Шуақ шашқан шаңырақ
Кезекші мейірбике асығыс кіріп, бас дәрігерге «Жедел жәрдеммен» екі науқастың жеткізілгендігін айтты. Бірі – жасы елулерді еңсерген ер адам да, екіншісі – отыз бестер шамасындағы келіншек. Еркектің жағдайы өте ауыр. Ауру белгілерін анықтауға кіріскен Меңдеш екеуінің дене қызуы 40 градусқа жеткендігін, ер адамның шабының безі шошып, ісіп кеткенін байқады.
Келіншектің де өңі бозарып, сұлық жатыр, сөйлеуге шамасы әрең келеді. Айтуынша, Шетпе стансасына жақын маңда бір туысы қайтыс болып, соған түйе сойылған екен. Институтта жүргенде ғалым-ұстаздарынан оқып-үйренгенін есіне түсірген Меңдеш «екі науқастың да сырқаты – адамға аса қауіпті жұқпалы ауру обаның белгілеріне жақын» деген тоқтамға келді. Сосын өзі болған жағдайды дереу Маңғыстау аудандық ауруханасына рациямен хабарлады. Ондағылар да абыржып жатыр. «Уақытты босқа өткізуге болмайды. Аурудың шығу ошағын анықтап, шұғыл шарасын алу керек» деген бас дәрігер әріптестеріне дереу тапсырмаларын беріп, науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірісіп кетті.
Кешікпей облыс орталығынан тәжірибелі дәрігерлер де шұғыл жетеді. Олар бас дәрігері Меңдеш Айтжановтың бастапқы қойған диагнозының дұрыс екендігін растайды. Тосын хабарды бір тәуліктің ішінде Алматы, сосын Мәскеу естіп үлгерді. Артынша ауру шыққан ошаққа карантин жарияланып, «бірде-бір адам ауылдан шығарылмасын» деген қатаң тәртіп берілді. Төтенше жағдайға орай Ленинградтан, Саратовтан, Волгоградтан, Астраханнан білікті дәрігерлер, ғалымдар келді. Олар оба ауруының ошағын залалсыздандыру, науқастарды емдеу ісіне бір ай жатып жәрдемдесті. Ауылда 50 кереуеттік госпиталь жасақталды. Жан-жақтан екі жүз мейірбике келіп, үш күннің ішінде бүкіл аудан тұрғындарының обаға қарсы екпе алуы қамтамасыз етілді.
Былтыр ғана Алматы медицина институтының емдеу факультетін бітіріп, адам жаны үшін арашашы болудың алғашқы қадамын бастаған жас маман үшін бұл үлкен сынақ еді. Оба дертінің қаупімен күресудегі кәсіби біліктілігі, табандылығы мен істі ұйымдастырудағы батыл әрекеті үшін учаскелік ауруханасының бас дәрігері Меңдеш Кенжебайұлы КСРО Денсаулық сақтау министрінің арнайы бұйрығымен алтын қалта сағатымен марапатталды…
…Әу баста дәрігер болу оның ойында да болмаған-тұғын. Жаманқала орта мектебінде Алғи Ахмедьяров, Мәндірғали Оразғалиев, Төре Дәулетьяров сынды өзімен бірге оқыған достары шаруашылыққа барып, еңбек етуге бел буды. Меңдеш те жоғары білім алып, тау мен тасты кезіп, жетіқат жер астының тылсым тынысын түсінетін геолог болсам деп армандайтын. «Әуелі бірер жыл еңбек ортасында шыңдалып, достары сияқты өмір соқпақтарын көруім керек» деп шешкен Меңдеш Гурьевте тұратын ағасының ақылымен машина-трактор стансасына барып, тракторшының көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Науқандық жұмыстан қолы босай қалса, мектептегі алған білімін пысықтайды. Өзінің сүйікті пәндері – физика, химия, математика оқулықтарын қайта шолып, есептерін шығарды.
— Меңдеш, екі жыл еңбек етіп, біраз есейдің, енді жоғары білім алудың қамын жасауың керек қой. Қайда барып оқымақшысың? Ойыңды айтшы, — деген Құрманғали ағасының сауалына інісі көп тосыла қойған жоқ.
— Бірге оқыған достарым Төре, Мәндірғалилар Алматыға баруға жинақталып жатыр екен. Мен де сол Алматыға барсам ба деймін. Геолог болуды қалаймын, аға,- деді Меңдеш.
