«Серке орг» сайтында жарияланған мақалаға орай Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті ресми жауап берді
«Серке орг» сайтында жарияланған мақалаға орай, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті төмендегіні хабарлайды.
Мақала бір жақты және тексерілмеген дәйектермен жазылған. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жеке атына пәтер сатып алғалы жатқан жоқ, мешіт балансына қызметтік үй алу жоспарда.
Біріншіден, мақалада сатылып жіберілді деген көліктерге қатысты.
«Прадо» джип көлігі, жолаушылар таситын «Газель» , «Ford Mondeo» көліктері техникалық тұрғыда апатты жағдайда болған.
Бұл қаражаттар заңды түрде мешіттің кірісіне алынып, қызметкерлер жалақысы, мешіттің коммуналдық шығыны, баспана, мешітті бейнекамерамен жабдықтау жұмыстарына жұмсалды. Өткен жылы мешіт қызметкерлеріне 6 қызметтік үй берілді. Яғни, бұған дейін қайырымдылық мекемесі ретінде жұмыс істеп келген мекеме қайта жаңғыртылып, қызметтік пәтер ретінде қызметкерлерге қайта жасақталып берілді. Және орталық мешітті камерамен жабдықтау, монтаж жұмыстары жасалды. Сонымен бірге, мешітке өткен жылы ларгус қызметтік көлігі сатып алынды. Қазіргі таңда қызметтік көлік мешіттің қызметтік бағыттағы жұмыстарына пайдаланылып отыр.
Сондай ақ, Құран жаттау және діни сауат ашу орталығының ашылғанын да атап өткеніміз жөн. Діни мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында аталмыш орталық жанынан да қызметтік баспаналар салынып, қолданысқа берілгенін мәлімдейміз. Атырауда діни кадр мәселесі өткір тұр. Сонымен бірге, қызмет етіп жатқан дін мамандарын баспанамен қамтамасыз ету жайы да басты назарда. Осы ретте орталық мешіт ішкі ресурстар және демеушілік көмек есебінен қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін басты назарда ұстап отыр.
Сонымен бірге, ҚМДБ бекіткен басым бағыт — қайырымдылық саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мешіттердің демеушілерді тартуы арқылы «Ел үлесі — пәтерге» жобасы аясында Атырау облысында мұқтаж отбасыларға 28 баспана алынып берілді. Және ағымдағы жылдың 9 айында қайырымдылық мақсатқа 22 млн теңге жұмсалды.
Келтірілген деректердің барлығы құжат түрінде расталған. Қалаған уақытта кез келген адам мешітке келіп, қаражаттың жұмсалуы туралы құжаттармен таныса алады.
Екіншіден, «Нұрсая» ықшамауданындағы қызметтік үй Атырау облысы дін істері басқармасы балансында. Онда Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы қызметке келгенге дейін, ұзақ мерзімді іс – сапармен келген ұстаздар тұрып жатыр. Ал, Құспан молла мешітіне қарасты бір қызметтік үйде аталған мешіттің наиб имамы отбасымен тұрып жатыр. Көп балалы отбасы әрі балалары мектепке баратын болғандықтан, наиб имамға қызметтік пәтерде тұруға рұқсат етіліп отыр.
Үшіншіден, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қазіргі уақытта Атырауда пәтер жалдап тұрады. Пәтердің айлық жалдау ақысына мешіт бюджетінен қаражат төленіп отырған жоқ. Себебі, пәтер ақысын өтеуге жергілікті кәсіпкер ерікті түрде көмек көрсетуде. «Иманғали» орталық мешітінің балансына жаңа қызметтік пәтер алынғаннан кейін, жаңа үй бас имамның қызметтік баспанасы ретінде қолданылатын болады. Ал, жалдамалы пәтер тапсырылатын болады.
Төртіншіден, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған діни делегацияның Атырауға сапары аясында ҚМДБ тарапынан қарапайым қонақ үй алу туралы тапсырма болған. Алайда, жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен делегацияның жол, жатын жері, тамақтануына кететін шығын демеушілік есебінен төленді.
Бұл жерде қонақ үй иесінің делегацияны жатын жермен қамтамасыз ету қызметін қонақ үйдің ең төменгі құнымен ұсынғанын атап өткеніміз жөн.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация құрамында 13 адам болды.
13-17 қыркүйек аралығындағы діни делегация сапары аясында Атырау қаласында және 7 ауданда 16 711 адамды қамтыған 113 шара өтті .
Делегацияның жол жүру билет құнына және қонақ үйдегі жатын орынға 2 млн. 400 мың теңге жұмсалды.