КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – ТЕГІН КЕҢЕС

Өткен жылы кәсіпкерлер палатасына бизнесмендердің құқықтарын қорғау бағыты бойынша 1143 арыз түсіп, оның 133-і толық шешімін тапқан. Сондай-ақ, қаралған 75 арыз бойынша 41 млн. теңге  кәсіпкерлер пайдасына шешілген. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз мәслихатында белгілі болды.

 

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерболат Бектеміров сайлауалды тұғырнама Ұлт жоспарын жүзеге асыруды көздейтіндіктен, «Бес институционалдық реформаны» жүйелі жүргізудің маңызды екендігін атап айтты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ербол Қайраңбаев Ұлт жоспарының 38-ден 80-ші қадамына дейін қамтылған кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша, бірқатар жұмыстардың атқарылғандығын сөз етті. Ресми өкілдің мәлімдеуінше, 2013 жылы қыркүйек айында құрылған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жеті аудан бойынша да филиалдары ашылып, екі жыл бойына тегін кеңес беретін бағдарлама қолға алынған. «Былтырғы жылы сегіз бағыт бойынша 1251 азамат тегін кеңеске қол жеткізді. Оның қаржылық және бухгалтерлік бағыты бойынша 333 кәсіпкер қамтылған. Заңгерлік, маркетинг, мемлекеттік сатып алу секілді өзге де бағыттар бойынша тегін кеңестер берілді», – деді. Сондай-ақ, бүгінде кәсіпкерлерді негізгі үш мәселе мазалайтынын атады. Олар – жер, монополистер және қаржы көзі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әлібек Ермекқали жаңа «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңның артықшылығына тоқталды. Білгеніміздей, заңның жаңалығы сол, ол жеке адамдарға, біліктілігіне қарай қызметтік сатымен жоғарылауына мүмкіндік береді. Яғни, маман өзінің  қарым-қабілетіне қарай  қызметтік мансапқа ие бола алады. Сәйкесінше, білікті кадрлар ғана іріктелініп алынатын мемлекеттік аппараттың сапасы да артпақ. Сондай-ақ, жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік қызметке орналасудың талаптары да өзгерген.

Мәлике  МӘЛІК.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз