Шенеунік тұрғындарды Скайп арқылы қабылдады
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова шалғай елді мекен тұрғындарымен скайп арқылы байланысқа шықты.
Алдымен Индер ауданындағы Есбол селосының тұрғыны Әлия Дүйсенғалиева туысы Ардақ Өтепқалиеваның мүгедектікті рәсімдеуіне көмек сұрайды. Туысы осыдан төрт жыл бұрын басынан жарақат алған. Алайда, оны дәрігерлер қабылдамай қойған.
Бұл мәселені оң шешу үшін Индер аудандық ауруханасының бас дәрігеріне тапсырма берілді. Енді арнайы жолдамамен облыстық ауруханаға жіберіледі. Мүгедектік санатының рәсімделуіне кешенді іс-шаралар жасақталады.
Есбол селосының тұрғыны Махамбет Ізбасаровтың зайыбы қайтыс болған. Үш баласы бар. Жұмысқа орналасуға көмек сұрайды. Жалғызбасты әкенің отбасылық жағдайы ескерілді. Балалары «Алатау» шипажайына жіберіледі. Ал, өзіне денсаулық сақтау нысандарының бірінен жұмыс орны іздестірілетін болды.
Абай Ақмұрзиев