Серік Шәпкенов: «Ауаның ластану себебі шұғыл анықталуы керек»
Серік Шәпкенов Атыраудағы атмосфералық ауаның ластану себебін анықтауға 10 күн берді.
Бұл туралы аймақ басшысының төрағалығымен өткен өңірдің экологиялық ахуалы туралы әкімдік отырысында атап айтылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімдік отырысына экология департаментінің, «Қазгидромет» РМК АФ-ның, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшылары мен «АМӨЗ» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC N.V компанияларының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы мереке күндері ауаға тараған жағымсыз иістің пайда болған кезінде қажетті шараларды қолға алмаған жауапты органдардың жұмысын сынады.
Бірер күр бұрын қала тұрғындары ауада өткір иіс барын айтып шағымданды. Ал
жауапты органдар 4 сағат өткесін ғана мәселені анықтауға кіріскен.
Экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметінше, «Қазгидромет» РМК АФ берген мәліметте бұл күндері 36 жоғары ластану және 2 экстремалды жоғары ластану тіркелген.
— Иіс қаланың сол жағындағы «Сасықсай» булану алаңынан шығуы мүмкін деп пайымдап отырмыз. Мұнда атмосфералық ауаны жоғары ластаушы ингредиент рұқсат етілген шекті концентрациядан 10 есе асқан. Оған қоса, 24 наурызда таңғы сағат 09:40-та «Привокзальный» атмосфералық ауа сапасын бақылау станциясы бойынша күкіртсутегінің рұқсат етілген шекті концентрациядан 97 есеге артық екені (экстремалды жоғары ластану) тіркелді,-деді Ә.Бекмұхаметов.