ӘН МЕН КІТАП КЕРУЕНІ

Қазақстанның  Халық  жазушысы Мұхтар  Шаханов  – Атырауда

Қазақ мәдениетін биік сатыға көтеріп, мемлекет саясатында өшпес ізін қалдырған, дүйім жұрт алдында өзіндік келбетін таныта білген ұлт жанашырының бірі – Қазақстанның Халық жазушысы, «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері, «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шаханов Атырау жеріне арнайы келді. Киелі жердің топырағына табаны тиісімен өршіл ақын бұл сапарын жастарды техникалық білім нәрімен сусындатып отырған білім ордасы – Атырау мұнай және газ институтының ұстаздары және студенттерімен кездесуден бастағанды жөн көріпті. Осыған орай кеше аталған оқу орнында қадірлі қонақтың  қатысуымен «Ән мен кітап керуені» атты кеш ұйымдастырылды.        

Салтанатты жиынды Атырау мұнай және газ институтының ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Дүйсембек Құлжанов ашып, қош келдіңіз айтты.    

– Батыс өлкемізде мұнай-газ саласында мамандар даярлайтын жоғары оқу орнының ұжымы еліміздің талай ақын-жазушыларымен кездесу ұйымдастырып отырады. Бірақ, бүгінгі кездесудің орны аса ерекше.  Өйткені, бұл жолы «Қырғыз Республикасының Халық ақыны», жиырмадан астам шетелдік академия, университеттердің құрметті профессоры, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта бағдарламасы, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық, ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының, сондай-ақ Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған «Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» атағының иегері Мұхтар Шаханов өзі бастап келіп отыр. Сіздің жігерлі жырларыңыз бен сазды әндеріңіз ұрпақ санасында үздіксіз сыңғырлап, ел жадында мәңгі сақталып қала бермек. Аузыңыздан шыққан әр сөзіңіз бен өнегелі істеріңіз ұлтқа, қазақ халқына деген зор махаббатқа жетелейді. Қасиетті Атырау аймағына тағы да қош келдіңіз! – деді Дүйсенбек Орынғалиұлы.    

Ал, жиналған жұртты жігерлендіріп, кеудедегі намысты жанитын жігерлі сөзді ұлт жанашыры Мұхтар Шаханов туған тіліміздің қазіргі халі, қоғамдағы адамдардың психологиясы туралы тереңнен толғанды.

– Мен тіл мәселесін көп зерттедім. Соңғы зерттеулеріміз бойынша көз жеткізген бір жайт, егер әркім өз тілінде сөйлеуді тоқтатса, сол адамның ата-бабасының рухы да өшеді екен. Ол – құр далбаса әңгіме емес, ғылыми тұрғыдан дәлелденген нәрсе. Бір неміс, ағылшын және француз бөбегін қатар қойып, неміс тілінде тілек айтқан кезде неміс нәрестесі тыпыршып, емізігін сұраса, қалған екеуі үндемеген. Осыдан-ақ түсіне беріңіз.

Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына жасаған қызметі үшін жылу дәметпеуі керек. Отан да өзінің дараланған перзенттерін марапаттап отыруы шарт. Бірақ, ол өте әділетті түрде шешімін табуы тиіс, – деді Мұхтар Шаханов.

Институт студенттері ақынның «Жігерлендіру», «Нарынқұм трагедиясы» т.б. өлеңдерінен үзінді оқып, автор сөзіне жазылған «Өмір-өзен», «Отырар кітапханасында», «Тасада өскен гүл» әндері орындалды. Сондай-ақ, автор бірде-бір кәсіпкердің көмегінсіз өз саяжайын сатып, соның ақшасына ешкім естімеген Желтоқсанның ащы шындығы туралы ұлттық мүддеге қызмет етіп жүрген шығармалары жинақталған кітаптарын өзімен бірге таратуға әкеліп отырғанын тілге тиек етті.

 «Шындығы жоқ пенделерді

 басар уақыт көшкіні,

Даңққа мойын созғанымен,

Том-том өлең жазғанымен,

Шындығы өлген ақындардың

ақын емес ешбірі!

Шындығы өлген мінезсіздік

болмақ кімнің мақтаны?

Қазір барлық салаларды

мінезсіздер қаптады.

Басшыларға жағымпаздық

бұл кезеңде дара күш,

Содан ақынсымақтардың

көбі «туфли жалағыш»!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз