«Біз араб емеспіз…»

izobrazhenie 2022 01 16 041211 Жаңалықтар

Ойлап қарасақ, спортшылар түрлі формаларын негізінен жаттығу кездерінде ғана киеді. Көшеде онымен жүрулері көзге оғаш көрінеді, артистер кажетінше сахнада, дəрігерлер ақ халатын жұмыс орындарында киеді. Оқушыларымыз да, мектеп формаларын тек мектеп үшін киіп барады да, келгесін үйге, көшеге басқаша киінеді. Сондықтан, оранушылар өзі ұстанатын діни ағымның талабын, өзі құлшылық жасайтын орындарда, залында, не үйінде ғана сақтасын, ал өз сенімін, жоғарыда айтылғандай, көшеге тарату қате дeп табылуы керек.

Бұл мəселені мен баспасөзде («Егемен Қазақстан»), түрлі ресми жиындарда айтып та, жазып та жүрмін. Құзырлы орган өкілдері олардың киінуіне тыйым сала алмайтын көрінеді. Сондықтан, қажет болса (өте қажет болып та тұр), сондай киіммен көшеге шығу өзгелерді қатарына тарту үшін үгіттеу деп табылатын заң шығарылса деймін. Əзірге бұл туралы заңдылықтарымыз солқылдақтау. Дін туралы заң бойынша тек «ешкім өз діни нанымдары бойынша ҚР Конституциясы мен Заңдарын орындаудан бас тартуға құқы жоқ» деп қана жазылған. Өкінішке қарай, тұмшаланып алған қаракөздеріміздің арасында мектеп оқушылары аз емес. Олар ата-аналарының ықпалымен «мектеп қабырғасында да жамылып, тұмшаланып жүруіме ешкім тыйым сала алмайды» деген пікірде. Əңгіме, əрине, басына байланған жай қиық орамал (косынка) туралы болып отырған жоқ. Шатастырмаған абзал.

Білім жəне ғылым министрі (14.01.2016 жылғы №26 бұйрық) оқушылардың киім үлгісінің талаптарын бекіткен, ал 2007 жылғы Білім туралы заңда оқушылар «Белгіленген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға», «киім формасын сақтауға міндетті» деп көрсетілген. Бұл заң орындалуы керек. Теріс діни ағымдағы жастардың марқұмдарға қойылған белгілерді бүлдіретін жағдайлары кездеседі. Олар кезінде Таскранда (Исатай ауданында) жатқан бір белгілі адамның ескерткішін қиратты. Махамбетте, Атырау қаласында мола бұзу фактілері орын алды. Ішкі істер орындары оларды тез арада тауып ұстады. Бүлікшілер ішінде студент те бар деген ақпарат айтылды. Көзі ашық, болашақ маман болады деп үміттеніп жүрген ұрпақтың өзі соқыр сенімге еріп кеткенде басқаларымыз қандай тіршілік жасамақпыз?

Біз араб емеспіз, діни мемлекет те емеспіз, оны ешқашан естен шығармайық. «Имандылық» деген иманжүзді, адамгершілігі жоғары дегенді білдіретін ұғым ретінде қалыптасып келеді деп ойлаймын. Сондықтан «имандылық» пен бақилықтардың «иманды болуы» деген, меніңше, нақты өмірде екі бөлек түсінік.

Жақында бір туысымызды ақтық сапарға шығаруға жиналған жамағатқа сол шараның «молдасы» намазға тұрған адамдардың артына қарай шығып, биіктеу жерден намазға тұрмағандарға ашу шақырып, дауыс көтеріп ұрысты. Дəл цитата келтіре алмаспын, тұспалдап айтқанда мазмұнын мынадан анық көруге болады. Ол молдасымақ «намазға неге тұрмайсындар?», «неге келдіңдер?», «неден қорқасыңдар?», «мына адам басын көтеретін болса, сендерді намазға тұруға өзі-ақ шақырар еді» деп көпшілікке ақырып, біраз жерге апарды. Жұрт аң-таң. Сол жердегі егделеуі мен болғандықтан шыдай алмай: – Айқайламаңыз, неге дауыс көтересіз көпшілікке, жұрт өзі біледі намазға тұра ма, тұрмай ма? Зорлап тұрғызуға болмайды, – деп едім, өзге жамағат та «соны айтам-ау, неге айқайлайды?», «мұнысы несі?!» деген пікірлерін қосып жатты. «Өзі тіркеуде бар молда ма, əлде самозванец па» деген пікір де айтылды. «Бəленшенің баласы ғой» деп танитындар айтып жатыр. Əйтеуір, жамағат өзара шуылдасып кетті.

Мен өзім аса сыйлайтын теолог, ғалым, кезінде Иманғали мешітінің бас имамы болған Батыржан Мансұр ұлына хабарласқанмын. Ол əлгі «молдасымақтың» бұрын да осындай өрескел əрекеттері үшін ескерту алғанын айтты. Осындай жап-жас молдасымақтар қаралы жиынды пайдаланып, көпшілікке үгіт жүргізіп, басынып сөйлеп бастағаны ма? «Имандылық» деген терең ұғымды жете түсінбейтін кісі молдалық құрғаны қаншалықты дұрыс?

Қатимолла РИЗУАНОВ,

мемлекеттік қызмет ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз