ҮШІНШІ КҮШ НЕМЕСЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС

«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының

дағдарған құрылыстарына қозғау сала ала ма?

Биылғы 22 қыркүйекте Алматы қаласында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (ҚТҚЖБ)  жанындағы қоғамдық кеңестің екінші отырысы өтті. Күн тәртібіне шығарылып, талқыланған мәселе – ҚТҚЖБ желісі бойынша «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарының мерзімінен кешіктіріктірілуі. Мәселен, 2014 жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша, еліміздің жеті өңірінде жалпы ауданы 109 мың шаршы метрді құрайтын 1 671 пәтерден тұратын 31 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысына қатысты шикілік шыққан. Банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда, 19 нысанның пайдалануға беру уақыты  бұдан бір жыл бұрын өтіп кетсе, қалған 12 үйдің құрылысы бірнеше айдан бір жылға дейінгі аралықта  кешеуілдетілген. Осыған байланысты, қоғамдық кеңес отырысында туындаған сауалдар да аз болмады. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары мен БАҚ пен әлеуметтік желілерде де бұл жайт назардан тыс қалмай, қызу талқыға түсті.

 

Сайып келгенде, қоғамдық кеңес «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының түйткілдерін шешуде ұтымды тетік бола ала ма? Бұл сұраққа жауап алу үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловты әңгімеге тартқан едік.

 

Тілші: Айбатыр Нышанбайұлы, қоғамдық кеңестің екінші отырысында ҚТҚЖБ желісі бойынша «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үй құрылысының мерзімінде аяқталмай қалуының  себептері талқыланғандығы белгілі. Бұл кездесуге еліміздің әр аймағынан  жергілікті әкімдіктердің өкілдері қатыстырылғанын да білеміз. Тұрғын үй құрылысының бекітілген кестеден ауытқып, кешеуілдетілуі – қашан да дау-дамай тудырып, келеңсіздіктерге ұрындыратын жайт екендігі де түсінікті. Түйіндей келгенде, жергілікті атқарушы билік басындағы азаматтардың қоғамдық кеңестің отырысына қалай келтірдіңіз, дәлірек айтқанда, көндірдіңіз? 

 

А.Жұмағұлов: – Өзіңіз айтып отырған әкімдік-тердің өкілдерін де, ҚТҚЖБ басшылығын да кездесуге шақырған қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітқазы Матаев. Бұдан ешкімнің бас тартуға құқығы жоқ. Сондықтан да, бұл жерде  «біреуді көндірдік» деу артықтау секілді.

Оның үстіне, біздің де, әкімдіктердің де илегені – бір терінің пұшпағы, ел халқын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Әкімдіктер құрылысты қаржыландырады, мердігерлерді таңдайды. Біз болсақ, бүгінгі күнгі ең тиімді талаптармен клиенттерге қаржы береміз. Екі тарапқа да ортақ жұмыс – осы жоба Елбасының жеке бақылауында тұр. Қоғамдық кеңестің шақыруына түсіністікпен қараған әкімдіктерге ризашылығымыз мол. Бұл шешімнің  оңайға түспегенін де жақсы сезінеміз.

Бір жағынан, бұл жергілікті биліктің аса ауқымды шаруа тындырып жатқанын, дегенмен айтарлықтай кемшіліктерге де жол берілгенін көрсетіп берді. Мысалы, Маңғыстау облысындағы «Аққу» ықшамауданын алып қарайық. Салынып жатқан нысандардың сапасы нашар екендігіне көзіміз жетті. Соның салдарынан жергілікті атқарушы құрылым басындағылар  құрылысты тоқтату жөнінде шешім алды немесе соған мәжбүр болды. Бірақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мұндай жағдайда қол қусырып қарап қалмады. Клиенттеріне басқа жаңа құрылыстардан пәтер бергізді. Осылайша, үш жүзден аса адамның мәселесі бірден шешімін тапты.

Қазір елімізде тұрғын үйге деген сұраныстың саны құрылысы аяқталған пәтерлердің санынан бірнеше есеге асып жығылады. Енді салынатын, жоспарлану үстіндегі тұрғын үй көлемі де баспанаға мұқтаж адамдардың бәріне бірдей жете бермейді. Бұл жайт бүгінде ешкімге құпия болмаса керек. Сенаторлар да, Мәжіліс депутаттары да, қала берді Үкімет мүшелері де мұны жақсы біледі және жиі сөз етіп жүр.

Банк жанынан Қоғамдық кеңес құра отырып, біз барлық түйткілдердің ашық айтылатынын ұғындық. Әкімдіктер де бізді қолдады. Өйткені, бұл біздің  тіпті, бүкіл еліміздің мүддесіне сай келеді. Дәл осы себепті де, біз тағы бір маңызды қадам жасадық – қоғамдық кеңестің отырысын онлайн режимінде тікелей көрсеттік. Осылайша, radiotochka.kz сайтында отырыс залынан тікелей эфирді 22 мың қолданушы тамашалаған.

