Серік Шәпкенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады.
Аймақ басшысы азаматтардың көтерген мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, қажетті кеңес берді.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына келген тұрғындардың бірі — Құрманғазы ауданындағы «Бұйырғын» құс фабрикасының құрылтайшысы Жанар Аманғалиева. Жылдық қуаты 800 тоннаны құрайтын фабрика екі жылдан бері тоқтап тұр. Азаматша облыс әкімінен фабрика жұмысын жандандыруды сұрайды.
-Өздеріңізге мәлім, «Бұйырғын» құс фабрикасы қоспасыз әрі химикатсыз құс өнімдерін шығарады. Тек ауданды емес, облыс халқын таза құс етімен қамтамасыз еттік. Бизнеске алынған субсидияны кері қайтарамыз деп шығынға ұшырадық. Ешбір техника бұзылмаған, жарамды. Десе де 50-ге жуық қызметкерім жұмыссыз отыр. Сізден кәсібімді жандардыру үшін 4-5 пайызбен қайтарымды қаражат сұраймын. Жұмыс бастаған соң алты айдан кейін қарызымды қайтаруды бастаймын, — деді Ж.Аманғалиева.
Облыс әкімі жауапты басшыларға жергілікті құс фабрикасы жұмысын жандандыру жолын қарастыру туралы нақты тапсырма берді. Мәселесін айтып келген тұрғынға шілдеге дейін бизнес-жоспар жасап, кейін бірлесе талқылайтынын айтты.
Сондай-ақ кездесуде жер телімін бөлу, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, әлеуметтік көмек көрсету, несие өтеп беру, тұрғын үй кезегін жылжыту сынды мәселелер қаралды.
Жеке қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Оларға баспана заң аясында кезек реттілігімен ғана берілетіні түсіндірілді.
Облыс әкімі бүгінге дейін 33 қабылдау өткізіп, 400-ден астам тұрғынды жеке қабылдады. 322 азаматқа мәселесі бойынша түсініктеме беріліп, 27 азаматтың мәселесі оң шешімін тапты.