Шаңырақтың берекесі – елдің мерекесі
«Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды
«Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Өнегелі құндылықтарды санаға сіңіру, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Биылғы шара аймақтық деңгейде жоғары дәрежеде өтті. Аудандық, қалалық байқауға қатысқан сексен жеті шаңырақтың ішінен он төрт әулет өнегелі, үлгілі шаңырақ атанып, облыстық кезеңде сынға түсті.
Өткен аптада Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, мерейі тасып, шаттығы шалқыған шаңыраққа мәртебелі марапаттарды табыстады.
Аймақ басшысы, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрқашан отбасылық мәселелерге бірінші кезекте көңіл бөліп отырғандығына тоқталды. Сол себепті Елбасының Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып жарияланды.
— Қазіргі таңда өнегелі құндылықтарды көрсететін жалпыұлттық байқаудың аймақтық кезеңі барлық өңірде өтіп жатыр. Өскелең ұрпақтың лайықты білім мен тәрбие алуына мемлекет тарапынан жағдай жасалынып келеді. Облысымызда да осы бағытта көптеген іс-шаралар жүзеге асуда. Атадан балаға, баладан немереге жалғасқан өнегенің арқасында ұрпақтар сабақтастығы қалыптасуда. Әрбір шаңырақтағы береке – түптеп келгенде, тұтас елдің берекесі. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сынды асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды.
Өткізіліп отырған шараның тәрбиелік мәні зор. Ел болғасын кейбір келеңсіз жағдайлар да болады. Өкінішке қарай, күні кеше отбасын құрған жастарымыздың ертесіне ажырасып жататынын да жиі естиміз. Оған қатысты айтылар себептері де бар. Дегенмен, ертеде ата-бабамыз жас отбасыларға кешіріммен қарап, оларға ақыл айтып отырған дәстүрін бүгінгі күні де қолдансақ, мұндай келеңсіздік орын алмас еді. Өйткені, береке-бірлігі мығым отбасыдан, өнегеге толы ортадан тәлім алған жас ешқашан жат қылық көрсетпейді, — деді Нұрлан Асқарұлы.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аймақтық кезеңіне Атырау қаласынан және жеті ауданнан жеңімпаз отбасы мүшелері қатысып, жанұялық жетістіктері мен үлгілі еңбектерін көрсетті. Байқауда бағы жанған әулеттер төмендегідей марапаттарға ие болды.
Байқауда жүлделі I орын атыраулық Қаршегеновтер мен индерлік Еңсеповтер отбасына бұйырды. Сондай-ақ, бұл отбасыларға Қостанай қаласындағы «Сосновый бор» атты шипажайға жолдама берілді.
Төлеуғали Қаршегенов отбасы – жұбайы Жұмабике Өтеғалиевамен бес ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі шаңырақ. Қазіргі уақытта немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты жанұя. Төлеуғали Иманғожаұлы киномеханик мамандығын алып, бірнеше жыл кино саласында табысты еңбек еткен. Балаларының бәрі де жоғары білімді. Түрлі салада басшылық қызметтер атқаруда.
Үлкен ұлы Оразғали Қаршегенов – «Атырау Жарық» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы. Өткен жылы Атырау қаласының «Жыл адамы» атанды. Атырау облыстық мәслихатының депутаты, 2014 жылы Венгрия елінің консулы болды.
Екінші ұлы Құрманғали Қаршегенов мұнай-газ саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келеді. Қызы Алма Біржан Төлеуғалиқызы – Алматы қаласындағы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында оператор. Білім Қаршыға Төлеуғалиұлы жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Нұрлыбек Төлеуғалиұлы – Атырау қалалық ішкі істер басқармасында арнайы қабылдау орнының басшысы. Жеміс Төлеуғалиқызы – ұзақ жылдар жеке кәсіпкерлікпен айналысып, еңбегінің нәсібін көріп отырған бақытты отанасы. Алтынбек Төлеуғалиұлы – Степногорск қаласындағы «Степногорск Жарық» АҚ мекемесінің төрағасы.
Бақыт Еңсепов отбасы жұртшылыққа мұғалімдер әулеті ретінде жақсы таныс.
