Серіктестік өз күшімен 3 шақырымдық бөгет тұрғызуда
Атырау қаласында «KazMunaiGas Burgylau» серіктестігі жаға бекіту жұмысында белсенділік көрсетіп отыр. Оның 60-қа жуық жұмысшы-қызметкері Жаңаталап ауылы маңындағы Жайық өзені жағасында еңбек етуде.
Олар геодезист маманның кеңесімен сапалы дамба тұрғызуға атсалысуда. Одан өзге, серіктестік атынан 10 самосвал, 2 бульдозер, 3 фронтальды жүк тиегіш, 2 экскаватор және 1 трал техникасы жұмылдырылған.
– Біз ешкімнің көмегінсіз өз еркімізбен жұмыс істеп жатырмыз. Барлық керекті құрал-жабдықты өз қаражатымызға алдық. Қазірге дейін 50 мың қапты топырақпен толтырдық. Техникалардың барлығы біздің есебімізден жалға алынуда. Ортақ жұмысқа осы ауылдың тұрғындары да күш біріктіруде. Кешкі уақытта өздері қалып, қапшық толтырып, дайындап қойып жүр, — дейді кәсіпорын бас директорының орынбасары Мұрат Игилманов.
Дамбы басында жұмысшылардың ас-суына дейін ұйымдастырылыпты. Бүгінге дейін 2 шақырымдық бөгет тұрғызған олар тағы 1 шақырымдық жұмысты аяқтауды мақсат етіп отыр.
Малика ТӘКЕЖАНОВА