Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

Сәуірде күтілетін өзекті 10 өзгеріс

Қазақстанда 1 сәуірден бастап зейнетақыны есептеу әдістемесі өзгереді, оқушылар қашықтан оқиды, электр энергиясы қымбаттайды.

Нұр-Сұлтан мен Алматының оқушылары қашықтан оқиды

Екі мегаполисте індеттің қайта өршуіне байланысты мектеп оқушылары IV тоқсанда қашықтан оқиды. Елорда мен Алматының бас санитар дәрігерлері осындай шешім қабылдады.

Нұр-Сұлтанда соңғы тоқсанда тек 9, 11 (12) сынып оқушыларына ғана аралас форматта оқуға рұқсат етіліп отыр. Қалғандары үйде, онлайн білім алады.

Мектеп бітіретін 9, 11 (12) сыныптар пәндердің 70%-ін – дәстүрлі форматта, қалған 30%-ін қашықтан оқиды. Сыныпта бала саны 15 адамнан аспауы керек.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері де қашықтан оқытуға ауысады.

Ал Алматыда оқу жылының соңына дейін жалпы білім беретін мектептер 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін қашықтан оқытуға көшірілді. Сондай-ақ, ата-аналардың өтінішімен 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін, 9 және 11 сынып оқушыларына кезекші сыныптар ашылады. Бір сыныпта бала саны 15 адамнан аспауы тиіс. Кезекші сыныптарға созылмалы ауруы жоқ балалар қабылданады.

Қалған өңірлерде IV тоқсан қалай басталады

Коронавирустың таралуы бойынша «жасыл» және «сары» аймақта тұрған өңірлерде барлық сынып аралас форматта оқиды. Сыныпта балалар санын 25-тен асырмау қажет.

Ал «қызыл» аймақта жалпы білім беретін мектептерде мектепалды даярлық, 1-5 сынып оқушылары (халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар) аралас форматта оқиды, сыныпта оқушылар саны 25-тен аспауы тиіс. 9, 11 (12) сыныптар аптаның алты күні аралас форматта білім алады. Сыныпта 15 адамнан көп болмауы тиіс, «бір сынып-бір кабинет» қағидаты мен маска режимі және санитарлық талаптар сақталуы шарт.

Республиканың барлық өңірінде:

  • контингенті 300 оқушыға дейінгі мектептерде дәстүрлі форматқа рұқсат етіледі, сыныпта балалар саны 25-тен аспауы керек;
  • сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады.

1-сыныпқа қабылдау

Бүгін 1-сыныпқа құжат қабылдау басталады. Мектепке 6 жасқа толған және осы жылы толатын бүлдіршіндер қабылданады.

Құжаттар мектепке egov.kz порталы арқылы жіберіледі.

Ата-аналар өтініш, туу туралы куәлік көшірмесін, бала денсаулығы паспорты, денсаулық жағдайы туралы № 063/у нысанындағы анықтама және 3х4 екі фотосурет тапсырады.

Өтініш бір жұмыс күні қаралады.

Білім беру ұйымдарының тізімде жоқ құжаттарды талап етуге құқығы жоқ.

Гимназия, лицейлерді қоспағанда, барлық мектеп балаларды емтихансыз қабылдайды.

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады.

2021-2022 оқу жылында республика бойынша бірінші сыныпқа  340 мыңнан астам бала барады деп болжанып отыр.

Зейнетақы жаңаша есептеледі

1 сәуірден бастап Қазақстанда ай сайынғы зейнетақыны есептеу әдістемесі өзгереді.

Бұған дейін БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен кем болмауы тиіс еді.

Ал 1 сәуірден бастап ай сайынғы төлем жаңаша есептеледі. Жаңа әдістеме бойынша бірінші жылдағы зейнетақы жинағының жалпы сомасын 6,5% мөлшерлемесіне көбейту керек. Келесі жылдары төлем мөлшері 5%-ке индексацияланады.

Мәселен, зейнетақы жинағының жалпы сомасы 6 000 0000 теңге болды делік.

