САСЫҚСАЙДАН ҚҰТЫЛАР КҮН ЖАҚЫН
Atr.kz/19 қазан, 2019 жыл. Кәріз-тазарту станциясы – облыс орталығының сол жақ бөлігінің кәріз суын тазарту проблемасын шешеді. Бұл жоба келесі жылы іске асырылып, құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы ӨКҚ – де өткен брифингте Атырау облысының экология департаментінің басшысы Абай Сафин мәлімдеді.
-2021 жылдан бастап «Сасықсайға» лас су ағызу тоқтатылады, ал оның аумағы қалпына келтірілетін болады. Бұл ретте, қалпына келтірудің, яғни, рекультивациялаудың басым бөлігін «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жүзеге асырады. Ал, оң жақ жағалаудағы ағынды су қабылдағышын тазарту немесе «Квадрат» тазарту қондырғыларын қайта құру жұмыстары жоспарланған. Жұмыстар қазір жобалау сатысында. Бұл қаланың ауа сапасына оң әсер етеді деп есептеймін, — деді Абай Сафин.
Айта кетейік, 2016 жылы 4 қарашада Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев селекторлық жиналыста кәріз суларының су тарту жүйесінің жағдайын «баяу бомбаға» теңеген еді. Аймақ басшысы қала билігіне бұл проблеманы барлық ресурстарды іске қосып, тез арада шешуді тапсырған болатын.