Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Сегіз айдың серпіні

Өңірде  2019 жылға дейін 31 инвестициялық жоба іске асырылып, 3635 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Осылайша, өңірдің өндірістік әлеуеті артып, аймақтағы жұмыссыздық деңгейі тағы бірнеше есеге төмендейді деп күтілуде. Бұл туралы Атырау облыстық мәслихатының кезекті сессиясында депутаттық корпус алдында есеп берген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев атап айтты. Сегіз айдың жұмысы қорытындыланған жиында негізгі бағыттардың нәтижелері сараланды.

WhatsApp Image 2018-09-27 at 11.18.24 (1)

 20182 жұмыс орны ашылды

Қазіргі таңда мұнайлы өңірде 45 906 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде өндірілген өнім көлемі 38,7 пайызға өскен. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік, бизнес бағытындағы түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне де ықпал етіп отыр. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2006 жылы облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 16268 болса, қазір 1732 отбасы, яғни, 9374 адам атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың оң нәтижесін көрсетеді.

Сондай-ақ, облыс әкімі «Даму» қоры, «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасымен біріге отырып, жаңа кәсіпорындарды ашу жөнінде жұмыстардың жалғасып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда облыстағы әрбір төртінші адам шағын және орта бизнесте жұмыс жасайды.

«Мәселен, 2018 жылы 27613 жұмыс орнын ашу міндеті тұрған болатын. Есепті мерзімде жаңадан құрылған жұмыс орындарының саны 20182-ге жетті», — деді облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.

Қиғаш, Жайық өзендерін тереңдету жалғасады

Атырауда балық шаруашылығын дамыту басты назарда тұр. Негізгі көрсеткіш ретінде Қиғаш және Жайық өзендерінің Каспий теңізіне құяр сағасын тазалау, каналдарды тереңдету жұмыстарының қолға алынғанын атап өтуге болады.

«Өзендердің түбін тереңдету аймақтың экологиялық ахуалымен қоса экономикалық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді. Балықтардың уылдырық шашу өрісі кеңіп, табиғи қорды толтыруға жол ашады. Өткен жылы басталған ауқымды жұмыстар жоспарға сәйкес 2019-2020 жылдары толық аяқталатын болады», — деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Белгілі болғанындай, өзендердің тереңдетілуі балық жүретін арналардың көзін ашып, уылдырық шашу өрісіне еркін өтуін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда Қиғашта 132 шақырым, Жайықта 62 шақырым болатын балық жүретін каналдарды тереңдету жұмыстары жүрді. Әкімнің айтуынша, жоба өлкедегі балық шаруашылығын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.

Үш ауысымды жүйе жойылады

Облыста апатты жағдайда тұрған төрт мектеп бар. Бүгінде аталған мектептердің бірінің құрылысы жүріп жатыр. Үш мектеп құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, қазіргі таңда аймақтағы он төрт мектеп үш ауысымды жүйеде білім беруге мәжбүр болып отыр.

Мұндай мектептердің көпшілігі Атырау қаласында орналасқан.

«Бүгінгі таңда облыс орталығынан сегіз мектеп тұрғызу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 14 мектептің құрылысы басталды. Жоба толықтай жүзеге асқан жағдайда, облыстағы үш ауысымды мектеп мәселесі толықтай жойылады», — деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

Мемлекет басшысының мектепке дейінгі тәрбие мәселесін басты назарда ұстап отырғаны белгілі. Аймақта 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие орнымен қамту көрсеткіші 95 пайызды құрап отыр. Ендігі меже – осы көрсеткішті 100 пайызға жеткізу. Бұл бағытта жергілікті бюджеттен және жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі аясында бөлінген қаражат есебінен балабақшалар құрылысы жүруде. Қазіргі таңда Атырау қаласынан жиырма балабақша салу жоспарда бар.

Көшелерде – «ақылды» шамдар

Жергілікті билік мемлекеттік-жеке әріптестік жүйесін дамыту мәселесін де айрықша назарда ұстап отыр. Бұл бағытта облыста екі жоба жүзеге асты. Мәселен, «Батыс транзит» акционерлік қоғамы мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арасында «Атырау қаласының көшелерін жарықтандыру желісін салу және пайдалану» атты жобаны жүзеге асыру жөніндегі алғашқы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты жасалды. Атырау қаласындағы 39 көшені жарықтандыру жұмысы  толығымен аяқталды. Жарықтандырылған көшелердің жалпы ұзындығы 106 шақырымды құрайды.

Басты ерекшелік сол, жоба энергияны тиімді пайдалану және оны үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы аталған жоба жаңа технология-ларды енгізу, пайдалану шығындарын азайту, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, олардың қалада жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау, қылмыс деңгейін азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда жұмысты жалғастыру бағытында келіссөздер жүруде», — деп атап өтті облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.

Екінші жоба тұрғындарды рентгендік аппаратқа түсіруге бағытталған. Яғни, шалғай ауыл, аудандарда рентген аппаратына түскен азаматтар дәрігерлердің қорытындыларымен бірге, тиісті ұсыныстарын облыстағы орталықтандырылған бір терезеден ала алады.

Сессия қорытындысында депутаттық корпус облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың есебін оң бағалады.

Абзал ТаЛТЕНОВ, облыстық мәслихат депутаты:

Он бір балабақша іске қосылды

– Биылғы жылдың өзінде облыста он бір балабақша іске қосылды. Жыл аяғына дейін он үш балабақшаның құрылысы аяқталады. Жаз айларында жеті балабақшаға жөндеу жүргізілді. Аймақта он төрт мектеп салынды. Ал, биыл тағы да бес мектеп тұрғызылады. Және келер жылы он төрт мектептің құрылысы басталады деп күтілуде.

Тағы бір мәселе – студенттерді жатақханамен қамту. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы негізінде біздің облыста екі жатақхана іске қосылды. Қазір колледждердің жатақханасы салынуда. Жоспарға сәйкес екі жылда облыста жатақхана мәселесі түбегейлі шешіледі.

Сағидолла ҚҰЛҒАЛИЕВ, облыстық мәслихат депутаты:

Агробизнеске – айрықша назар

– Аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, ауыл тұрғындарына жер алып, жеке шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол.

Аймақ басшылығының ықпалымен Бақсай, Алғабас сынды маңызды каналдар республикалық меншіктен облыс балансына берілді. Нәтижесінде су жүйелерін күрделі жөндеуді көздейтін жобалық-сметалық құжаттар жасақталды. Бұдан басқа, Индер ауданында екі мәдениет үйі, балабақша, 44 қызметтік пәтер пайдалануға берілді. Яғни, өңірде әлеуметтік нысандармен бірге, агросекторды дамытуға барлық жағдайлар жасалуда.

Баян Жанұзақова

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button