Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Шәміл деген найзағай

Atr.kz/14 қараша, 2019 жыл. Жуырда Құлсары қаласындағы Жастар үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, атақты күйші-композитор Шәміл Әбілтаймен аудан жастарының кездесуі өтті.

Шәміл шырайлы шығармаларын орындады. Мәселен, «Күй – ата», «Аңсау», «Жігер», Құрманғазының «Аман бол шешем, аман бол», «Тоқай – тағдыр», «Қойшығұл», «Күйші жігіт құмарым», «Жер дөңгелек екен», Құрманғазының «Адай», «Әйтеке би батасы» және басқа әсем ән, әдемі күйлерді орындауы көңілден шықты.

«Шыңырау Шәміл» атты бұл кешті Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау бөлімшесінің директоры Қ.Жылқышиев жүргізіп отырды және Шәмілге арналған өлеңдерін оқыды. Бұл кешке біз де қатыстық. Өйткені, 2003 жылдың басы, жаңа жылдың енді-енді басталған кезі.

Мәжит Сағиев досым телефон шалып: – Шәміл Әбілтай деген әнші келіп жатыр, бір болайық, Досмұқанның (құдасы) үйінде, — деді. Бардық, таныстық, дәмдес болдық, сырластық. Сосын ауданның қадірменді ақсақалының бірі Қапес Ыбыраев аға бастап, бәріміз Бақашы қорымына бет алдық. Ол Құлсарыдан шығысқа қарай 20 шақырымдай ғана жерде. Жер қара, күн ақ мұнар.

Менің облыстық онкологиялық ауруханада сегіз ай жатып, 8 сағат наркоздың астында ота жасалып және ауруханада қайта емделіп шыққаным жуырда ғана, яғни, желтоқсан айының ортасы болатын-ды. Салқын тигізіп алмасам жарар еді деген қаупім де жоқ емес. Бірақ, шыдадым. Содан Бақашы қорымында, Әжібай би мен Арал батыр бейіті басында тұрып құран оқылды. Сосын әнге кезек берілді.

Сал-серілердің жалғасындай көрінер Шәміл қар бөккен, ақ мұнар аязды далада әнді салды дерсің. Бірінен соң бірін – 3-4 әнді асқақтата салған Шәмілдің нұрлы жүзі бусанып, гүл-гүл жайнап қоя берді. Ал, мынау біздің тарапымыздан сол кезде жазылған өлең болатын. Содан бері дәптерге түскен бұл өлең еш жерде жарияланбастан жатқан болатын.

Осы өлеңді Шәмілдің кешінде оқып бердім.

Әнің кетті аралап бар әлемнің аспанын,

Мен атыңды даралап арнау жырды бастадым.

Сұңқар едің сен ұшқан ақ Нарыннан алысқа,

Басындағы дара бақ – әнде өрілген асқақ үн.

Ақ Нарынның құмынан ән-күйіңе нәр алдың,

Бар әлемге сен өзің – ән боп, күй боп таралдың.

Аталардың рухын тірілттің-ау талай бір,

Көріп айттың өнермен мұхиттың да аржағын.

Бекет атаң алдыңнан ата берді таң болып,

Көңіліңді тербеді «Күй атаң» да ән болып.

Барып қайттың кездесіп Төлеевтің еліне,

Тәңірің мен Пір атаң Бекет және жар болып.

Шындық үшін шырқырап плагиатпен тірестің,

Мәнін ұқтың осылай айқас пенен күрестің.

Пенделерді желіккен су сепкендей бастың да,

Жеңіс туын қолға алып ұлы көшке ілестің.

Абыройын Төлебаев Мұқанның сен сақтадың мәңгілік,

Атты солай алдыңнан алтын арай таң күліп.

Қарсы тұрдың қасқайып арландардың алдында,

Көрсеттің де солайын нағыз қазақ – нар қылық.

Атың солай жан інім, кетті әлемге таралып,

Наркескендер бас кеспес – танытатын даналық.

Ірі турап ірі елдің жігітіндей танылдың,

Қасиетін көрсеттің жан бабаңның далалық.

Өрісті өнер қашан да биік-биік самғайды,

Өресі тар пенделер пақыр болып зарлайды.

Біреуге жан болғанмен, біреулерге мал қайғы,

Сенің ісің әрдайым ақиқаттан танбайды.

Тыңдармандар тамсанып, ән-күйіңе разы,

Айбатыңнан сескеніп жабылардың біразы.

Кейін, кейін шегінді, Алла куә бәріне,

Әкеп берді қайтадан атағын да сразы.

Өнген ұрпақ сен едің Малайсары бабадан,

ешендігі жұққан-ау билігі де аламан.

Қабырғалы қалың ел ұлы Адайдың жиені,

Ал, әріде жан бабаң өрген екен Танадан.

Қос алыптың қанынан жаратылған сен едің,

Ісің оңға бассын да, ардақты інім-кемелім.

Ән-күйіңе тәнті боп, ниетіңнен айналдым,

Көрейін деп армандап жүрген ағаң мен едім.

Ризамын, Шәмілім, өнеріңмен өрлей бер,

Ата-баба рухын ән-күйіңде зерлей бер.

Ұлы еліңнің даласын, дарасың да данасың,

Күмбір күймен тербей көр.

Қонаш ҚАЛДЫОРАЗҰЛЫ,

ардагер журналист,

Жылыой ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button