
Шомылу маусымында облыс бойынша бассейндерден 164 су сынамасы зерттелді
Атырау облысында шомылу маусымы кезеңіндегі халықтың санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова мәлім етті.
Спикердің айтуынша, шомылу маусымы басталғалы бері облыс аумағындағы 20 бассейн нысанынан 164 су сынамасы алынып, зертханалық зерттеулер жүргізілген. Нәтижесінде кейбір көрсеткіштердің талапқа сай келмейтіні анықталып, 12 кәсіпкерлік нысанға оларды жою жөнінде ұсынымдар берілді.
– Тұрғындардың денсаулығы – біздің басты назарымызда. Бассейндер мен жағажайлардағы санитариялық ахуал күнделікті бақылауда. Талапқа сай келмейтін жағдайлар анықталған нысандар бойынша тиісті шаралар қабылданып, мониторинг жұмыстары жалғасуда, — деді ол.
Атап айтқанда, Атырау қаласындағы «Palma» аквапаркінде тіркелген улану жағдайына байланысты су сапасына зертханалық сараптамалар жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде кейбір бассейндердегі хлор мөлшері мен өзге де көрсеткіштердің гигиеналық талаптарға сай еместігі анықталды. Қазіргі уақытта қажетті шаралар қолға алынып, нысанның қызметі бақылауға алынған.
– Бұдан бөлек жаз мезгілінде тағам өнімдерінің тез бұзылуы мен жұқпалы аурулардың таралу қаупі артады. Сондықтан санитариялық талаптарды сақтау аса маңызды. Тұрғындарға азық-түлік өнімдерінің сапасына мән беруді, жеке гигиена ережелерін ұстануды, заңсыз сауда орындарынан тағам алмауды ұсынамыз, – деді А.Искакова.
Атырау қаласында биылғы алғашқы жартыжылдықта тағамнан уланудың бір топтық жағдайы тіркеліп, 9 адам медициналық көмекке жүгінді.
Қазірде облыстағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Спикер шомылу және тамақтану маусымында тазалық ережелерін сақтауды ескертіп, қауіпсіз демалыс үшін барлық жағдайдың жасалып жатқанын жеткізді.