«Сары уайым түбі – тұңғиық»
Статистикалық көрсеткіштерге қарағанда, елде соңғы екі жылда жүйке жүйесі сыр бергендердің саны артқан. Мұны мамандар тұқым қуалайтын аурудан гөрі, қоғамдағы әлеуметтік мәселелер, соның ішінде отбасындағы дау-жанжалдың көбеюімен байланыстырады.
Шынын айту керек, психикалық аурулар әсіресе қазақ қоғамы үшін бүгінге дейін жабық тақырып болды. Өйткені бұл сала туралы әңгіме қозғалса біздің халықтың көз алдына есі ауысып, ақылынан алжасқан адамдарды елестейді. Психикалық орталықты да солай ойлайды. Сондықтан, көбінесе ауруханаға жатудан ат-тонын ала қашып, ауруын асқындырып алады. Ең қауіптісі, мұндай дертке шалдыққан адам ешқашан өздігінен ауруын мойындамайды екен. Сырқаты әбден дендеп, созылмалы түрге айналғанда ғана маманның көмегіне жүгінеді. Бізге жұмбақ бұл саланың тағы қандай сырлары бар? Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының қазіргі жай-күйі ше?
Көкейдегі көп сауалдың жауабын білу үшін мекеменің директоры Елдос Қыдырсиықовпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Елдос Ерсайынұлы, психикалық денсаулық орталығы – өңірдегі медицина мекемелерінің ішіндегі айрықша емдеу тәсілі қалыптасқан нұсқасы. Сіз басқаратын саланың қаншалықты күрделі екендігі баршаға мәлім. Алдымен орталықтың қазіргі ахуалы туралы білсек…
– Адамзат үшін басты байлық – денсаулық. Өзіңіз айтып отырғандай, медицинада маңызды саланың бірі – психиканың бұзылуынан зардап шегуші адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету. Біздің облыста бұл дертті емдеумен айналысатын бірден-бір мекеме – Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы.
Орталықта тұрғындардың психикалық саулығының жай-күйін жүйелі түрде байқау, динамикалық байқаудың нәтижелері бойынша психиатриялық-наркологиялық-психологиялық көмек көрсету, адамды медициналық куәландырып, ауруының бар-жоғын анықтау немесе растау, сондай-ақ оның денсаулық жағдайын, еңбекке уақытша жарамсыздығын, кәсіптік және өзге де жарамдылығын айқындау мақсатында зерттеп қарау жұмыстары атқарылады. Консультациялық психиатриялық-наркологиялық, психотерапиялық және медициналық-психологиялық көмек көрсету, стационарлық және стационарды алмастыратын деңгейлерде, психикалық-наркологиялық аурулары бар пациенттерге клиникалық хаттамаларға сәйкес мамандандырылған дәрігерлік көмек көрсету де негізгі жұмыстарымыздың бірі.
Мекемеде тәуліктік стационар 205, күндізгі стационар 45 орынға арналған. Орталықта мәжбүрлеп емдеуге арналған психиатриялық-наркологиялық стационарлық, амбулаториялық-емханалық, коррек-ция бөлімдері медициналық көмек көрсетеді. Ұжымдағы 36 дәрігердің 27-сі – дәрігер-психиатр-нарколог.
Басты назарда бөлімшелердің санитарлық талапқа сай болуы мен өрт қауіпсіздігін ұстап, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолжетімділік шаралары қарастырылған.
– Бұл мекеме туралы сөз болса, ең алдымен Құрманғазы көшесіндегі әбден тозығы жеткен диспансердің сұрықсыз ғимараты ойға оралады. Онсыз да ақыл-есінен айырылып, қиын жағдайға тап болған адамдар емделетін орталықтың ескі ғимараттары одан бетер еңсені езіп тұрғандай. Бірер жыл бұрын 250 орындық жаңа ғимараттың құрылысы басталғаны жайында айтылған еді. Енді ол қашан пайдалануға берілмек? Оның жоспарында нендей артықшылықтар қаралған?
