Сенат мал ұрлығы, браконьерлік пен есірткі саудасына жазаны күшейтетін заңды қабылдады
Atr.kz/26 желтоқсан, 2019 жыл. Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қылмысқа қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Әсіресе, адам өлтіру, зорлау, педофилия, мар ұрлығы, браконьерлік, есірткі таратуға, мас күйінде көлік басқаруға жазаны қатайту жөнінде айтты. Осы орайда аталмыш заң жобасы Президенттің осы тапсырмаларын орындауға арналған.
«Біріншіден, мал ұрлығы деген жеке бап енгізілмек. Ол қылмыс үшін басқа ұрлық түрлеріне қарағанда жаза қатал болмақ. Жалпы, бұл норманың маңызы зор. Төрт түлікке қол сұғу – ауыл адамын күнкөріс көзінен айырумен бірдей. Осыған тосқауыл керек. Қазір мал ұрлау кәсіпке айналған», — деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Енді бұл санатта теріс қылық пен орташа ауыр қылмыс деген болмайды. Заң жобасында жай құрам үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру ескерілген. Егер топ болып алдын ала сөз байласып, ірі мөлшерде ұрлық жасаса — 7 жылға дейін сотталады. Бірнеше рет мал қораға, қоймаға бұзып кіргені үшін — 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Бұдан бөлек, заңсыз есірткі насихаты мен жарнама үшін жаңа бап енгізілді. Осы орайда есірткі жарнамасы үшін қылмыстық жауапқа тарту ескерілген.
Айыппұл, түзету жұмыстары, қоғамдық жұмыс деген болмайды, тек бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Заңсыз есірткі айналымы үшін электронды ақпарат ресурстарды пайдалану деген саралау белгісі енгізілмек. Бұндай қылмыстар үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. «Қазір заңсыз аңшылық, балық, су жануарларын аулауға, өсімдіктерге қатысты әрекеттер теріс қылықтар санатында. Енді олар қылмыс санатына кірмек. Жаза мөлшері де күшейтіледі. Қомақты айыппұл 10 млн теңгеге дейін көбейеді, сондай-ақ төрт жыл бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Егер бұл қылмыстар табиғи қорықта жасалса, Қызыл кітапқа енген аңдарды, балықты ауласа — 6 жылға дейін, ал аса ірі көлемде немесе қылмыстық топ болып жасалған қылмыс болса — 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру бекітіліп отыр», — деді М. Ахметжанов.
Оның сөзіне қарағанда, табиғатымызды, аң құстарымызды қорғайтын инспекторды және қорықшының өміріне қауіп төндіріп, күш қолданғаны үшін жауапкершілік енгізу қарастырылған. Мұнымен қоса, мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікті күшейту ескерілген.