Жұбайы Ақбал Жұмашева екеуі – жеті бала тәрбиелеп өсірген құрметті жандар. Бақыт Еңсепов алғашқы еңбек жолын Қарабаудағы бастауыш мектепте бастаған. Кейінгі жылдары Индер ауданындағы Елтай, Бөдене орта мектептерінде ұстаздық еткен. 1954-1955 оқу жылынан бастап Құрылыс жеті жылдық мектебінде өз мамандығы бойынша химия, биология, география пәндерінен дәріс берді. Мектептің бастауыш болып қысқаруына байланысты 1957-1958 оқу жылынан Елтай орта мектебіне жұмысқа ауысқан. 1959 жылдың ақпан айынан бастап оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалды. Содан 26 жыл бойы Елтай орта мектебінде бірнеше жыл оқу ісінің меңгерушісі, 1965-1966 оқу жылында мектеп директоры, 1981-1983 жылдары екі жыл интернат меңгерушісі болып жұмыс жасады.
«Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған, тыл ардагері.
Жүлделі II орынды Жылыой ауданынан Сүйесіновтер, қызылқоғалық Аққайнановтар отбасы иеленді.
Ізімғали Сүйесінов отбасының ұл-қыздары – ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген елдің қалаулы азаматтары. Отасқандарына 44 жыл толғанда жұбайы Меруерт Жарылғасова қайтыс болды. Сонда да ағамыз қайғыға мойымай ұрпағымен бірге жасап келеді. Ал, бала-немерелері де ана-әженің жоқтығын білдіртпеуде. Ізімғали Сүйесінов ерте жасынан еңбекке араласқан. Он бес жасында «Қызыл Ту», «Правда» колхоздарында механизатор болып қызмет етіпті. Кейін ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметтерге көтерілген.
Тұңғышы Райхан Ізімғалиқызы – «Рипгаз» мекемесінің бас есепшісі. Ұлдары – Қазбек пен Мейрамбек «Теңізшевройл» ЖШС-де бөлім басшысы, бас инженер лауазымдарын абыроймен атқаруда.
Гүлжазира Сүйесінова – техника ғылымдарының кандидаты, жасынан зерек, білімге құштар болып өскен. Кенжесі Болатбек Сүйесінов алдындағы ағаларының жолын қуып мұнайшы-инженер ретінде шетелдік мамандармен қоян-қолтық қызмет етуде. Бүгінде Ізімғали ағаның немере-жиендері – шетелдегі белгілі оқу орындарының шәкірттері. Атап айтқанда, жиені Мұнара Телманқызы Лондондағы оқу орнының 4 курсында оқиды.
Өтеген Аққайнановтар әулеті – көпшілікке дәрігерлер отбасы ретінде жақсы таныс. Ұзақ жылдар Қызылқоға аудандық орталық ауруханасында құлақ, мұрын, тамақ дәрігері болған. Отыз жыл бойына халықтың саулығын жақсартуда аянбай тер төгіп келеді. Жұбайы да қырық жылға жуық уақыт аталмыш ауданның санитарлық-эпидемиологиялық стансасында дәрігер қызметін атқарған. Отбасында төрт ұлы мен қызы бар. Бүгінде олардың бәрі – өз ісінің шеберлері атанған мамандар.
Альберт Өтегенұлы – «Нұр Отан» партиясы Қызылқоға аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болса, Нұргүл Өтегенқызы – Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның жоғары санатты география пәнінің мұғалімі. Қалған ұлдары жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Жүлделі III орынмен исатайлық Құбашевтар, құрманғазылық Құмаровтар, махамбеттік Халиахметовтер отбасы марапатталды.
Бақтығали Құбашев отбасы – елге сыйлы әулет. Ауыл шаруашылығы саласының еңбек ардагері, бүгінде 80 жасқа тол-ған ақсақал Бақтығали ата жастайынан әкесіне қолғанат болып, мал шаруашылығына араласқан. Кейінгі жылдары мал дәрігері қызметін абыроймен атқарды. Жұбайы Мұхиза екеуі сегіз ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» демекші, әулеттің ұл-қыздары қазір еліміздің әр өңірінде еселі еңбек етіп жүр. Бүгінде ұлдары Махмиден мен Нәжімеден – құрметті теміржолшылар. Басқа да ұл-қыздары мұғалім, кәсіпкер, теміржолшы, мұнайшы, құрылысшы мамандықтары бойынша әр салада абыройлы еңбек етуде.
Берік Құмаров ұзақ жыл оқу-тәрбие ісінде қызмет атқарған. Әке жолын жалғаған ұл-қыздары – қазіргі таңда мектепте жоғары санатты мұғалімдер. Ұлы Бақтығали Құмаров – мектеп директоры болса, келіні де білім беру саласында абыройлы еңбек етуде. Зайыбы Рахима Мұхитова екеуі – немерелерінің сүйікті атасы мен әжесі.
Бағыт Халиахметов ауыл шаруашылығындағы көп жылғы еңбегімен белгілі. Ол ауыл шаруашылығы саласында техник-механик қызметін атқарса, зайыбы Раушан Сатанова аудандық ауыл шаруашылығы саласында, кейін Сарытоғай ауылында кітапхананың меңгерушісі болып табысты еңбек еткен. Қызметтегі жетістіктері үшін ол Махамбет ауданы әкімінің, облыстық мәдениет және құжаттама басқармасының, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Сонымен қатар, облыстық кезеңге қатысқан отбасының бәрі де арнайы Алғыс хатқа ие болды. Олардың қатарында Тұрғанбай Шығанақ, Наурызбай Төлеуов, Махамбет Көргенов, Алдар Сақыпов, Сандыбай Машиков, Жетек Шайхиев, Дәулет Жұмағазиев әулеттері бар. Бұл отбасылардың да өзіндік отбасылық құндылықтары бар. Әртүрлі мамандық иелері, ата кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен еңбек әулеттері. Барлығы да құрмет пен мадаққа лайық.
Биыл конкурста бақ сынағандардың саны өткен жылдарға қарағанда басым. Әсіресе, жартысынан көбі ауылда тұратын отбасылар құрағанын атап көрсеткеніміз жөн. Осы байқауға қатысушы отбасылардың әр мүшесі – өз ауылдастарының, қала тұрғындарының, ұжымы мен көршілерінің арасында ерекше сый-құрметке ие болған, Отанына адал қызмет етіп келе жатқан еңбек майталмандары. Олардың басты құндылықтары – шынайы отансүйгіштік, рухани адамгершілік қасиеттер, білімге деген құштарлық және еңбексүйгіштік.
Салтанатты рәсім барысында сөз алған байқаудың жеңімпазы Бақыт Еңсепов «ұрпақ тәрбиелеу мәселесінде отбасылық мектеп болып табылатын ұлттық жобаның биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі – үлкен мерей» екендігін жеткізді.
— Екі ұл, бес қыздан жеті немере, тоғыз жиен, бес шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Жалпыұлттық көлемде өтіп жатқан айтулы шараға қатысуымыз кейінгі өсіп келе жатқан жас отбасылар үшін үлгі-өнеге десек, екінші жағынан ол еліміздің болашағына өте қажет шара. Сол себепті де бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтары алдыңғы орынға шығарылған маңызды мәселеге айналып отыр. Және бұл жобаны Елбасының тікелей өзінің қамқорлыққа алуы баршамызды сенімді, рухани толыққан жарқын болашаққа қарай жетелейді, — дейді байқаудың жеңімпазы.
Ал, байқауды тамашалауға келген Сұлташевтар жас отбасы «ұлттық жоба дәстүрлеріміздің жаңғыруына мұрындық болуда» дейді.
– Осы бір ғана отбасылық құндылыққа арналған шараның өзінен небір ізгілікті иірімдер рухани азыққа айналып жатыр. Ата-ананы қадірлеу, перзент сүю, ақ босағаға адалдық, ұрпақты ұлағаттыққа тәрбиелеу сынды қасиетті дәстүрлердің дәнін екті десеңізші! Өнеге өзегіне айналған шараның қызметінде шексіз ғибрат бар, — дейді Жандос пен Айжан.
Әр ауданнан жинал-ған мерейлі отбасылардың жүзіндегі шаттық пен қуанышты көріп, көңілің толып бір марқаясың. Ақ жаулықты әзіз аналардың қабағының ашық, жүздерінің жарқын болуы осындай айшуақ дәстүрлер арқылы одан сайын асқақтап кеткендей көрінді. Жүрек толқып, рухты күйге бөлене түстік.
Марапаттау рәсімінен соң жиналған көпшілік жеңімпаздар құрметіне арналған жергілікті өнерпаздар өнерін тамашалады.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.