Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Серік етіп қаламды…

Atr.kz/22 қараша, 2019 жыл. Күні кешеге дейін ортамызда жүрген ардақты азамат, бір әулеттің бәйтерегі болған ақ жүректі бауырымыз Әлібек Жұмағалиұлының қайтпас сапарға аттанғанына жылға жуықтап қалыпты. Уақыт деген сол, бір орында тұрмайды. Минуттар сағаттармен алмасып, өмір көші ілгері жылжи береді.

Әлібек Жұмағалиұлы о б л ы с т ы ң ә р б і р көзіқарақты тұрғынына етене таныс тұлға деп айтуға болады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта кезінен бастап көрермендер оны теледидар хабарларынан жиі-жиі көруші еді. Дәл осы кезде ол облыстық телерадио комитетінде тілшілік қызмет атқарып, облыс тұрғындарын жергілікті жердегі жылт еткен жаңалықтар және халықты толғандыратын өзекті проблемалармен күн құрғатпай таныстырып отырғаны баршаға аян.

Телехабарларын таратудың сол бір алғашқы жылдарында ол әріптестерімен бірге жұртшылықты сапалы телетуындыларымен қауыштыруға күш салған журналистердің бірі. – Мен атам мен Мұқыш ә ж е м н і ң б а у ы р ы н д а өскендіктен, әкем Жұмағали мен шешем Күләнді аға-жеңгедей көретінмін, — деп еді Әлібек балалық шағын еске алғанда. – Мектепке дейін және мектепке барған алғашқы жылдарда, тіпті, бозбала кезіме дейін де абзал атам мен сүйікті әжем маған мейірімін, жүректерінің жылуын аяған жоқ. 4-5 жасымнан бастап атам мені қонақтыққа, жиын-тойларға барғанда қасынан қалдырмайтын.

Кішкентайымнан атамның қойнында жатып, арғы-бергі тарихтан қозғайтын әңгімелерін тыңдап өстім. Атам мен әжемнің маған деген кіршіксіз таза көңілі мен ыстық пейілі ерекше болды. Осыны пайдаланып жастық кезімде бұла болып өстім бе деп те ойлаймын. Бірақ, ессіз тентектікке, аужарлыққа салынғаным жоқ. Асылы ата мен әже бауырында өскен ұрпақтың көпшілігі осылай болады-ау, сірә…

Ә л і б е к Т ұ щ ы қ ұ д ы қ ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепті (бұл күндері аталмыш білім ұясы өзінің қайын атасы, танымал ұстаз Ж.Мырзағалиев есімімен аталады) 1965 жылы бітіріп шықты. Мектепті аяқтаған соң ол білім іздеп басқа да қатарластарымен бірге Алматыға жол тартты. Арманшыл жастың бұл сапарындағы қадамы оңынан болып, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға қабылданады. Негізінен Әлібектің о бастағы арманы да, жүрек қалауы да журналист болу екен. Жақсы әдебиетші мұғалім журналист те бола алады деген қағиданы берік ұстанған болар, университет қабырғасында жаман оқымапты.

Екіншіден, оған бірге жүрген ортасы да өз ықпалын тигізсе керек. Курстас достары да шетінен білімге құштар, әдебиет ілімінің тереңіне іңкәр жастар болып шығады. Оқуға бірге қабылданған Н.Оразалин, С.Әшімбаев, А.Смайылов, Ә.Көпішев, А.Қыраубаева және басқалары сол кездің өзінде әдебиет әлеміне батыл қадам басқан білімді де зерек жастар болатын.

Кейін Әлібектің аталмыш курстас достарының көпшілігі дерлік тұлға ретінде қалыптасып, ғалым, қоғам қайраткерлері ретінде танылды. Осындай әдебиетке, білімге құштар жандар ортасы Әлібектің де талабын ұштап, талантын шыңдай түсті. Ол қазақтың сол кездеақ кеңінен танылып үлгерген марқасқа ақындарының шығармашылығына ден қойып, оны терең зерттеуге және ойлы өлеңдерін көңілге тоқуға ұмтылды.

Әдеби кештерде, әртүрлі кездесулерде ақындар Т.Айбергенов, Ж.Жақыпбаев, М.Отаралиев және басқалардың өлеңдерін жатқа айтатын қасиет қалыптаса бастады. Әдебиетке, поэзияға деген іңкәрлік болмаса, осындай талант қалыптасуы мүмкін емес еді. Сонымен бірге, оның журналистиканың әртүрлі жанрларына да қызығушылығы оянып, мақалалар, зерттеулер жазуға бет бұрды.

