда немесе тамақ ішкеннен кейін 30 минут өткен соң жоғарыдағыдай мөлшерде қымыз ішуге тиіс. Науқастар күніне барлығы бір жарым-екі литр шұбат ішеді. Сонымен қатар, созылмалы гастрит ауруына шалдыққан кісілердің осы науқастан айығуына жақсы әсер етеді. Қарын сөлінің қышқылдығы төмен кісілер де 15-20 күн ішкеннен кейін құлан-таза айығады.

Созылмалы колитке шалдыққан кісілерге де бірден-бір шипа. Осы аурулардың бәрін аталған сусын­мен аурухана жағдайында да, амбулаториялық жағдайда да ем­деуге болатын көрінеді. Өкпе дертіне шалдыққан кісілерге бактерияға қарсы препараттар мен шұбатты қосып бергенде туберкулезбен улану белгілері кетеді екен. Дене қызуы да қалпына келетіні байқалған. Функ­ционалды бұзылу реттеледі. Қандағы патологиялық өзгерістер жойы­лып, науқас салмақ қоса бастайды. Өкпенің ыдыраған тұсы жабылады. Өкпе туберкулезін шұбатпен ем­деумен айналысқан А.Ахунд бүкіл емделушілердің 85,2 пайызына бұл шипалы сусынның қолайлы әсер еткенін айта келіп, өкпе туберкулезінің барлық формасын, әсіресе, белогы, витаминдері жетіспейтін жағдайда, қаны азайып, жүдегенде емдеуді ұсынады. Бұл шипалы сусын­мен емдеу ерекшелігінің бірі – науқастарды дәрімен емдегенде пай­да болатын кейбір құбылыстар екі жарым есе азаятыны. Авитаминоз сипатындағы құбылыстар жиілігінің бұзылуы да төрт есе азаяды.

Кеңірдекшелердің созылмалы қабынуын, қазақы тілмен айтқанда, желөкпе ауруын күшәлә шұбатымен емдеу жақсы нәтиже береді. Ол үшін екі-үш тал түгі қырылған күшәләні түйе сүті құйылған сабаға салып, әбден пісіп, жылылай орап, түн асырған соң, бір кеседен күніне үш рет ішеді. Осы­лай екі-үш ай жалғастырса, сырқат адам сауығып кетеді. Мұны «күшәлә шұбат» дейді.

«СофМайя» сусыны

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы София Сағындықованың есімі тек Қазақстанға ғана емес, шет жұрттың ғылыми ортасына да жақсы таныс. Ол – қазақтың ұлттық сусынының бірі – шұбаттың құнарлылығын қызылша және анар шы­рынымен байыту жөніндегі ғылыми жаңалық ашқан микробиолог ғалым. Осы салада 58 ғылыми-зерттеу жұмысы бар. Әр ғылыми жаңалығы үшін па­тент алғанын да айтқан жөн. Ұстазы, қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы микробиолог, академик Майя Шығаева София Зұлқарнайқызының микробиология саласындағы ғылыми сүрлеуінің тұсауын кесіп берді.

Ғалымның көп еңбектерінің арасынан отандық ғылым үшін шұбаттың құнарлылығын қызылша шырынымен байыту жөніндегі жобасының маңызы айрықша деуге болады. Шұбатты өздігінен ашытқанда, оның құрамында ауадан, түйе желінінен, ыдыстан түсетін түрлі микроорганизмдер кездесетіні дау тудырмас. Сол микроорганизмдерге сүт қоректік орта болады да, олар тез жетіледі.

Кейбір адамдардың шұбат асқазанға жақпады, не ішегімізді қатырды деуі ішек таяқшаларының әсерінен болып жатады. Демек, шұбат құрамындағы бөгде микроорганизмдер адам ағзасына жақпайды. Шұбаттың тым майлылығы адамның іш қатуына себепші болады. – Ал, мұны болдырмау, яғни, шұбатты тосын микроорганизмдерден тазалау үшін Майя апай екеуміз «СофМайя» деп аталатын шұбат пен қызылша шырынын араластырумен ашытылған сусынды дайындап шығардық. Бұл сусынды дайындау барысында шұбатты қызылша және анар шырынын қосу арқылы ашыттық, — дейді ғалым.

Ол аталған еңбегі үшін 2006 жылы Ислам елдерінің ғылымы мен білімінің, мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне қолдау білдіретін ISESCO халықаралық ұйымының алтын медалін, оған қоса 5000 АҚШ доллары мөлшеріндегі сыйақысын жеңіп алды.

P.S.

Біз шұбаттың емдік қасиетін сөз еттік. Оны түрлі аурулардың алдын-алу үшін де қолдануға болады екен. Үнемі түйе сүтін ішетін кісі әлгіндегідей ауруларға шалдыға қоймайды. Оны ішкен бала ағзасы қалыпты өседі. Жасы келген кісілердің денсаулығы мықты болып, ұзақ жасайды. Өйткені, шұбаттың кейбір маңызды компоненттері, мәселен, белок, май, тағы басқа қоректік заттар сүттен ашытылатын басқа өнімдерге қарағанда мол болатыны анықталған.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button