Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Саябақ ойын алаңы емес

…Саябаққа егізін көтере кірген жас ана балаларын жерге түсіре салысымен, қайсысының артынан жүгірерін білмей тұрып қалды. Бірі кіреберістегі қызылды-жасылды арзан ойыншықтарға ұмтылса, екіншісі тізіліп тұрған машиналарға мінемін деп тырмысуда…

xQye5v532lkh0BK6eSsrsc85b3IRhI

Орталық парк саналатын жеңіс саябағы – көпшіліктің демалыс орны. Ауасы таза, ағаштары да жайқалған, әдемі. Тек, көңілге кірбің ұялататыны – жоғарыдағы көрініс. Жабайы сауда. Демалуға келген ата-ана кіреберістегі «тұзақтардан» өтіп кетсе, таза ауадағы кешкілік серуенге қол жеткіздім деп есептей берсе болады. Ал, еркетотайыңыздың дегенін жасап, қытайдың ойыншығын, қантты мақта мен балмұздақ алып берсеңіз, балық аулатып, батутқа секіртсеңіз, демалысыңыз жоспарланбаған қаржылық шығындарға ұрындырары анық.

Мәншүк апай – Авангардтың тұрғыны. «Екі немеремді алып келіп едім, бірі  батутқа барамын, бірі велосипед айдаймын деп отыр. Қай ойынға барсаң да, қып-қызыл ақша. Келген сайын екі-үш мың теңгені беріп кетуге мәжбүрміз» дейді ол. Саябақтың іші құдды базар ма дерсің. Самсаған ойыншық, аспандап тұрған баға. Базар бәсінен де артық ақшаға бағаланып тұрғандардың барлығы – қытайлық, арзанқол дүниелер.

Саябақтағы ойын түрлерінің бағасын білуге бет бұрдық. Батутта секіру бір балаға 15 минут үшін – 300 теңге. Жасанды тоғаннан магнитты балық аулау мен «Смешарики» деп аталатын ойынның бағасы да сондай. Балалар көлігінің бәсі – 500 теңге. Есептеп көріңіз, бір баланы аталған ойын түрлеріне апарар болсаңыз, 1400 теңге жұмсауыңызға тура келеді. Бұған қоса, балаңызға 150 теңгенің балмұздағы, 200 теңгенің мақтасы мен 300 теңгенің попкорны секілді сүйікті тағамдарын таңдаса, сіздің қалтаңыз 2050 теңгеге қағылады. Ал, аталған шығынның бала санына байланысты еселене түсетінін естен шығармаңыз.

«Жалпы, демалыс орны болған соң, бұл жерге осы ойын түрлерінің қойылуын дұрыс емес деп білемін. Арнайы орын бөліп, басқа жерге шоғырландырса, тиімді болар ма еді? Ал, паркке демалу үшін келген жөн. Дәл осындай көрініс орталықтағы Исатай-Махамбет алаңында да орын алғаны қынжылтады» деген жас ана Анар Шортанбаеваның сөзінен соң, екінші тараппен де тілдеспек болдық.

Аты-жөнін газетте атап көрсетпеуді өтінген кәсіпкер: «Әрине, тиісті құжаттарымыз бар. Жергілікті қалалық әкімдіктің рұқсатымен ғана жұмыс жасаймыз. Әйтпесе, учаскелік инспекторлар да бізді мына жерге тұрғызбас еді» дейді. Жоғарыда айтылған пікір туралы сұрап едік, «Басқа жерге көшу – біз үшін тиімсіз. Себебі, адамдар аз немесе мүлдем жоқ болады. Бұл жұмысымыз – маусымдық. Жаздың алғашқы айынан бастадық, енді аз күндерден соң демалысқа кетеміз» деп жауап берді.

– Сізбен сөйлесіп тұрған бес минуттың ішінде екінші машинаңызды алып кетіп жатыр, табысыңыз мол шығар. Жалпы, неше машинаңыз бар?

– Табыс – азғантай. Бес машинам бар еді, жақында жаңадан екі көлік алдым. Айттым ғой, бұл – уақытша ғана жұмыс.

– Бұл жұмысты аяқтаған соң немен айналысасыз?

– Балаларымды сабаққа, қосымша  үйірмелерге апарып, алып келетін боламын. Жалпы, үй шаруасындағы анамын.

…«Алып бер» деп  ештеңе сұрама. Бұл жердегі ойыншықтар жаман. Батутқа мінбе, лас. Машинаны кеше келгенде айдадың. Иә ма!».  Анасы көлігінен түсе сала, бес-алты жастағы баласын осылайша «оқытып», паркке кіріп келеді…

Гүлжан Әмірова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button