Серік Шәпкенов қаланың жеке секторларындағы үйлердің ауласындағы қарды шығару жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті.
Күн тәртібінде:
— Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары;
— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік мониторингі туралы;
— Атырау қаласы және аудандардағы қар тазалау жұмыстары және су тасқынының алдын-алу жұмыстары қаралды.
Жиында қаладағы қар тазалау жұмыстары туралы қала әкімі Мейірім Қалауи баяндама жасады. Оның айтуынша, 5 ақпаннан бастап толассыз жауған қарды тазалау жұмыстарына «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС 38 техника, қаладағы ірі мекемелерден 36 техника тартылған.
— Бүгінде 52 000 текше метр қар шығарылып, 516 тонна реагент себілді. Қазір қаланың суға кету қаупі бар Ескі қала аумағы, Мирас, Жұлдыз, Сарықамыс, Елшібек, Базар маңы аумақтарында күшейтілген жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, еріген қар суын және көктемгі жаңбыр суын тазалау жұмыстарына «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС-нен 8 вакуум, «АтырауСуАрнасы» КМК-ден 10 вакуум, қосымша келісімшартпен жеке сектордан 80 вакуум тарту жоспарланды. Қала бойынша қар еріген кезде, қатты жаңбыр жауғанда сорылған суды төгетін 6 орын белгіленді. Қар шығару жұмыстарына Ескі қала, Мирас, Сарықамыс ықшам ауданынан қиындық туып тұр. Осыдан бір апта бұрын тазаладық. Көшені қардан тазалап кеткенмен, тұрғындар ауладағы қарын көшеге шығарып тастайды. Яғни, біздің жұмысшылар бір барған жерін екі рет тазалауына тура келді. Оған қоса қала орталығында орналасқан қонақ үйлер айналасына үйілген қарды шығаруын ескерттік, алайда әлі қозғалыс жоқ,-деді М.Қалауи.
Жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов қалада қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанымен жиналған қарды сыртқа шығару жұмыстарын жеделдету керектігін айтты. Әсіресе жеке сектордағы үйлердің ауласын тазарту жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
— Қалада қар шығару процесі төмен. Арықтардың бойы тазармаған. Еріген қар суын вакуум сорғанмен, арықтар бітеліп тұрса одан пайда жоқ. Қар шығару процестерінде тұрғындармен жұмыс жүргізу керек. Егер олар ауласындағы қарды тазартпаса, ертең ол үйлерді су басады. Алдын ала хабарлап, ауладан шығарылған жол етегіндегі қарды да бірге алып кетіңіздер. Екіншіден, қаладағы ірі мекемелер өз айналасын жинауға міндетті. Сол бойынша неге түсінік жұмыстары жүргізілмейді? Бұл қаланың күшімен ғана бітетін жұмыс емес, біздің де жауапкершілік. Сондықтан қандай көмек қажет, айтыңыз, қолдан келген көмекті аянбаймыз,-деді С.Шәпкенов.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі