Серік Шәпкенов Бәйтөбе ауылының тұрғындарымен кездесті
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Мақат ауданына жұмыс сапарымен барып, Бәйтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Алдымен облыс әкімі Бәйгетөбе ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Кейін ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдады. Олардың айтуынша, ауылда инженерлік инфрақұрылым жүргізу мәселесі өзекті.
— Халықпен кездесулерде ең көп айтылып жүрген мәселелердің бірі — инженерлік инфрақұрылым. Бәйгетөбе ауылдық округіне инженерлік инфрақұрылым желілерін, яғни газ, су, электр желісін жүргізу жұмыстарына қаражат бөлініп, жұмыстар басталды. Оны 2023 жылдың соңында аяқтау жоспарланды. Мұндағы тағы бір үлкен мәселе — ауылішілік автожолдар. Бәйгетөбе ауылдық округі бойынша ұзындығы 28,7 шақырымды құрайтын автожолдардың 56 пайызы – бүгінде қанағаттанарлықсыз жағдайда, асфальтталмаған қара жолдар. Бұл тұрғындарға өзіндік қиындығын туғызуда. Бұл бойынша жұмыстар жүргізілуде, әлі де жалғасады,— деді С.Шәпкенов.
Жиында Бәйгетөбе ауылдық округінің тұрғындары ауыз сумен қамту, ауылішілік автокөлік жолын, ойын алаңын, спорт кешенін салу, жұмыспен қамту, көше жарығын жүргізу, Ескене, Таскескен ауылдарынан балаларды мектепке тасымалдайтын автобус шығару сынды әлеуметтік мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар жиында Бәйгетөбе ауылдық округіне қарасты Ескене, Таскескен ауылдарын облыс орталығына көшіру мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі бұл бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Серік Шәпкенов жиында көтерілген мәселелер бақылауында болатынын, олар заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Аймақ басшысы тұрғындармен кездесуден соң, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Бәйгетөбе ауылдық округінде 1 884 адам тұрады. Мұнда Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешені, 1 амбулаториялық емхана, 1 полиция бөлімшесі және өзге де әлеуметтік нысандар бар.
Облыс әкімінің Бәйгетөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі Мақат ауданы әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.