Жарнама
Жаңалықтар

«Серпердің» жүлдесі – жас кәсіпкерлерде

Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің 95 жылдығына орайластырылған шаралар тізбегі еңбек ұжымдары арасында кіші аяқдобынан аудандық турнирмен бастау алды. Оның ашылу салтанатында көрермендерге аудандағы бірден-бір мерзімдік басылым 1930 жылғы 2 тамыздағы Гурьев округтік партия комитеті бюросының газет шығаруды ұйымдастыру жөніндегі қаулысы негізінде Теңіз аудандық «Балықшылар үні» газетінің алғашқы нөмірі 1930 жылғы 10 қазанда шығарылғаны таныстырылды.

Газет 1945 жылдың 1 қаңтарында «Социалистік жол» болып өзгертіліп, кейіннен ұзақ жылдар бойы «Ленин жолы» болып оқырмандарына жол тартып отырды. 1992 жылғы 12 қыркүйектегі 74-ші санынан «Кеңес үні» атауына өзгертілгенімен 1993 жылдың жетлтоқсанында қазіргі «Серпер» есімін иеленді. Бұл күндері «Серпер» газеті 5 данаға жуық таралыммен шығып келеді. Өз саласында озық ойдың, адал ниеттің, ынтымақ пен бірліктің, жаңашылдықтың ұранды үнін созып, ұлы мұраттарға жетелеп келе жатырған 95 жылдық тарихы бар «Серпер» облыстағы алдыңғы қатарлы газеттердің бірі екендігі хабардар етілді.
Турнирдің мән-маңызына тоқталған аудан әкімі Абат Жанғалиев, ардагер спортшы-журналист Мәдат Сәрсекеев аудандық газеттің спорт жаңалықтарын жүйелі ұйымдастырып, оның бұқаралылығын арттыруға сүбелі үлес қосып отырғанын атап өтті. «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің демеушілігімен ұйымдастырылып отырған турнирге қомақты жүлде тігілгендігіне байланысты футболсүйер командалардың көптеп ниет білдіргенін айтып, қатысушыларға ойын көрігін алаңда әділ қыздыруға сәттілік тіледі.

Жеребе бойынша төрт топқа бөлінген 13 команда келесі кезеңге өтетін үздік командаларды анықтады. Тартысты өткен ойындардың нәтижесінде аудан әкімдігі, шекара, білім және күзет бөлімдері, спорт кешені, аудандық емхана, ардагерлер(+35) және аудандық «Атмекен» кәсіпкерлер палатасы командалары финалдық ойындарға жолдама алды. Турнирде мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиададаларда олжа салып жүрген аудан әкімдігі командасы мен «Атамекен» атынан сынға түскен жас кәсіпкерлер шеберліктерімен көзге түсті. Барлық қарсыластарынан басым түсіп финалда жолығып, өзара мықтыны анықтады. Шиеленіскен ойынның нәтижесінде «атамекендіктер» 4:2 есебімен жеңіске жетіп, «Серпердің» кубогын иеленіп кетті. Үшінші орын үшін таласқа түскен ардагерлер мен білім бөлімінің командасы арасындағы ойын негізгі уақытта тең аяқталып, айып добын соғуда ардагер спортшылар мүлт кетіп жүлдеден тыс қалды.

Сонымен бірінші орынның 200 мың теңгелік жүлдесі – «Атамекенге», екінші орынның 150 мың теңгесі – әкімдіктің, үшінші орынның – 100 мың теңгесі білім бөлімінің командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дайындалған кубок, диплом мен медальдар табысталды. Әкімдік командасының қақпасын қорғаған Мерей Шүкірбайұлы «Үздік қақпашы», «Атамекеннен» Әнуарбек Сәбитов «Үздік қорғаушы», білім бөлімінің сұрмергені Алтынбек Ғалымжанов «Үздік шабуылшы» жекелеген аталымдарын иеленіп, әрқайсысы 25 мың теңгелік ақшалай байрақпен марапатталды.

Айбек НӘЖІМОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button