Жарнама
Жаңалықтар

Шекаралық аумақтар шетте қалмайды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев Атырау өңіріне жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыстық ардагерлер кеңесі және Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен кездесті.
Кездесуді ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов депутаттардың жергілікті жұрттың көкейіндегі түйткілдерді заңнамалық деңгейде қозғап жүргенін атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған сенатор Әлібек Нәутиев биыл қабылданған заңдарға енгізілген бірқатар маңызды өзгерістерге тоқталды. Әсіресе салық жүйесі, соның ішінде қосымша құн салығына қатысты жаңа ережелерді түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, жуырда қабылданған Су кодексі еліміздің су ресурстарын басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыратынын айтты. Рақымшылық туралы заңды сөз ете келіп, Конституцияның 30 жылдығына орай кейбір сотталған азаматтарға рақымшылық жасалуы мүмкін екенін де қаперге берді.

whatsapp image 2025 07 09 at 16.31.191

Халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты да бірқатар мәселелер қозғалды. Сенатор тұрғын үй саясатына қатысты өзгерістерден хабардар етіп, бұл салада оң шешімдер жүзеге асатынын жеткізді. Сонымен қатар өзі Үкіметке жолдаған депутаттық сауалдар қатарында әлеуметтік нысандарға қосымша қаражат бөлу, жүн өңдеу кәсібін дамыту, облыс жолдарының сапалы салынуы, шекаралық аймақтардағы инфрақұрылым проблемалары секілді маңызды ұсыныстар бар екенін баяндады.
Жол мәселесі – өңір халқы үшін ең өзекті тақырыптардың бірі. Халық қалаулысының мәліметінше, Құлсары–Мұқыр бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың 34 шақырымына жөндеу жұмыстары басталған. Қалған бөлігіне қаражат бөлініп, келесі айда жұмыстар жалғасады екен. Атырау–Орал тас жолына қосымша қаржы қарастырылып, күрделі жөндеу де келесі айда қолға алынбақ. Азғыр бағытындағы жолдың 36 шақырымына қаражат бөлініп, 7-разъезден бастап асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 180 шақырымға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Сондай-ақ сенатор Азғыр өңіріндегі электр энергиясы мәселесін де қозғап, шекаралық аумақтарға қызметке келген мамандарға арнайы әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру қажеттігін де алға тартты.
Құрманғазы ауданындағы түп тереңдету жұмыстары да депутаттың назарында. Қазіргі таңда өзен арнасының тарылуына байланысты балық таситын кеме түгілі, қарапайым қайықтың өзі жүре алмайтын жағдай қалыптасқан. Бұл бағытта облыс әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.
Депутат өңірдегі киік мәселесін де айналып өткен жоқ. Әсіресе Азғыр, Қошалақ, Сүйіндік, Жалғызапан өңірлерінде киіктің шамадан тыс көбеюі және олардың үстін кененің басып кетуі алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған орай, киік санын реттеу мәселесін Үкімет деңгейінде көтергенін жеткізді.
Жиын барысында ардагерлер азық-түлік бағасының өсуі, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, тас жол құрылыстарының ұзаққа созылуы, шетелден әкелінген көліктерге мемлекеттік нөмір алу қиындықтары, кәсіподақ қызметін жандандыру, ауаның ластануы сынды бірқатар көкейкесті мәселелерді ортаға салды.
Сенатор Ә.Ибатоллаұлы бұл ұсыныстар мен өтініштердің ешқайсысы елеусіз қалмайтынын, әрқайсысы бойынша тиісті органдармен жұмыс жүргізілетінін айтты.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button