Серік Тұрғынбековтің 70 жасқа толуына орай «Өмірге өлең керек» атты ән кеші өтті
Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында «Парасат» орденінің иегері, Махамбет, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын-драматург Серік Тұрғынбековтің 70 жасқа толуына орай «Өмірге өлең керек» атты ән кеші өтті. Шараның шымылдығы мерейгердің «Мұқағали» спектаклімен ашылды.
«Болашаққа арыз жазып кетейін…»
Пьеса басталған сәттен көрермен жүрегін дір еткізген көрініс – «Жедел жәрдем» сиренасы. Қызғаныш пен күншілдіктің қолымен жасалған қысастықтарға шыдамаған ақын жүрегі сыр берген. Өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан Мұқағалидың көз алдына муза болып қол бұлғап шақырған асқақ арманы мен арпалысқа толы тағдыры елес болып өтеді. Ақынның өткен өмірі өлеңдері арқылы өрілген.
Талықсып жатқан ол талмаусыраған шағында өміріне серік болған өлең-музаға жүгінеді. «Менің анкетам» – ақын өмірінің дерегі. Әрі қарай алмағайып заманнан теперіш тартқан, қоғамнан қағажу көрген Мұқағалидың буырқанысқа толы өмірі өлеңдерімен өрнектелген.
«Кең дүние төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар — бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар бусанып терлегенім» деп, ақ дүниеге іңкәрлікпен қадам басқан жастық шағы, «досы» болып жүріп сыртынан өсектеген, тас атып кесектеген жалған достар қаумалап, өлеңге мас болған, талантына қапысыз сенген, бірақ, ортасының біле тұра білмегенсігеніне, көре тұра көрмегенсіген көлгірлігіне шыдамаған қалпы айна қатесіз сомдалыпты.
«Поэзия, менімен егіз бе едің,
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Қарауытқан таулардан сені іздедім,
Алабұртқан таңдардан сені іздедім» деген ақын жүрегінің кіршіксіз ақтығын, сәбидей пәктігін ақын рөлін сомдаған актерлер шынайы жеткізе білді.
Ақынның күзетші шалмен диалогы, өзі өмір сүрген қоғамдағы әділетсіздіктерге төзбеген аңғал қалпы оқырмандарды да қоса егілтті.
«Алпысқа келдіңіздер,
Бәрін де көрдіңіздер,
Бәрін де жеңдіңіздер,
Алпысқа келсек екен енді біздер». – Иә, ақын жүрегі алпысқа жете алмайтынын сезген тәрізді. Қолында барға қаңғалақтай ұмтылып, шал-ғайына жармасқан жарамсақтар мен ішінде қызғаныш шоғы көңірсіп жатқан кемдарындардың ақын жүрегіне қаншама жара салғаны жырлары арқылы көрермен жүрегін тебірентіп жатты. Аты-жөнін тәптіштеп сұраған күзетші шалға әкесінің соғысқа кетіп оралмағанын мұң етіп шағады:
«1941 жыл. Ақпандатқан,
Сыртта аяз, ауылымызды ақ қар жапқан.
Үңірейген үрей тұр соғыс дейтін,
Алапат аспан-жерді аттандатқан» дей келіп,
«Отыз бес көктем,
Отыз бес жаз,
Отыз бес күз,
Отыз бес қыс,
Отыз бес жас…
Осал өмір емес-ау, отыз бес жас…
Отыз бес жыл өмірді кезіп келем,
Енді отыз бес бола ма, сезіктенем.
Әкем менің есімде шам түбінде
ВКП(б) тарихын ежіктеген» ақын әкесінің соғысқа аттанғанын, соғыс ұрлаған сүреңсіз балалық шағын еске алып жабығады.
Ақынды қудалап, шындықты іздегені үшін түрмеге қамайды, жындыханаға салады. Сөйтіп, қолға үйреткен тайлақтай, бұйдасынан жетелеп, өздері қалаған жыр жолдарын жазуға итермелейді. Алайда, ақын жаны оны көтере алмады. Өз жүрегінің ақиқатынан ауытқи алмады. Ақыры жаралы жүрек соғуын тоқтатты. Осындағы қанатты ақ періште – муза бейнесін сомдау, ақын жарының жүрекжарды толғанысы көпшілік көңілінен шығып жатты.
жырлары әнге айналған…
Спектакльден кейін сахна төріне ақын-драматург Серік Тұрғынбеков шақырылды. Ол облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың шақыртуымен келгенін айтып, алғысын арнады. Ақ Жайық жағасын жайлаған елге, жерге деген ілтипатын өлеңмен білдірді.
Ақын өлеңдеріне қазақтың әйгілі сазгерлері ән шығарған екен. Әсіресе, композитор Әсет Бейсеуовпен шығармашылық одағы нәтижесінде қайталанбас құнды дүниелер өмірге келіпті. Соның бірі де бірегейі –«Ұшады Маңғыстаудан шағалалар» әні. Н.Жантөрин атындағы филармония әншілері Ханзада Сақыпова мен Назым Шаймарданованың орындауында аталған туынды көпшілік қошеметіне бөленді.
Серік Тұрғынбековтың өлеңдеріне жазылған Әсет Бейсеуовтың әндері Қанат, Айткүл Құдайбергеновтердің тұрақты репертуарына айналған. Мерейгердің шығармашылық кешіне арнайы келген әншілер «Туған жер», «Сені іздеймін», «Жолың болсын, жолаушы» әндерін нақышына келтіре әуелетті.
Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев та көптен ақынмен шығармашылық одақта екенін айта келіп, «Бал-балалық күндер-ай», «Жас сұлуды жайлаумен таныстыру» әндерін орындады. «Менің-дағы бір аққуым бар шығар» әнінің тарихынан сыр шертті.
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, «Дәстүр» этнографиялық-танымдық журналының Бас редакторы Қасымхан Бегманов ақынды құттықтап, жыр арнады.
Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова ақынның сөзіне жазылған «Мұңайма», «Бір болайық» әндерімен көрермен көңілінен шықты.
Ән кешіне арнайы келген Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов Қазақстан Жазушылар Одағының құттықтау хатын табыстады. Өз атынан жерлес інісіне шапан жауып, өлеңдер жинағын ұсынды.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ақын-драматург Серік Тұрғынбеков шығармашылығының қазақ әдебиетіне қосылған баға жетпес қазына екенін айтты.
– Дүбірлеткен ән кешіне Секеңнің шашбауын көтеріп келіп отырған жазушы Сәбит Досановқа, «Алаштың Ақұштабы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваға, ақын Қасымхан Бегмановқа, ақын Бауыржан Халиоллаға, Қанат, Айткүл Құдайбергеновтерге, Алтынбек Қоразбаев ағамызға, Мақпал Жүнісоваға алғысымды білдіремін.
Қазақ ақын-жазушылары бір-бірін қиындау мойындайтынын көріп жүрміз. Бәсекелестік өршіп тұрған заманда алға ұмтылу, талғамы биік болу — заман талабы. Шабыттарыңыз шалқып, халықтың жан азығын молырақ бергейсіздер. Кештің «Өмірге өлең керек» деген тақырыбы да адамға көп ой салады.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп, Ұлы Абай айтқандай, өлең адамның жанында жүреді. Ақын-жазушылар болса, сағынышын, қайғы-мұңын, арманын өлең арқылы жеткізеді. Ән кеші басталғанда ақын-драматургтың «Мұқағали» пьесасын көрдік. Шындығында, өнер адамына қолдау керек-ақ. Өткен өмірге көз салып «әттеген-ай, тірлігінде бір құрмет көрсете алмадық қой» деп, бармақ тістегенше, қолдан келген жақсылықты жасай білуіміз керек.
Серік Тұрғынбеков сынды халқымыздың рухани қазынасын молайтып жүрген қаламгер қандай марапатқа да лайық. Осындай кештер көбейсе, соңымыздан ерген ұрпаққа да үлгі болары анық. Мерейтойыңыз құтты болсын, Серік аға! Өз еліңізде еркелеп, алшаң басып тойлай беріңіз! — деп тебіренген аймақ басшысы мерейгерге «Ықылас» гүлін табыс етті.
Сәбит ДОСАНОВ,
Қазақстанның Халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
«Сөзге ақын билігін жүргізеді»
Жұбан ағаның сөзімен айтсам, «Мен үшін қазақ жерінің жаманы жоқ, жаты жоқ». Атырау жері – киелі жер, қойнында мұнайы бар, адамдары табынатын талант деген Құдайы бар. Мен көп елдерде болдым, Парижде де сөйлегенмін, бірақ, дәл қазіргідей тол-қымап едім. Талантты Тәңір береді. Шығыстың ұлы шайырлары:
«Ақындары әкімдерін іздесе,
Ол өлкенің маңдай соры бес елі.
Әкімдері ақындарын іздесе,
Бақыт нұрын кешеді» деген екен. Соған куә болып тұрмын.
Күндей күркіреп өткен Ұлы Отан соғысында жауды әдебиеттің, мәдениеттің күшімен жеңді. Ол кезде идеологиялық жұмыс өте жоғары еді. Ел кітапты көп оқыды, жоғары бағалады. Кітаптан оқыған идеалды үлгі тұтты. Қасиетті кітаптарда айтылған: «Дүниеде ең құдіретті — Сөз» деп. Сөз дүниені билейді, ал, сөзді ақындар билейді. Сондай ғажап талантты ақынның бірі — Серік Тұрғынбеков. Біз екеуміз – бір өлкеденбіз. Алайда, одан гөрі рухани жақындығымыз басым. Мен талантқа бас иемін, дарынсызды маңыма жолатпаймын. Шын дарынның ақкөңіл, адалдығына тәнті боламын. Көлгірлік пен өтіріктен жиренемін.
Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның Халық әртісі
«Елден эфир арқылы «Сүйінші» сұрадым…»
Өз архивімнен авторы белгісіз бір өлеңді тауып алып, ән шығардым. Авторын анықтау үшін ақындар Исраил Сапарбаевқа, Иранбек Оразбаевқа, басқа да өзім өлеңдеріне ән шығарып жүрген ақындарға телефон шалып, әннің мәтінін оқып беріп, «Сіздің өлеңіңіз емес пе?» деп сұраймын. Бәрі бұл өлеңнің өздерінікі емес екенін айтады. Сонда бір ғажабы, Серік Тұрғынбеков ағама телефон шалмаппын. Халық жылы қабылдады. Көп жерде орындап жүрдім. Бірде Серік ағам өзі телефон шалды. «Алтынбекжан, «Менің-дағы бір аққуым бар шығар» деген әніңді естіп жүрмін. Бірақ, авторын айтпай жүрсің, ол менің өлеңім еді ғой» дейді. «Аға, «Шалқар» радиосын қосып, тыңдап отырыңыз» дедім. Сөйтіп, «Шалқар» радиосынан «Ән авторы табылды, сүйінші» деп сұхбат бердім.
Гүлзада Ниетқалиева