 

Тілші: – Өзіміз де көрдік. Қызылкеңірдек тартыс болды. Қоғамдық кеңес мүшелері сіздерге – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшыларына да, әкімдіктің өкілдеріне де қолайсыз сұрақтарды қабырғадан қойып жатты. Осындай жағдайда, Сіз жергілікті билікпен жақсы серіктестік қарым-қатынасты сақтап қала аламыз деп есептейсіз бе? Олардың тікелей эфирден уәде бергенін естідік. Енді олар сөздерінде тұра ала ма, қалай ойлайсыз?

 

А.Жұмағұлов: – Әрине, алдын ала болжам жасап, кесіп-пішіп айтуға әлі ертерек. Ағымдағы жылдың аяғына дейін қиындық тудырып тұрған   нысандардың құрылысы толығымен аяқталады деп үміттенемін. Біз банк тарапынан құрылыс барысына мониторинг жүргіземіз. Әр айдың басында түсірген фотосуреттерді сайтымызда жариялаймыз.

Осы тұста жергілікті атқарушы  органдармен серіктестік қатынасқа келсек, Елбасының тапсырмасын біз бірлесіп, күш біріктіре, жұдырықтай жұмыла орындауға ниеттіміз. Құрылыс мерзімдерінің кешеуілдеуі бәріне, бүкіл елге белгілі жайт. Бұл туралы баспасөзде ұдайы жазылып, жарияланып та жүр.

Бұрын мұндай мәселелерді әкімдіктердің өздері көтеріп, банктегілер қозғайтын. Бүгінде бұған үшінші күш – жұртшылық келіп қосылды. Бұл – ашықтық пен транспаренттіліктің мүлде өзгеше деңгейі. ҚТҚЖБ желісі бойынша «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасымен пәтер алып, биыл қоныстойын тойлаған қазақстандықтардың санымен өлшенетін болады.

 

Тілші: – Банк пен жергілікті атқару органдары өкілдерінің өзара «әңгімесіне» үшінші күш – жұртшылықтың қосылғанын айтып өттіңіз. Тұрғын үйге мұқтаж қарапайым азаматтар бұдан не күтеді?

 

А.Жұмағұлов: – Өздеріңіз салмақтап көріңіздер. Біз os@hcsbk.kz электронды мекен-жайды аштық. Оған  банк салымшылары сауалдарын жібере алады. Бұл сұрақтар кеңес мүшелеріне тікелей жетеді. Екінші отырыста біз жалпы мәселелерді қарастырсақ, келесі жолы клиенттеріміздің мәселелері күн тәртібіне қойылмақ.

Қоғамдық кеңес мемлекеттік бағдарламаларға және мемлекеттің қолдауына мұқтаж адамдардың құқығын қорғау үшін құрылған. Алғашқы отырыста-ақ, яғни, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына қатысу талаптары туралы сөз еткен кезімізде, Сейітқазы Бейсенғазыұлы (ескерту.- С.Матаев, ҚТҚЖБ жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы) кеңес қызметінің негізгі міндеті салымшылардың мүддесін заңдық деңгейде қорғау екенін айтқан болатын.

 

Тілші: – ҚТҚЖБ-мен бірлесе жұмыс атқарудан қоғамдық кеңес мүшелерінің күтері не? Үшінші отырыстың қарауына қандай мәселені әзірлейсіз?

 

А.Жұмағұлов: – Қоғамдық кеңестің отырысында қандай мәселенің талқыланатынын Банк шешпейді. Бұл – жұртшылық өкілдерінің құзырындағы іс. Біз Сейітқазы Матаевпен бірге бұл жөнінде бір байламға келгенбіз. Қоғамдық кеңеске қандай мәселеге қатысты көбірек сұрақ (соның ішінде электронды пошта арқылы келетіндері де бар) түссе, сол мәселені күн тәртібіне шығарамыз. 

Бірлесіп жұмыс атқарғандағы көздеген басты мақсатымыз – аса маңызды әлеуметтік міндеттерді атқару үшін ашық диалог алаңын құру. Мұның алғышарттары қазірдің өзінде жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Өйткені,  қоғамдық кеңестің құрамындағылардың барлығы дерлік белсенді азаматтық ұстанымдағы адамдар.

Өзімізге қатысты алып-қосарымыз, Банк бұдан кейінгі келесі отырыста аяқталғалы отырған жылдың алдын ала шығарылған қорытындылары туралы есеп береді. Оған дайындық жұмыстары осы бастан қолға алынуда. Клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою үшін және Елбасының тапсырмасына байланысты комиссиялық алымдарды азайту үшін жасаған амалдарымыз бен қадамдарымыздың бәрін сонда жіпке тізгендей етіп көрсетпекпіз.

 

Мира КАРИМОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз