Серікбай сынықшының кереметтері
Желімделіп қалған ұрылар…
Бір генералдың сынған аяғын қайта бастырған Серікбай Қабиұлы майда ннан броньмен кері қайтарылады. Елге келгеннен кейін өзінің атақонысы Сазды аралына егін егіп, соғыстан қиналған елдің еңсесін көтеруге қолынан келгенше көмек етуге жұмыстанады. Егін бітік шығып, ашқұрсақ болып жүрген ауылдың бала-шағасының бүйрегі бұлтиып, қауын-қарбызға қарық болып қалады. Серікбай сынықшы өзі бригадир болғандықтан, күні-түні егіннің басында жүріп, тек күн бата үйіне кететін көрінеді. Ондағы ойы – соғыстан жұтаған, жыртық иін, қамкөңіл жұртшылықтың нәпақасын көбейту, ысырапшылдыққа жол бермеу.
Әлбетте, ел болған соң жұмыс жасағысы келмейтін, тек ас ішіп, аяқ босатқанына мәз жалқаулар да болатыны белгілі. Сондайлардың екі-үшеуі бірігіп, түнде егін ұрлауға келіседі. Себебі, Серікбай ата егінде жұмыс жасамайтындарға қауын-қарбыз бермейді екен. Бұл да жастарды еңбекке тәрбиелеудің бір түрі, «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген емес пе? Жаңағы жалқаулардың түнде егінге ұрлыққа түсетінін көріпкелдікпен болжаған қасиетті жан шәй ішіп отырып, бәйбішесі Жібек анамызға: «Бүгін түнде егінге ұры түседі» депті де, мырс етіп күліпті. «Жаздайғы еңбектерің емес пе? Неғып отырсың онда? Егін басында болмаймысың? Мылтығың мен итті де қасыңа ала кет» дейтін көрінеді Жібек анамыз. «Қайда барар дейсің олар, алыстан келген жау емес, ауылдың балалары ғой. Қауын-қарбыз жегілері келген шығар. Ештеңе етпес» деп атамыз домбырасын шертіп, төрге қисая кетіпті. «Осындайың-ай сенің! Егін ұрлап, дәндейді ғой, бір жасағанын екі, екі жасағанын үш етпей ме?» деген бәйбішесіне жауап бермей, өз ойымен өзі отырып қалыпты.
Шынында да «дәндеген қарсақ құлағымен ін қазар» дегендей, бұл екі-үш рет қайталаныпты. Үшіншісінде ұрылар қапқа қауын-қарбызды толтырып салып, енді қозғалайын десе, орындарынан қозғала алмай қалыпты. Бейнебір сол жерге желімденіп қалғандай, түні бойы егін басынан кете алмай, аласұрыпты. Ертемен егін аралайтын Серікбай Қабиұлы әдейі таңғы асын асықпай ішіп, егінге күн арқан бойы көтерілгенде ғана келіпті. Келсе, ұрылар ботадай боздап отыр дейді. «Атеке, құлдығың болайық. Кешіріңіз бір білместігімізді» деп атаны көре салысымен бәрі жамырап қоя беріпті. «Әй, шырақтарым-ай! Сендерді кешірмей қайтейін? Бәріңнің де туып-өскендеріңді көрдік, ата-аналарың бір туған туысымыздай. «Ұрлық түбі –қорлық» дегенді ұмытпаңдар. Ендігәрі түн қатып, түс қашып, суық қолдылыққа бармаңдар. «Еңбек етсең – емерсің» демей ме, қазақ атамыз? Одан да егінге келіңдер. Бәріңе де жұмыс бар» деп босатып қоя беріпті. Қауын-қарбыздарын да арқалатып жіберіпті. Әлгі жалқаулар кейін жұмыс жасап, жақсы атаққа да ілігіпті.
Дорбадан шыққан жылан…
Енді бірде егінде жұмыс жасайтын бір топ қыз-келіншек ата рұқсат бергеннен көбірек алғылары келіп, дорбаларына қауын-қарбызды толтырып алады. Серікбай сынықшы оларға екі рет кешірім жасайды. Үшінші ретінде үйлеріне барып, қаптарын ашып қалған әйелдердің жан дауыстары шығып, кейбірі талып, тілдері байланып қалғанға ұқсайды. Не болды дейсіздер ғой?!
Дорба толы қауын-қарбыздың орнына жылан арқалап келгендерін бір-ақ білген ғой, әлгі қанағатсыздар. Қаптың аузын ашқанда тілдерін шығарып ысылдап тұрған қара жыландарды көріп, есеңгіреп қалғандар, атадан кешірім сұрап, аяғына жығылып, дорбаларын кері арқалап апарып, егін басына төгіпті. Сөйтсе, жылан жоқ, қауын-қарбыз домалап түсіпті дорбадан. Өз көздеріне өздері сенбеген олар өз істерін елге айтып, Серікбай сынықшы кереметтері осылай ауыздан-ауызға аңыз болып таралып кеткен екен.
