Протез жасату мүмкіндіктері

doc6b9yq3hy45i1dctc6304 800 480 Жаңалықтар

Құрметті редакция! Мен өндірістік апаттың кесірінен бір қолдан айырылдым. Қазіргі заманауи медицинаның мүмкіншілігі жоғары. Сондықтан, қолға протез жасатуды ойлап жүрмін. Әрі дәрігерлер де осылай кеңес берді. Бұл көмекті алу үшін қандай құжаттар керек екен?

Қуаныш БАЯНБАЕВ,

Құрманғазы ауданы.

doc6b9yq3hy45i1dctc6304_800_480

Оқырман сауалына орай Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиеваның берген жауабын назарларыңызға ұсынамыз.

– Қазақстан Республикасының 13 сәуір 2005 жылғы «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тіршілік- тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшін тең мүмкіндік жасаудың барлық шараларын қарастырып отыр. Осы Заң қолданысқа енгізіліп, Үкіметтің 20 шілде 2005 жылғы «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» қаулысы қабылданғанға дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік қолдаудың көптеген түрлерін пайдалана алмады.

Соңғы сегіз-тоғыз жылдан бері олар әртүрлі көмекші құралдармен жыл сайын қамтылып отыр. Солардың бірі – протез – ортопедиялық көмек  Қазақстан Республикасының  мемлекеттік сатып алу  туралы  заңнамасына  сәйкес  мемлекеттік  тапсырыс  қаражаты есебінен  жүзеге асырылады. Протездік – ортопедиялық көмекке мұқтаж  мүгедектер  тұрғылықты   тұратын жері бойынша  қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөліміне  өтініш береді. Стационарлық протездеуді қажет ететін мүгедектер жеткізушінің медициналық стационарына  жатқызылады.

Медициналық стационарға бару мен кері қарай жол жүруді қоса алғанда, госпитальда жатудың барлық кезеңіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімге еңбекке жарамсыздық парағы беріледі.  Протездеуге бару мен тапсырыс беру, өлшеп көру, протездерді немесе  күрделі  ортопедиялық аяқ киімді алу үшін және протездеу  уақытындағы оларды баптап  күтумен  байланысты шығыстарды  жеткізуші мемлекеттік тапсырыс  қаражаты есебінен  төлейді.

Протездеуге  жол жүру  ақысын  төлеу жылына екі реттен аспайтын  сапарға жүргізіледі. Протездеуге   баратын және ертіп жүруді қажет ететін бірінші топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларға протездеуге  бару сапары  кезінде  ертіп жүрушінің  жолақы  шығындары  жылына бір рет  барып–келу бағыттарына, ертіп жүрушінің  тікелей  өзіне төлқұжаты  көрсетілгенде төленеді.

Көрсетілетін қызметті алушы қызмет берушіге жүгінген кезде мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі:

– өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасынан үзінді;

–  жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектер үшін жазатайым оқиға туралы акті және жұмыс берушінің қызметінің тоқтатылғаны немесе заңды тұлғаның таратылғаны туралы құжат сұратылады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз