СЕНАТОР – ОБЛЫСТЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
— Өздеріңіз де білесіздер, Қайрат Қыдырбайұлы – осы топырақтың тумасы, төл перзенті. Біраз жыл балық шаруашылықтарын басқарып, өндірістің шебер ұйымдастырушысы ретінде танылған ол кезінде Балықшы ауданы басшыларының бірі болды. Облыс әкімінің орынбасары қызметінде байыпты басшылық жасап, аймақтың өзекті мәселелерінің оңды шешімін табуына ықпал етті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы ретінде де өзіне жүктелген қоғамдық жұмыста жоғары белсенділік көрсетіп, міндетін абыроймен атқарды. Сенат депутаты болып сайланғалы бері де сайлаушылардың сенімі мен үмітін ақтап, қазыналы өлкеміздің қордаланған проблемаларының түйінін тарқатып, мемлекеттік деңгейде шешімін табуына да айтарлықтай үлесін қосып келеді. Ең бастысы, Қайрекең – қашан да қарапайымдылығы мен парасаттылығынан танбаған, адалдығынан айнымаған, адамгершілігі жоғары азамат. Сондықтан да, Қайрат Қыдырбайұлы осындай құрметті атақты иеленуге әбден лайықты деп есептеймін. Осы ұсынысты қолдап, мақұлдаған облыстық мәслихаттың депутаттарына рахмет айтамын. Өйткені, бұл сіз бен біздің елден шыққан ардақты азаматқа деген құрметіміз, — деді облыс әкімі.
Қайрат Ищанов өзіне көрсетілген зор құрметке ризашылық сезімін жасырмады. Аймақ басшысына, сол арқылы барлық жерлестеріне алғысын арнады. — Біраз лауазымды қызметтердің тізгінін ұстап, азды-көпті еңбегіміз ескеріліп, түрлі мақтау-марапатты да еншіледім. Әйтсе де, бұл жолғысының жөні бөлек. Өйткені, ол бір маған ғана емес, мен сияқты елден шыққан азаматтарға көрсетілген құрмет деп санаймын. Басқаларымен салыстырғанда, өз еліңнен, туған жеріңнен ұсынылған марапаттың мәртебесі биік. Алға қарай да елдің игілігіне қызмет қылып, халықтың сенімін ақтау жолында жұмыстана бермекпін, — деді сенатор Қайрат Қыдырбайұлы.
Салтанатты рәсімге қатысқан әріптестері атынан марапат иесін облыстық мәслихаттың депутаты Дүйсенбек Құлжанов құттықтап, ізгі ниет, игі тілегін жолдады.
Дәулетқали АРУЕВ.