— Ел кезіп, жер кезіп геолог болып қайтесің. Одан да дәрігерлік оқуға бар. Адамдарға өмір сыйлаудың қандай бақыт екендігін сонда білерсің. Инженер-геолог болғанша, адам жанының инженері –дәрігер бол, шырағым.
Құрманғалидың бұл ақылы Меңдешті біраз ойға жетеледі.
Сол жылы ауылдан Алматыға аттанған Меңдеш барлық сынақтарды ойдағыдай тапсырып, Алматы мемлекеттік медицина институтының студенті атанды. Адам жаны үшін арашаға түсіп, ажал тырнағына іліндірмеудің қаншалықты жауапты, әрі қиын да күрделі екендігін ұғынған ауыл баласы институт қабырғасындағы алты жылды текке өткізбеді. Медициналық кітаптарды ақтарды, ауруханалардағы практикалық дәрістерге терең мән берді. Ғылыми еңбектерді жастана жатып оқыды.
…1963 жылы дипломын қолына алған Меңдеш шалғай ауылдарда маман кадрлардың жетіспейтіндігін, қиын учаскеде жүріп, алған білімді тезірек шыңдауға, өздігінен шұғыл шешім қабылдауға болатындығын сезінді. Сөйтіп, Маңғыстау ауданындағы Сенек учаскелік ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалады. Араға бірер ай салып, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарлығына, кейін бас дәрігері лауазымына жоғарылатылды. Шалғайдағы ауруханаларда қызмет етіп, біраз жайтқа қаныққан жас маманды сала басшылығы елімізде өкпе ауруының өршуіне байланысты Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ғылыми-зерттеу туберкулез институтына тәжірибесін жетілдіруге жіберді.
Мәкең аталмыш ғылыми ортада медицина ғылымдарының кандидаты, хирургия бөлімінің меңгерушісі Абдусамет Стамбековтің, республикаға еңбегі сіңген Ленин орденді дәрігер Ғабит Жұмағалиевтың жанында жүріп, өкпе дертіне шалдыққан талай науқастарға ота жасаудың небір қыр-сырын үйренді. Өз тәжірибесін толықтырып, шеберлігін шыңдауға сеп болған институттағылар М.Айтжановқа осында тұрақты жұмысқа қалуға ұсыныс та жасады. Бірақ, Меңдешті «туған жеріме барып, өкпе кеселінің жолын кесуге пайдамды тигізсемші» деген ой көбірек мазалады. Сөйтіп, 1967 жылы Гурьевке оралып, облыстық туберкулез ауруханасы фтизиохирургия бөлімшесінің аға фтизиохирургі болып, денсаулық күзетіндегі қызметін жалғастырды.
— Әлі есімде, бірде қос өкпесі қатты ауырып, төсек тартып жатып қалған Әлия Наурызәлиева деген қыз ауруханаға түсті. Науқасқа шұғыл ота жасау керек болды. Бірер күн дайындадым. Оның жеті қабырғасын сөгіп, өкпесінің үштен бірін алып тастауға тура келді. Әйтеуір, бәрі сәтті шықты. Кейін ол тұрмыс құрып, өмірде ұрпақ сүю бақытына ие болғанын көріп қуанып едім. Алдыңа келген сырқат жанның сауығып, жанұясымен қауышқаны дәрігер үшін қандай абырой десеңізші. Денсаулық сақтау саласына арнаған жарты ғасыр өмірімде мұндай жайттардың талайына кезіккенмін, — дейді Мәкең ағамыз әңгіме арасында өткеннен сыр ағытып.
Өз ісіне тиянақты, Гиппократ антына қашанда адал, кәсіби біліктілігі мен білімін ұдайы жетілдіріп отыруға дағдыланған Меңдеш Айтжанов сүйікті мамандығымен «Жайықмұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасының емханасында, кейін сегіз жылдай Новобогат селолық ауруханасында бас дәрігер, осыншама уақыт аудандық орталық ауруханада дәрігер болып, халқына қалтқысыз қызмет етудің шынайы үлгісін көрсетті.
Адам денсаулығы күзетіндегі еңбегі де елеусіз қалмады. Мәкеңнің өңіріне тағылған «Айбынды еңбегі үшін» медалі мен «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі сол тынымсыз тірлік пен ел алдында сіңірген қажырлы еңбектің жемісі емес пе? Бұдан басқа да мақтау-марапаттары бір басына жетіп артылады.
Зейнет демалысына 1994 жылы шыққан Мәкең үйде қарап отыруды қош көрмеді. Аудандық орталық аурухананың «Жедел жәрдем» бөлімшесінде, өкпе аурулар ауруханасында дәрігер, ал, ауылдан облыс орталығына қоныс аударған соң №3, №7 қалалық емханаларда рентгенолог болып, үйреншікті істі кейінгі толқын жас кадрларға үйретті. Осылайша, сала ардагері 75 жасына дейін ақ халатын тастамай, науқас жандарға да, шәкірттеріне де ақыл-кеңесін берді, сырқаттың дертіне шипа болар дұрыс жолды нұсқады.
Иә, медицина саласы Меңдеш Кенжебайұлы үшін бүкіл ғұмырының мәні болды. Ол өзінің қадірлі қызметінде жүріп, өмірлік жан жары, балаларының аяулы анасы, немере-жиендерінің сүйікті әжесі Дәметкен Мәсәлімқызын тапты. Биыл оған жарты ғасыр. Дәметкен апайдың да мамандығы – дәрігер. Ол Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіріп, Махамбет аудандық туберкулез диспансерінде дәрігер, аурухананың бас дәрігері, кейін Балықшы, Новобогат аудандарында сәбилер денсаулығының сақшысы, учаскелік педиатр, терапевт-дәрігер болып еңбек етті. Ана мен бала денсаулығын сақтап, нығайтудағы адал қызметі үшін Дәметкен апай Республика Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен, әлденеше рет облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс, марапаттарын иеленді.
Дәрігерлер отбасында дүниеге келген тұңғыштары Айгүл – Алматы технологиялық институтын бітірген, инженер-технолог. Қазір жанұясымен Қостанайда тұрады. Екінші қызы Аида – техника ғылымдарының кандидаты. Айтжановтардың күйеу балаларының үлкені Руслан Қостанайдағы «KEGOC» компаниясы филиалын басқарады. Ал, Аиданың жолдасы – Бауыржан Оспанов елімізге белгілі бизнесмен, меценат, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы, Қазақстан бокс және күрес федерацияларының вице-президенті. Бауыржан Кеңесбекұлының күні кеше бүкіл Алаш жұртын көз тіктірген, тамсандырып қол соқтырған Алматының жаңадан тұсауы кесілген әсем спорт ғимаратының төрінде өткен кәсіби бокс кешінің бас демеушісі болғаны елге аян.
Ұлдың үлкені Жәнібек – инженер-мұнайшы. Жұбайы Қарлығаш – экономист. Кенже баласы Әлібек те мұнай-газ саласының инженері. Келіншегі Әсем екеуі ата-анасының қас-қабағына қарап, бір шаңырақтың астында ұрпақтарын өсіріп, қарттарын алақандарына салып аялауда.
Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ғибратты ғұмыр кешкен, алыс-жақындағы құдаларымен сыйласып, бір-біріне деген ілтипат-құрметтерін көрсетіп, ағайындай араласып кетті. Мерейлі отбасының алтын қазынасындай көрінетін Меңдеш аға мен Дәметкен апайды шын мәнінде нағыз бақытты жандар дерсіз.
«Отбасының берекелі тірлігі оның әрбір мүшесінің бір-біріне деген құрметі мен ізетіне, сыйластығы мен өзара түсіністігіне тікелей байланысты» дейді шуақ шашқан шаңырақтың бәйтерегі – Меңдеш аға мен Дәметкен апай.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, сыйластығы жарасқан отбасының алып бәйтерегіне айналған Меңдеш аға мен үш жиырма бесті еңсерген Дәметкен Мәсәлімқызының жұптасып, ғұмыр кешуінің жарты ғасырлық алтын тойларының тұстас келуі де осынау қуанышты сәтті ерекше әрлеп тұрғандай. Бақытты жандар шаңырағынан адамға деген ерекше бауырмалдық пен жылылықты, мейірім мен ізгілікті аңғарасыз. «Әдемі қартаюдың мәні осындай-ақ шығар, тегі» деп те ойға берілесің. Немерелерін иіскеп, мойындарына асылдырып, ұрпағына ұлағатты сөздерін айтып отыратын қос мерейгердің ғибратты ғұмыры – кейінгілерге өнеге.
Бақытжан ЖҰМАТ.