Әлібектің университет қабырғасында студент бола жүріп, қазақ радиосында қызмет істеуі, тырнақалды материалдарын эфирде жариялауы оған үлкен қанат бітірді… – Менің негізгі жүрек қалауым – журналист болу, — деді ол сондағы кездесуімізде. – Ауылға келгендегі негізгі мақсатым – газетке не теледидарға жұмысқа тұрып, біржола журналистикаға ауысу. Мен үшін шығармашылық жұмыс әрдайым қымбат және қадірлі. Егер осы салаға түбегейлі ауысып, басқа да
Әлібек осы мақсатына жетті де.

Әуелі облыстық телерадиокомитетте, кейін аудандық, облыстық газеттерде тілші ретінде қызмет істеп, облыс қаламгерлерінің ортасынан ойып тұрып, өз орнын алды. Журналистік қызметке төселе келе, республикалық «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан теміржолшысы» газеттерінің осы облыстағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Атырау» газетінде тілшілік қызмет атқарып, өңірдегі өнеркәсіп, көлік, құрылыс салаларынан тұшымды материалдар жазғанын әріптестері ұмыта қойған жоқ.

…1977 жылғы қыркүйек айының ортасы болатын. Жаңадан құрылған Новобогат (қазіргі Исатай) ауданында аудандық газет шығарылатын болып, сол кездегі облыстық партия комитеті мені осы ауданға редактордың орынбасары қызметіне жіберді. Аудан орталығы Аққыстауда газет шығаруға материалдық база болмады да, бастапқы үш айда газетті Атыраудағы облыстық баспаханадан шығардық. Жұмысқа ыңғайлы болу үшін облыстық баспаханаға іргелес «Атырау» қонақ үйінен бізге бір бөлме беріліп, сонда 2-3 жігіт тұрып жаттық.

Бірде кезекті жұмыс күнінің аяғында бөлмемізге Әлібек бауырым менің осында екенімді естіп, іздеп келді. Құшақтаса амандасып, хал-жағдайды сұрасқаннан кейін мені үйіне апарып, қонақ етті. Ол кезде Әлібек үй алған жоқ, Жұмыскер ауылында баспана жалдап тұрады екен. Сара құрдасымыздың қою шайын ішіп, дәмді тағамдарынан ауыз тигенде өз үйімізде отырғандай сезіндік.

Сол жылдарда Әлібек отбасымен үй жалдап тұрып, сонау Жұмыскерден қалаға қатынап, айдамалдап жұмыс жасап жүрген болып шықты. Оның туыс-бауырға, досжолдастарға деген көңілінің кеңдігі, жүрегінің жомарттығы ғой, кейде қасымдағы жолдастарымды да үйіне ертіп кететін. Әлібек Жұмағалиұлы шығармашылығының айшықты белесі, шырқау биігі «Қазақстан» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі қызметінде жүргенде кеңінен танылды.

Ол шығармашылық сапармен облыстың түкпір-түкпірін талмай аралап, малшылар мен егіншілер, мұнайшылардың күнделікті тыныс-тіршілігін жедел түрде телекөрермендерге жеткізіп отырды. Әсіресе, «Теңізшевройл» қазақа м е р и к а н б і р л е с к е н кәсіпорнының өмірінен түсірген бейнесюжеттері мен шағын метражды фильмдерін жұртшылық жылы қабылдаған еді. Атырау облысы өмірінің әртүрлі тақырыптарын қамтитын хабарлар республикалық телеарнадан беріле қалса, «Ә, мынау біздің Әлібек қой» деп зейін қоя тыңдайтынбыз.

«Қазақстан» телеарнасында жұмыс жасап жүрген кезінде түсірген «Еділге дейін ел қондырған», «Құм Нарын қойнауында», «Дәуірдің даму даңғылы», «Кең Жылойдың келбеті» атты телефильмдері көрермендер тарапынан лайықты бағасын алды. «Қазақстан» телерадио корпорациясының Атырау облыстық филиалы 2017 жылдан өңірге белгілі тұлғаларды, қаламгерлерді жұртшылыққа таныстыру мақсатында «Атырау перзенті» атты арнайы хабар түсіріп, оны экраннан көрсете бастады.

