Атырауда Сембек Жұмағалиевтың «40 жыл – сахнада» атты ән кеші өтті
Қазақстанның белгілі әншісі, Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сембек Жұмағалиев Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында «40 жыл – сахнада» атты өзінің ән кешін өткізді.
Концерт шымылдығы «Дудар-ай», «Ана туралы жыр», «Әдемі қыз» және «Ауылың сенің іргелі» атты әндерімен ашылды. Сембек Жұмағалиевтың репертуарындағы Марат Ильясовтың «Алтын-ай» әнін халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің лауреаты, республикалық «Жас қанат» байқауының жүлдегері, облыстық филармония әншісі Хамил Сүйекбаев нақышына келтіріп орындап шықты.
«Ғашықтар жыры» – Сембек Жұмағалиев пен Мақпал Жүнісованың бойтұмарына айналған ән. Оны Шөмішбай Сариев пен сазгер Кеңес Дүйсекеев бірлесіп жазған. 1984 жылдары композитор Кеңес Дүйсекеев Сембек ағамен жолығып, жаңа шыққан «Ғашықтар жыры» әнін Нағима Есқалиевамен бірге айтуды ұсынады. Сембек ағамыз «Қасың қандай, қарақат көзің қандай» деп басталатын ән мәтінін қарап: «Нағимамен айтсам, сөздерін «бойың қандай» деп өзгертуге тура келеді» деп әзілдейді. Сол сәтте ол сазгерге ансамбльге жаңадан келген жас әнші Мақпал Жүнісова туралы айтады. Осылай қос дауыста «Ғашықтар жыры» әні жазылады. Кеште сол бір танымал әнді «Жастар» дуэті орындап, зал толы көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
1995 жылы Сембек Жұмағалиев Атырау облыстық филармониясының шақыртуымен жұмысқа келді. 2000 жылы Иманғали Тасмағамбетовтың тікелей қолдауымен жаңадан құрылған «Атырау» жастар ансамблінің көркемдік жетекшісі, әрі директоры қызметіне тағайындалды. 2005 жылы Алматыдағы «Қазақконцерт» бірлестігіне жұмысқа ауысады. Сол жылы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне ұстаздық қызметке шақырылады.
Қазіргі таңда ағамыз – Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрада өнері» кафедрасының доценті.
Кеш соңында Сембек Жұмағалиевке облыс әкімінің атынан ықылас гүлі табыс етілсе, облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармониясының директоры Ғаділ Дүйсенғалиев өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, иығына шапан жапты.
Абай Ақмұрзиев