Серік Шәпкенов: Мемлекеттің қаражатын жымқырған мердігерлер заң алдында жауап беруі тиіс
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржының игерілуі бойынша жиын өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Күн тәртібінде:
– Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі», шағын қала, аумақтарды дамыту бағдарламалары бойынша қаржының игерілуі;
– 2022 жылы облыс әкімінің қала және аудан тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелер;
– Құрылыс материалдарының қымбаттауы және жобалық өзгерістерге орай жобалау-сметалық құжаттамаларға түзетулер енгізу мәселелері қаралды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және қала, аудан әкімдері селекторлық режимде қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2022 жылдың 30 қыркүйегінде бюджетті нақтылау барысында республикалық бюджеттен трансферттердің жоспарын қараша айында жобаларға түзету енгізу және жұмыс көлемдерінің толық орындалмауына байланысты қаржы қысқартылды. Қысқартуға берілген қаржылардың көлемі 13 млрд 728 млн теңгені құрайды.
– Сонымен қатар, 2022 жылдың қорытындысымен игерілмейтін республикалық бюджеттер бөлінген трансферттер бар. Олар Энергетика басқармасында Қызылқоға ауданының Тасқұдық, Соркөл, Сарықұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендерінің газ құбыры желілерін салу 500 000 мың теңге; Махамбет ауданында Жайық өзені жағалауын нығайту жұмыстары 1 562 732 мың теңге, Атырау қаласында Талғайран ауылындағы тұрғын үйлердің инженерлік жүйелері бойынша 1 800 526 мың теңге; Индер ауданында тұрғын үйлердің инженерлік жүйелері бойынша 245 506 мың теңге,-деді А.Әжіғалиева.
Сондай-ақ «2025 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлерде және моноқалаларда іс-шараларды жүзеге асыру» бюджеттік бағдарламасы аясында Атырау облысында 54 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен барлығы 25,2 млрд теңге қаражат бөлінген.
– Оның ішінде: «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы бойынша 42 жобаға – 12,02 млрд.теңге, моноқаланы дамыту бойынша 3 жобаға – 2,7 млрд.теңге , облыс орталықтарын дамыту бойынша 9 жобаға – 10,5 млрд.теңге қаралды. 11 ай қорытындысымен есептік кезеңде жоспарланған қаражат көлемінің 77,8 %-ы игерілді. Жоспарланған кезеңде қаражаттардың толық көлемде игерілмеуінің негізгі себептері – жол құрылысы жобалары бойынша битум материалының тапшылығы, конкурстық рәсімдердің ұзаруы, мердігерлердің құрылыс жұмыстары жоспары кестесінен ауытқуы. Сонымен қатар облыс әкімінің қала,аудандарға жұмыс сапары аясында қаражат талап ететін 113 шара бекітіліп, оның 62-сі қолдау тапты,-деді А.Әжіғалиева.
2022 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауы және жобалық өзгерістерге орай жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізу қажеттілігіне байланысты 31 жоба мақұлданды.
– Сонымен қатар, облыс деңгейінде келісім алынбай, Атырау қаласы және Жылыой ауданы бойынша 6 жобаның жобалау-сметалық құжаттамаларына түзету жұмыстары жүргізілуде, ал Жылыой ауданында осындай жұмыстар 11 жобаға жоспарлануда. Осы орайда айта кететін бір мәселе, құжаттамаларға жасалып жатқан түзетулер санының үздіксіз өсуі болып отыр. Қалалық, аудандық деңгейдегі тиісті бөлімдермен бұл бағыттағы жұмыстар облыс деңгейінде алдын ала келісім алынбай жалғаса беретін болса, бұл өз кезегінде басталып кеткен жобалардың аяқталмай қалуына әкелетінін ескеруіміз қажет,-деді А.Әжіғалиева.