«Сезініп ізгілік пен жан жылуын, сан шәкірт мектебінен алды білім…»
Atr.kz/26 мамыр, 2019 жыл. Осындай атпен Атырау қалалық мектеп-лицейінде соңғы қоңырау сыңғырлап, тағы бір оқу жылының аяқталғанынан белгі берді.
Білім ұясының басшысы Шынаргүл Имашова оқушылар мен ұстаздарды осынау салтанатты сәтпен құттықтады. Осыдан тура төрт жыл бұрын есігін айқара ашқан мектеп содан бері екі ауысымда шәкірттерге сапалы білім беріп келеді. Мұнда физика мен математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Оқушыларға қазақ және орыс тілдерінде сабақ жүргізіледі. Былтырғы оқу жылын 257 оқушы аяқтаса, биыл бұл көрсеткіш 322-ні құрап отыр. Соның 43-і енді Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан өтпек. Сегізі – үздік аттестат иесі, 26-сы – оқу озаты. Өткен жылы білім сапасы орташа алғанда 110,48 баллды құраған. Ал, бұл салыстырмалы түрде алғанда, төмен көрсеткіш емес.
Оның сыртында, түрлі аймақтық, республикалық ғылыми жобаларға қатысып жүрген шәкірттер жетіп артылады. Арасында жоғары көрсеткішпен жүлделі орындарға іліккендері де бар. Мәселен, халықаралық Сәтбаев оқулары, республикалық «Зерде» сайысы және басқа да олимпиадалардағы жарқын жеңістер – соның айғағы. Бұдан бөлек, өнер мен спорт саласында облыс намысын қорғап, байрақты бәсекелерде топ жарған оқушылар тағы бар.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 123 063 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның 5133-і мектеп бітіреді. 190 түлек «Алтын белгіге», 152 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ал, Атырау қаласы бойынша 63810 шәкірт оқуын тәмамдаса, соның 2169-ы мектеппен қоштасады. 61 түлек «Алтын белгіге», 85 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суреттер автордікі.