Аталмыш хабардың кезекті бір саны өзінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында, ардагер тележурналист, ақпарат саласының үздігі Әлібек Қайыровқа арналуы өте құптарлық іс болды. Сол сияқты өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында астық жинау науқаны кезінде Әлібектің 3-4 жыл қатарынан Қостанай, тағы басқа астықты облыстарға іссапарға жіберілгенін көпшілік біле бермейді. Ол осы өңірдегі астық жинау жұмысының барысы жөнінде жедел хабарлар түсіріп, оны республика телеэкранынан көрсетуге атсалысты.

Әлібектің мұнайлы өңірден астықты аймаққа жұмсалуы қазақ және орыс тілдеріне жетік, тәжірибелі тележурналист ретінде оған көрсетілген зор сенім екені даусыз. Жыл сайын ол астықты өңірден оралғанда ұнамды қызметі үшін мадақтау, марапат алып жүрді. Әлібек өмірінің соңғы жылдарында өлке шежіресі, тарихи тұлғалардың арғы-бергі тарихын зерттеумен де терең шұғылданып, талмай ізденді.

Осы бағытта ол көлемді-көлемді сериялық материалдар жазды. Әттең, сол еңбектерін жинақтап, кітап етіп шығаруға үлгермеді. Әлібек бауырымыз өңір тарихы төңірегінде тынымсыз іздене жүріп, бір топ зиялы азаматтармен бірге «Ақжелкен» шығармашылық орталығында «Елсана» руханият клубын құрды. Клуб мәжілістеріне аудандардан зиялы қауым өкілдерін шақырып, олардың алдында арғы-бергі тарихымыздан лекциялар оқыды.

Сол сияқты ол лекция-әңгімелерімен облыстың бірқатар аудандары жұртшылығы алдында да сөз сөйлегенін айтқан ләзім. Биыл наурыз айының басында облыс орталығындағы «Ақжелкен» шығармашылық бірлестігі жас ақындардың алаңын ашып, оған Қазақстанның құрметті журналисі Әлібек Қайыровтың есімін берді. Аталмыш шара кезінде Әлібектің шығармашылық қырлары кеңінен сөз болып, жас ақындар оған арнаған өлеңдерін оқыды.

Кейін қыркүйек айында шығармашылық орталықта осы үрдіс жалғастырылып, балауса жыр иелерінің мүшәйрасы өткізілді. Демек, танымал журналистің есімі болашақта өңірдегі поэзия жанашырлары мен ақындар ортасында да ұмытылмай, құрметпен еске алынатыны күмәнсіз. Кейінгі бір-екі жылда Әлібек университет басшылығының шақыруымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болашақ журналистерге журналистік шеберлік, баспасөз қызметінің қыр-сырлары жөнінде дәріс бергенін де айта кетуді артық санамадық.

Әлібек шығармашылығының ондаған жылдары халық шаруашылығының күре тамыры теміржол саласына арналды. Әуелі ол республикалық «Қазақстан теміржолшысы» газетінің батыс облыстардағы меншікті тілшісі, артынан Атырау, Маңғыстау облыстарының теміржолшыларына таралатын «Болат арна» басылымының шығарушы редакторы болды. Осы салада қызмет істеп жүрген кезінде батыстағы үш облыстың темір жол стансалары мен бекеттерін, басқа да өндірістік нысандарды қалдырмай аралап, олардың тыныс-тіршілігі мен өзекті проблемаларын байыппен көрсете білді.

Әлібек өңірдегі меншікті тілші бола жүріп, теміржолшылар өмірінен жүздеген көркем очерктер, репортаждар жазып, газетке жариялады. «Болат жолдың бапкері», «Үлкен жолдың үстінде» деп аталатын қос кітабы осы жылдары басылып шығып, теміржолшылардың қолынан түспей оқитын еңбекке айналды. Осындай қым-қуыт қоғамдық жұмыстардың арасында жүрсе де ол өзінің шығармашылығын ұмытпай, мемуарлық еңбек жазуға талпыныс жасаған екен. Ол өмірден өткеннен соң оның жеке мұрағатын ақтарған кезде бұған көзіміз жетті.

Сол еңбекті жинақтап, естеліктермен толықтырып, «Атырау-Ақпарат» баспасынан жинақ етіп шығардық. Мұны біз әріптес бауырымыздың рухы алдындағы парызымыз ретінде санаймыз. Қырық жылға жуық шығармашылық қызметінде өңір тынысы мен адамдардың жасампаздық ісін жария етуге бір кісідей атсалысып, қалам қуатын таныта білген аяулы әріптесіміз осылайша біздің есімізде сақталып қалмақ.

Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button