  • 1 сәуірден бастап алғашқы жылдың зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы: 6 000 000*6,5%=390 000 теңге болады.
  • Ал ай сайынғы төлем мөлшері (390 000/12 ай) 32 500 теңгені құрайды.
  • Екінші жылда оның мөлшері 5 процентке өседі де, 34 125 теңгеге дейін көтеріледі.

Жаңа әдістеме 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап БЖЗҚ-дан өз төлемін алуды бастайтын болашақ зейнеткерлерге арналған.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2021 жылдың 31 наурызына дейін зейнетақы ала бастаған азаматтар үшін бұл әдістеме 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады.

Зейнетақыны есептеу әдістемесі қалай өзгергенін толығырақ мына жерден біле аласыз.

Жәрдемақыға өтінім беру жеңілдейді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 сәуірден бастап зейнетақы мен жәрдемақыға өтінім қабылдау тәртібін кезең-кезеңмен оңайлатуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде қазақстандықтар қайда жүргеніне қарамастан, кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында өтінім бере алады.

Электр энергиясы қымбаттайды

1 сәуірден бастап жылу электр станцияларының шекті тарифі орта есеппен 15%-ке көтеріледі. Тарифтерді көтеру жылу электр станцияларын жөндеу үшін қажет, деп түсіндірді энергетика министрлігі.

Энергия өндіретін 45 компанияның 37-сі шекті тарифті көтеруге өтініш берген.

Баға өскеннен кейін, электр энергиясын халыққа жеткізетін компаниялардың шекті тарифтері қайта қаралады.

Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов энергия өндіретін ұйымдардың тарифі көтерілгеннен кейін, басқа кәсіпорындардың қызмет ақысы өсуі мүмкін екенін ескертті.

Көлік салығы

1 сәуірде 2020 жылдың көлік салығын төлеу мерзімі аяқталады.

Көлік салығын мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтынан, «E-SalyqAzamat» қосымшасынан, банктердің мобильді қосымшаларынан тексеруге болады.

«E-SalyqAzamat» мобильді қосымшасын жүктеу үшін ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында (ХҚКО-да) ЖСН-ге тіркеліп тұруы қажет.

Көлік салығы айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі. Салық 2020 жылға төленетіндіктен, өткен жылдың айлық есептік көрсеткішін пайдалану қажет. Оның мөлшері – 2 651 теңге. Тәртіп бойынша салық қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді.

Көлік салығы жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша салық басқармасына төленеді. Оны қолма-қол ақшамен кез келген банк бөлімшесінде, я болмаса, төлем терминалында жасауға болады. Бұдан бөлек, банкоматтар мен мобильді қосымшалар арқылы салықты төлеуге мүмкіндік бар.

Салық уақытында төленбесе, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алады. Барлық материал сот орындаушыларға жіберіледі. Ондайда өсімпұлды төлеуге, оған қоса, сот орындаушыларының қызметіне де ақша шығаруға тура келеді.

Вакциналау есептігіші

Қазақстанда 1 сәуірден бастап коронавирусқа қарсы вакциналау есептегіші пайда болады.

«Біз 1 сәуірден бастап вакциналау есептегішін іске қосамыз. Президент әкімшілігінің тапсырмасы бар. Өңірлер бойынша күн сайын коронавирус жұқтырғандардың статистикасына ұқсас есептегіш «ілініп тұрады». Ол біздің сайтта орналасады», — деген болатын бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Кез келген қазақстандық елге қанша вакцина түскенін және қанша адам екпе алғанын көре алады.

Қазақстанда 2021 жылдың соңына дейіін алты миллион адамды вакциналау жоспарланып отыр.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеті

1 сәуірде Қырғызстанда Қазақстанмен шекарада орналасқан «Қарқыра-автожол» өткізу пункті жұмысын қайта бастайды.

Ыстықкөл облысының Түп ауданындағы пункт күн сайын 08:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Пункт арқылы азаматтар, жеңіл автокөліктер мен жүк көліктері өте алады. Алайда электронды визасы бар азаматтардың өтуіне рұқсат етілмейді.

Өткізу бекеті 2020 жылдың қарашасынан бері ауа райының қолайсыздығына байланысты жабық болған еді.

«Спутник Қазақстан»

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button