Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкологияЭкономикаҚоғам

Шегірткенің шырылы

Atr.kz/25 маусым, 2019 жыл. Біздің өңірде өсімдік зиянкесінің «азиаттық шегіртке» және «итальяндық прус» аталатын екі түрі кездеседі. Ал, оған қарсы күрес қалай жүргізілмек?

– Жыл сайын көктемгі өр суының жылдағыдан аз келуіне байланысты облыста шегіртке тектес зиянкестердің таралу аймағының ұлғаю қаупі бар. Мұның егін шаруашылығына залалы тимес үшін биыл облыста 8 600 гектардан астам аумаққа химиялық өңдеу шараларын жүргізу жоспарланып отыр. Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен 3 540 гектар учаскеде саяқ шегірткеге қарсы осындай жұмыстар жүзеге асырылады. Негізінен химиялық өңдеу шаралары жеңіл дельталеттің көмегімен атқарылады, — дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Абат Жанғалиев.

Оның мәлімдеуінше, Құрманғазы ауданы батысынан Ресей Федерациясындағы Астрахан облысының Володар, Краснояр және Харабали аудандарымен шектеседі. Шекараның жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайды. Оның 230 шақырымы Харабали, 185 шақырымы Краснояр ауданының аумағымен құрлық арқылы және 53 шақырымы Володар ауданының жерімен су жолымен өтеді.

Ал, үйірлі шегірткелердің 2 түрі – құмды, шағылды аймақтарда итальян прусы, сондай-ақ, Еділ, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізі жағалауларындағы қамысты алқаптарда азиат шегірткесінің ошақтары шоғырланған. С о ғ а н б а й л а н ы с т ы «Россельхозцентр» мекемесі мен Атырау облыстық аумақтық инспекциясы арасында шекаралық аймақтарда ауыл шаруашылығы зиянкестерінің таралуын болдырмау үшін бірлесіп жұмыс жасау мақсатында 2015-2020 жылдарға арналған келісімшарт жасалыпты. Осы құжатқа сай, көршілес екі елдің сала мамандары бірлесе жұмыс атқарып келеді.

Таяуда қос тарап мамандары Володар, Краснояр, Харабали аудандарына қарасты Марфин, Новокрасное, Белая Ильмень учаскелерінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. «Россельхозцентр» мекемесі астрахандық бөлімшесінің басшысы Виктор Шляхов екі жыл бұрын Дағыстан мен Қалмақ Республикасынан Астрахан облысының аумағына марокко шегірткесі еніп кетіп, қауіп тудырғанын айтады.

Биыл мұндағы аралдардың құрғап, құрлықтық аймақтардың ұлғайып, теңіз жағалауындағы табиғи қорықтарда химиялық өңдеу жүргізуге мүмкіндіктің жоқтығынан азиялық шегірткелер көбейіп, елеулі қауіп төндіруі ықтимал. Осы қауіптің алдын алу мақсатында сала мамандары жыл басынан бері 5 мәрте бірлескен зерттеу жұмысын жүргізген. Ал, «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Хамидолла Дәулетқалиев шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізілуі жоспарланған мыңдаған шақырым алқапты санаулы мамандармен, бірлі-жарым көлікпен толықтай қамтып шығудың мүмкін еместігін алға тартты.

Біріншіден, қазір пайдаланылып жүрген «Нива» автокөлігі қалың қамыс қопасында зерттеу жүргізуге қолайлы емес. Сол себептен, мүмкіндігінше дронды қолданған дұрыс. Екіншіден, құмды, шағылды жерлерде еркін жүре алатын «МТЗ-82» тракторы қажет. Үшіншіден, зиянкес жер бетіне көрінер-көрінбестен у шашуға болмайды. Өйткені, олар топырақ қабатының қызуына қарай түйдектеліп шығады. Содан соң зиянкестер жолындағы жасыл желек атаулыны түгелімен жайпап, отап, түк қалдырмайды.

Осы орайда, бүріккіш аппараттар мен пестицидтер қолда болса, мердігер компаниялардың өкілдері келгенге дейін де бір амалын тауып, зиянкестің жолына тосқауыл қоюға болар еді. Төртіншіден, ауқымды жұмыстарды уақытылы атқару үшін қоғамдық ақылы қызмет арқылы қосымша адамдарды жұмысқа тартқан жөн.

Бұл мәселе жақында Құрманғазы ауданында өткен шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі облыстық штабтың көшпелі мәжілісінде жан-жақты қаралып, талқыланды. Онда шұғыл түрде атқарылатын шаралардың жоспары бекітіліп, тиісті құрылымдардың б а с ш ы л а р ы н а н а қ т ы тапсырмалар берілді. Қалай дегенде де, дер мезгілінде алдын алмаса, шырылдауық шегірткенің «ылаң» салмасына кім кепіл?

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button