«Шаңырақтағы» шаттық
Жалпыреспубликалық «Қамқорлық» айы аясында Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында болды. Ондағы тәрбиеленушілермен кездесіп, қала күнімен құттықтады.
Бүгінде мұндағы алты отбасында 3-18 жас аралығындағы 62 бала тәрбиеленеді. Олар жеке-жеке жабдықталған жатын бөлмесімен, ас үймен, ойын залымен және қонақ бөлмесімен қамтылған. Аталған мекеме басшысы Гүлсара Ботатаеваның айтуынша, балалардың 20 пайызын жетім балалар құрайды. Қалғаны – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар.
– Биыл біздің ауыл үшін өте қуанышты жыл болды. Бізге жаңа ғимарат салуға арнайы жер аумағы бөлінді. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Әзірге бұрынғы балабақша ғимаратында тұрамыз. Бірақ, жақын арада балалардың қоныс тойын тойлаймыз деп үміттенеміз, — дейді ол.
Ал, шаһар басшысы өз кезегінде балаларды мерекемен құттықтап, сыйлықтар тарту етті. «Баршаңызға белгілі, 1 қазанда жалпыреспубликалық «Қамқорлық» айлығы басталды. Бұл күні Қарттар үйінде қайырымдылық түскі ас берілген болатын. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Атырау қаласының барлық тұрғындарын осы акцияны қолдауға және мұқтаж адамдарға көңіл бөліп, көмек көрсетуге шақырамыз» деді ол өзінің құттықтау сөзінде.
Амандық АБДОЛ