Жиен мен нағашының әзілі…
Әнуар деген ағай Нұржауда сатушы болып жұмыс жасапты. Ол кісі Серікбай атамен нағашы-жиен ретінде қатты қалжыңдасады екен. Таңертең ертемен жұмысқа келе жатып, егіс басында жүрген Серікбай атаның қалтасынан көрініп тұрған қарындашын Әнуар «жиендік» жасап, білдірмей, суырып алады. «Қайтып берермін» деп ойлаған ол сол күні кісі дүкенге көп келіп, егіс басына бара алмапты. Түсте үйіне түстікке барған Әнуар ағай тамаққа қолын соза бергенде екі жеңінен қара жыландар басын шығарып «ыс» ете қалмасы бар ма? Шошып кеткен ол дереу қолын тартып алып, дастарханнан тұрып кетеді.
Далаға шығып, кішкене жүрегін басу үшін темекі тартқысы келіп, төсқалтасына қолын салса, қолы былқ етіп жыланға тиеді. Ол аздай шалбарының екі балағынан да қара жыландар мазақтағандай басын шығарып, тілін сумаңдатып тұр екен. Ойына нағашысының қарындашы сап ете түскен ол егіс басына тартады. Әншейінде ерте келетін Серікбай ата кештеу келе жатыр екен. Сағатына қарап, өзін күн астында қап-қара болып күтіп тұрған жиеніне келіп: «Оу, жиен, не болды? Мұндай кезде егіс басына келмейтін едің, қош келдің» деп күліп амандасыпты.
«Нағашы! Мына қарындашыңызды таңертең ойнап ала салып едім, әкеліп беруге ұмытып кетіппін, қара жыландарыңды қаптатпай, мына дүниеңді алшы» деп өзімсіне, еркелей сөйлеп, қарындашын ұсыныпты. «Оу, не болды? Кішкене жыланнан қорқып? Айдаһар көрсең қайтер едің?» деп әзілдеген нағашысына: «Ойбай, нағашы! Кешіріңіз! Ендігәрі ойнамаймын! Қара жыландарыңды енді қаптатпашы» депті жиені күліп.
Қайта оралған ер-тоқым
Енді бірде Серікбай сынықшының ата-бабадан мұра болып келе жатқан күмістелген ер-тоқымы жоғалыпты. Үйге келіп ер-тоқымның жоғалғанын Жібек анамызға айтады да: «Қайда барады дейсің? Алған адам өздері құтыла алмай кері әкеліп тастар» деп күлімсірепті.
Айтқандай-ақ, үш күннен кейін екі адам келіп: «Жаздық, жаңылдық! Ат-шапан айыбы – бізден. Кешіріңіз, бір білместік болды. Күмістелген ер-тоқымға қызығып алып кетіп едік. Үйге апарып, ат ерттейін десек, ер-тоқымда ақ жылан оралып жатыр» депті. «Ештеңе етпес, білместік кімде де болады ғой, әкеліп тастарсыңдар» дейді Серікбай Қабиұлы. «Ойбай, оны қалай ұстаймыз? Ақ жылан орап алған» деген екеуге: «Ақ жылан енді көрінбес» депті. Сөйтіп, қолды болған ер-тұрман иесін тауыпты.
Ошақтың басында нан көміп жүрген Жібек анамыз табасын ұмытып кетеді. Оны атаға қаралуға келгендер кетіп бара жатып, қолтығына қыстыра кетпей ме? Үйіне барып, ошағының қасына қойып, енді нан көмуге шықса, ақ жылан оратылып жатыр екен деседі. Оның да иесі жоғарыда айтқанымыздай, кешірім сұрап, табаны қайтып апарыпты.
Өз өмірін болжаған…
Құрманғазы ауданының Сазды ауылында өмір кешкен Серікбай ата өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасына таман бақилық болған. Ол кісінің өмірден өтуі жайлы да ел аузында аңыз қалған. Ел-жұртының тұмарындай болған сынықшы атамыз кәнігі аңшы да болыпты. Бірде желтоқсанның жағымсыз суық күнінде атын ерттеп аңға шыққан Серікбай атаға аң кездеспейді.
Сөйтіп келе жатқанда қалың қамыс қопасының арасынан қара қабан шығады. Әншейінде қара қабанды пірлерінің бірі болғандықтан атпайтын ол кісі ойда-жоқта алдынан шыққан аңды атып жібереді. Оқ қабанға тиеді, қабан өкіріп келіп, атын жарып, өзі қалың қамысқа кіріп кетеді. Сол жерге жақын тұратын Қабыл деген құрдасының үйіне барып, мән-жайды айтып атына арбасын жектіріп, атын бауыздап, арбаға салып, үйге келеді.
«Әруақтың пірлеріне қарсы қол көтердім, мені қара басты. Енді көп ұзамаспын» деген ол келесі жылы көктем туа бақилық болатынын айтыпты сол жерде. Айтқаны айнымай келген киелі жанды өз ата-бабасының қорымына жерлеген. Қазіргі таңда Саздыда Дәметкен Серікбайқызы әке салған сара жолдан айнымай, халқына қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.
Құрманғазы ауданы.