«ШУАҚ ҚАЛА»
— Тәуелсіз сарапшылар жүргізген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына сүйенсек, бүгінгі таңда республика азаматтарының 80 пайыздан астамы біздің банктің тұрақтылығына сенеді екен. Соның куәсіндей, биыл жылжымайтын мүліктер мен ұзақ мерзімді жинақтарды несиелеу нарығында көшбасшы қаржы институты ретінде танылдық. Ағымдағы жылдың тоғыз айында еліміздегі барлық екінші деңгейлі банк мекемелерінің ішінде біздің банктің тұрғын үй салушы, немесе сатып алушы жеке тұлғаларды несиелендіруге қатысы, яғни үлес салмағы 75 пайызды құрады, — деді жаңа үйлердің салтанатты тапсырылу рәсімінде «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Қуандық Нұрғалиев.
«Sun Town» (қазақшалағанда «Шуақ Қала») ЖШС құрылыс компаниясы тұрғызған жалпы ауданы 3520 шаршы метрді құрайтын, 64 пәтерден тұратын тұрғын үй кешені атыраулықтардың игілігіне айналды. Бір ерекшелігі, екі бөлмелі пәтерлердің көлемі 50 және 60 ш/м-ді құрайды. Пәтерлер түгелдей бірінші кезекте қажетті тұрмыстық жиһаздармен, сплит жүйелерімен, телефон және интернет байланыстарымен қамтамасыз етілген. Кешеннің өзі дербес энергиямен жабдықтау (қажеттілігіне қарай қалалық электр жүйелеріне қосылу мүмкіндігі бар), жылу беру, су және кәріз жүйелерімен жарақтандырылған. Бөлек қоршаумен оқшауланған аумақта көліктерге арналған автотұрақ пен тұрғындар үшін аулаішілік демалыс орны қарастырылған.
— Өзім отбасыммен Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкино селосында тұрамын. Балаларымыз өсіп, өрісіміз кеңейгесін қалада да бір үйіміз болса ғой деп армандайтынбыз. Содан да шығар, бұл жоба мені де қатты қызықтырды. Баспаналы болуды мақсат тұтып, бар жиған-тергенімді осыған салдым. Қалғанына банктен несие алдым. Тиесілі сома жинақталғандықтан қарыз қаражат маған жеңілдетілген пайызбен берілді, оның үстіне қайтару мерзімі қолайлы. Соның арқасында қаланың қақ ортасынан бой көтерген мынадай сәулетті де зәулім үйлердің бірінен екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Қуанышымда шек жоқ. Осындай әлеуметтің игілігіне бағышталған бағдарламаға бастамашы болған Елбасына, оның жүзеге асырылуына мұрындық болған облыс басшылығына банк пен құрылыс компаниясына баспаналы болғандардың атынан алғысымды және жаңа қонысымыз жайлы болғай, деген ізгі ниетімді білдіремін, — дейді Мұғия Қадыралиева.
«Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының сатуды дамыту секторының меңгерушісі Сандуғаш Абдрахманова да тұңғыш рет қолға алынып, сәтті орындалысын тапқан жобаның көптеген клиенттердің қызығушылығын туғызғанын жасырмады. Өйткені, банк ұсынған несиелеудің тиімді шарттарының баспаналы болуға мүдделі барлық салымшылардың ойымен үндескенін жеткізді. Бұл дегеніңіз ең алдымен, төмендетілген пайыздық мөлшерлемелер (3,5-8,5 %). Екіншіден, қарызды қайтару мерзімінің (6-дан 25 жылға дейін) ыңғайлылығы. Келесі кезекте, қарызды ішінара және толықтай қайтару барысында өтеу мерзімінің асып кетуіне байланысты айыппұл санкциясының қолданылмайтындығы, сонымен қатар, үш жыл ішінде тұрғын жай құнының тең жарты сомасын жинақтаған салымшылардың несиені төлем қабілеттілігін растамай-ақ алу мүмкіндігі, т.б. жеңілдіктердің қарастырылуы.
Сайып келгенде, мұның бәрі тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін арттырып, халықтың игілігіне қызмет етуге бағытталған жобалардың жалғасын табуына жол ашары сөзсіз.
Дәулетқали АРУЕВ.