Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

ШАБЫНДЫҚҚА ШАЛҒЫ ТҮСЕР ШАҚ: ораққа ілінер шөп тапшы болып тұр

Atr.kz/16 шілде, 2019 жыл. Қысқы мал азығын дайындау – ауыл шаруашылығындағы жауапты науқанның бірі. Әдетте ол жаздың ортасынан ауа басталады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпараттарға қарағанда, алдағы қысқа қажетті ірі сабақты мал азығының қоры 555 964 тоннаны құрайды. Оның 539 192 тоннасы жеке сектор мен шаруа қожалықтарының үлесінде болса, 16 772 тоннасы серіктестіктер мен өндірістік кооперативтердің еншісінде екен. Табиғи су көздерінің тапшылығы шабындық алқаптардағы шөптің шығымына кері әсерін тигізуде.

Осындай жағдай өзгелерінен гөрі шөбі шүйгіндеу, Қызылқоға мен Құрманғазы өңірлерінде де орын алуда. Аталған аудандардың аумағындағы Ойыл мен Қиғаш өзендерінің суының тасымай, жайылмаларға судың шықпай қалуы елеулі қиындық келтіріп отыр. Оған қоса, күннің аптап ыстығы мен құрғақшылықтың салдарынан дала өрттерінің туындау қаупі де жоқ емес.

Мұны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Таңатар Мусин де жасырмады. Оның айтуынша, жыл сайын малдың санына қарай дайындалатын мал азығының көлемі жоспарланғанымен, толық орындала бермейді. Көлтабанды алқаптар мен қырлыққа су шықпай бір қинаса, барының өзі қажеттілікті
өтеуге жетпейді. Сондықтан, шөпті көршілес облыстардан қымбатқа сатып алуға тура келеді.

Қуатты техникасы бар шаруа қожалықтары сол өңірлердегі шаруашылықтармен келісіп, пішен дайындауға, сонан соң оны ауылға әкеліп, көтеріңкі бәсіне сатуға дағдыланыпты. Нәтижесінде, қыстық мал азығын қыруар шығынға батып, жинап алуға мәжбүр болады. Ауылдағы мал ұстаған ағайынның көпшілігі осыған бой үйреткен.

Міне, тағы да шабындықта шалғы сырылы естілер шақ туды. Алайда, ораққа ілігер шөп тапшы болып тұр. Әрине, әркімнің келер қыстан малын тарықтырмай шығару үшін қамсыз отырмасы кәміл. Дегенмен, дер мезгілінде қимылдамаса қапыда қалуы ықтимал. Ал, мамандар болса, енді көп кешікпей шаруалардың шабындыққа жаппай кірісетіндігін айтады.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button