Бедеулікті балшықпен емдейтін дәрігер

Жасанды бала Жаңалықтар

Елуге жуық баланың дүниеге келуіне себепкер болған

Алыстағы ауылда жекеменшік медицинаны дамытуды алғаш болып қолға алғандардың бірі – Оңай Арыстанова. Ол Атырау облысының Индер ауданында 2010 жылы жеке гинекологиялық кабинет ашты. Тәжірибелі дәрігер мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, ісін бастады. Ол кезде аудандық аурухананың өзінде ультрадыбыстық зерттеу жүргізетін аппарат жоқ еді. Оңтүстіккореялық заманауи жабдық бұрын ауыра қалса, облыс орталығына барып, мехнатқа түсетін жерлестерін жол азабынан құтқарды. Аудандық аурухана жанынан жалға алған бір бөлмесі кейін үш бөлмеге дейін кеңейді. Ал, жақында Индер кентінде жаңа да жайлы ғимаратқа көшіп, жеке медициналық орталығын ашты. Осылайша, о баста таңдаған дәрігерлік мамандығын кәсіпкерлікпен біріктірді.

Жасанды-бала

Бүгінде Оңай Арыстанованың аты тек ауылдастарына ғана емес, көршілес облыстарға, тіпті, ресейліктерге де таныс. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің Самара өңірінен ат арытып, дертіне дауа іздеп келетіндер қатары көп. «Жеке кабинетімді ашқалы 50-ге жуық ананың бала сүйгеніне куә болдым, – дейді дәрігер. – Бұрын тар жерде кешенді ем жүргізуге толық мүмкіндігім бола бермейтін. Енді жаңа ғимаратта емделушілерге керекті барлық жағдайды жасаймыз. Орталық ашылғалы күніне 25-30 адам қабылдауға келеді».

Гинеколог-дәрігерді соңғы жылдары әйелдер арасында түрлі аурулардың көбейіп кеткені алаңдатады. Үнемі ізденіп, жаңа аппараттармен жұмыс істеуді үйренуді де назарынан тыс қалдырмайды. Сондай-ақ, дәстүрлі медицинамен қатар, Индердегі Тұздыкөлдің балшығын да қызметінде пайдаланады екен.

Ол Тұздыкөлдің балшығынан жасалған тампон әйелдердің түрлі қабыну ауруларын емдеуде жақсы нәтиже беретініне өз тәжірибесінде көз жеткізген. Әсіресе, жаз мезгілінде мүмкіндікті қапы жібермей, осы балшықты көп қолданады екен.

Тағы бір жаңалығы – түрлі аурулардың алдын алатын сүлікпен емдеуді бастапты. Дәрігер бала көтере алмай жүрген аналарға сүлік те жақсы көмектесетінін айтады.

– Аудандағы бала туу жасындағы әйелдердің 30 пайызы бедеулікке шалдыққан. Әйелдер арасында қатерлі ісік көп.  Менің мақсатым да, арманым да біреу, ол – бір перзентке зар болған жандардың сәби құшақтағанына куә болу. Жұмысыңнан нәтиже көрсең, көңілің өседі. Талпынасың, адамдарға тағы да жақсылық жасағың келіп тұрады. Бұл ретте мемлекеттің қолдауын да айта кетуім керек. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы несие алып, кәсібімді кеңейттім. Едәуір көмек болды. Шын ынтаң болса, жаңа іс бастаудан, несиеден қорықпау керек, – дейді Оңай Арыстанова.

Қазір оның жеке емдеу орталығында екі қызметкер бар. Аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тағы екі медицина маманына тапсырыс берген.

«Ал, облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауылдағы бизнес иелерінің қандай проблемалары бар?» деген сауалымызға кәсіпкер-дәрігер қағазбастылықты алдымен айтты. Құжаттарды жасақтауда кәсіпкерлерге әлі де көп көмек керек екен. Бір құжатты дайындау үшін он-он бес күн жүрген кездері де болыпты.

Алдағы ақпан айында орталығы қазіргі заманғы медициналық қондырғылармен толығады екен. Ал, өзі ем-домның жаңа тәсілдерін меңгеру үстінде. Адамның плазмасын қайтадан өзіне құйып, емдегенде жақсы нәтиже болатыны жайлы естіп-білгесін, сол әдіске қызығушылық танытып, оқып та алыпты. Керек құралдары келгесін, емнің осы түрін де енгізуді жоспарлап отыр.

Жоспар демекші, дәрігер Оңай Арыстанованың алға қойып отырған міндеттерімен де таныс болдық. «Ақылы түрде қаралғасын, бәрі де емделушінің көңілінен шығатындай болуы керек. Тек медициналық емес, психологиялық та көмек көрсеткім келеді»  дейді ол.

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз