Сатуға шығарылған кейбір малдардың тиісті құжаттары жоқ болып шықты (ФОТО)
Бүгін Атыраудағы «Тума» мал базарында таңертеңнен бері қой саудасы қызып тұр. Базарда мал сатушылар мен сатып алушылардың қатары сағат сайын көбейіп жатыр. Осы себепті қалалық ветеринария бөлімінің мамандары сатуға шығарылған малдардың тиісті құжаттарын тексеріп үлгере алмай жатыр.
Қалалық ветеринария мамандары ең алдымен сатуға шығарылған малдардың тиісті құжаттарын тексереді. Сосын осы құжатта көрсетілген сырға нөмірлері мен малдың құлақтарындағы сырғамен сәйкестігін анықтайды. Бір қызығы, көптеген малдар тиісті сала мамандары тексеріп, олардың рұқсатын алмай-ақ сатылып кеткен. Сатылып та жатыр.
– Таңертеңгі 08:10-да келіп тоқты сатып алдым. Осындағы цехта сойдырып, етін мешітке апарып өткізбек болғанмын. Тоқтыны алып, осында біраз айналып қалдым. Мал сою цехындағы кезекті көп күтуге тура келді. Кезегім енді жетті-ау дегенде қалалық ветеринария бөлімінің мамандары келіп, бұл қойды сатқан кәсіпкердің тиісті құжаттары жоқтығын, тіпті, мен сатып алған тоқтының сырғасы жоқ екендігін айтты. Енді не істерімді білмей тұрмын. Қой сатқан адамға қайта барсам, ол қайтып алмай отыр. Енді бұл тоқтыны құрбан шалуға болады ма, жоқ па соны анықтай алмай әлекпін, – дейді өзін Мақсат деп таныстырған жігіт бізбен әңгімесінде.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.