– Дұрыс айтасыз, қазір орталықтың психиатриялық қызметін жүргізетін бөлімшелер Авангард шағынауданында типтік емес, 1936, 1970 және 1992 жылдары салынған бір қабатты ғимараттарда орналасқан. Олардың моральдық жағынан ескіргені соншалық, қала құрылысы мен өрт қауіпсіздігі талаптарына және облыс халқының заманға сай өмір сүру деңгейіне сәйкес келмейді. Жыл сайын мекеменің материалдық-техникалық базасына жұмсалатын қаражат та өзін-өзі ақтамайды.
Иә, бүгінде 250 орындық жаңа ғимарат салу жоспарланды. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Әрине жаңа ғимараттың артықшылықтары өте көп болуға тиіс. Біріншіден, көптен ойымызда жүрген реанимация және балаларға арналған бөлімшелерді ашу ойымызда бар. Екіншіден, көркейіп, абаттандырылған, жаңа бөлімшелермен толықтырылған жаңа ғимарат қызметкерлердің жұмыс қарқынын да арттырар еді.
– Қазіргінің адамы күйзеліске жиі ұшырайды. Сап-сау адамның өзі әбден торыға келе түрлі жүйке кеселдеріне шалдыққанын көріп жүрміз. Сарыуайымға салынып, күйзелгендер туралы жиі еститін болдық. Соған қатысты терминдер де тіпті бала-шағаның да аузында жүр. Мұның себебі неде?
– Соңғы жылдары сарыуайымға салынып, дәрігер көмегіне сүйенетіндер саны көбейді. Одан біртіндеп күйзеліске түсетіндердің осыншама қарқынды өсуінің себептері аз емес. Мен ең белсенді себептерін атап шығуға тырысайын.
Бірінші себеп – белгісіздік. Яғни, бұрын адамның өмірі өмірге келу, мектеп, жоғары оқу орны, отбасылы болу, жұмыс жасау секілді белгілі бір сатылардан тұратын. Ал, қазір бәрі өзгерген, әркімнің өз жолы бар деген түсінік қалыптасты. Адам тұрмысына қатысты жаңа нәрсе жылдам пайда болып, жылдам қолданыстан шығады. Ешнәрсе айқын болмағандықтан, адамның миы әрдайым уайымдау процесінен арылмайды.
Екінші себеп ретінде өмір сүру ырғағының жылдамдай түскенін айтар едім. Қазір технологиялық үдеріс әсерінен өмір жиі өзгеріп жатыр. Адам өзін қайтадан жаңа нәрсеге үйретуі керек, яғни өзгерістен қашып құтыла алмайды. Ал, адам психологиясы өзгерістерді жақсы көрмейді. Мұндай жылдамдық миға күш салып, жаңалықтарға дайын болу үшін ол өз қалпынан екі есе артық жұмыс істеуге мәжбүр.
Үшінші себеп – қоғамдағы қарама-қайшылық. Қазір адамда толық еркіндік бар, яғни қаламаса отбасын құрмайды, қаласа шетелде өмір сүреді, өзгенің айтқанымен емес, өз қалауымен жүруге үйретеді. Бірақ қоғам әлі толыққанды өзгермегендіктен, ересектер әлі де өз көзқарасымен өмір сүретіндіктен, қарама-қайшылық жиі болып тұрады. Оның өзі адамның уайымға салынып, күйзеліске түсуіне әсер етеді. Ал, сарыуайымның түбі тұңғиық екені белгілі.
Күйзеліске себеп болатын әлі де біраз нәрсе болуы мүмкін. Соған қарамастан, осының бәрін қабылдап, жеңе білген адам ғана көп нәрсеге қол жеткізетінін қаперден шығармаған жөн.
– Қазір республика бойынша дәрігер жетіспеуі күрделі түйінге айналды. Бұл халыққа көрсетілетін қызмет сапасына да әсер етеді. «Медицинада кәсіби мамандар қартайып жатыр» деген пікір де жиі айтыла бастады. Орталықтың кадрмен қамтылу жайы қалай? Жүйке ауруларын ғылыми тұрғыда зерттейтін мамандар бар ма?
– Әрине, бұл ортақ проблема, бірақ сонымен қатар мамандармен қамту жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Атап айтқанда, enbek.kz сайты арқылы және медициналық жоғары оқу орындары арқылы әсіресе жас мамандарды шақырып, түлектерге жұмыс орнына ұсыныстар жасалып отыр. Соның нәтижесінде 2021 жылдан бері 9 жас маман мекемеге жұмысқа қабылданды. Осы мәселені шешу мақсатында бірқатар бастамалар қолға алынуда.
Мекемеде жүйке ауруларын ғылыми тұрғыда зерттейтін мамандар жоқ. Дегенмен республикалық психикалық ғылыми-практикалық орталығының мамандарымен әрдайым тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз.
– Бүгінде Атырау облысында қанша адам диспансерлік бақылауға алынған? Жалпы, бұл кесел кімдер үшін қауіп туғызады?
– Былтырғы көрсеткіш бойынша психикалық және мінез-құлқының бұзылған 5779, наркологиялық бақылауда 2531 науқас тұр. Олар әуелі өзіне өзі қауіпті. Мұндайда пациентпен барынша тіл табысып, ашуына тимей емдеуге тырысамыз.
– Кейінгі кезде сізді көбірек ойландыратын қандай жағдайлар бар? Деменция, яғни жасына жетпей алжу, есте сақтау қабілетінің әлсіреуі туралы не айтасыз?
– Мінез-құлқында ауытқулары бар, ақыл-есі кем адамдар, балалар арасында аутизм ауруларының саны қазір көбейіп, ағайын-туғандары үшін қайғы-қасіретке, қоғам үшін үлкен проблемаға айналып отырғаны мені қатты ойландырады.
Деменция және осы терминге тән аурулардың бар екенін жасырудың жөні жоқ. Себебі, бұл ауру орта жастағы адамдардың көпшілігінде кездеседі және мұндай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Есте сақтау қабілетінің нашарлауы, болмаса жасына жетпей алжу деген сырқаттардан алшақ болу үшін үйде ой белсенділігін күшейтетін құралдарды қолдануға болады. Ол үшін сөзжұмбақ (кроссворд) немесе басқатырғыштардың басқа түрлерін шешу, аспапта ойнап, жазу, оқу және жаңа тіл үйрену секілді нәрселермен айналысса, тіпті қариялардың ақыл-ойы да үнемі «жаттығу» арқылы миы жақсы жұмыс істейді. Осы тәсілдерді күнделікті өмірде қолданып отырса, оның көмегі мол.
– Мамандардың айтуынша, адамды жүйке ауруына душар ететін өмірлік көзқарасы мен тіршіліктегі қиындықтар. Осындай ауыр дертке шалдықпас үшін бала кезден, мектеп кезінде де күйзеліске жол бермеу, тығырықтан жол тауып шығу секілді моральдық тұрғыдан оқыту керек сыңайлы. Сіз қазіргі қоғамда бұл аурудың алдын алудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Барлық ауруға да алдын алу шараларын қолдану керек. Психикалық бұзылулар да ерекшелік емес. Психикалық денсаулық – физикалық денсаулық сияқты адамның жалпы әл-ауқатының негізгі құрамдас бөлігі. Сондықтан оның тұрақтылығын сақтау өте маңызды.
Психикалық аурулардың алдын алудың негізгі және қосымша шаралары бар. Адам әрдайым дұрыс демалуы, яғни 8 сағат ұйықтауы керек. Жақсы көретін іспен айналысу, отбасылық қарым-қатынастарға байыппен қарау, себебі жақын адамдармен жанжалдасу, ұрыс-керіс психикалық өзгерістерді туындатады.
Кез келген адам күйзеліске түсіп, шешімін таппай жүрген мәселелерін бөліскісі келсе, психолог, психиатр, психотерапевт секілді мамандарға барудан қорықпағаны жөн. Бізде «бұл мамандарға «есі дұрыс емес» адамдар барады» деген теріс ұғым бар, бұл түбегейлі қате түсінік.
Сол себепті ауру белгілері болса, ерте бастан анықтаған дұрыс. Балаларды қолдау, әйелдер үшін әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерді қамту, қарттарға әлеуметтік қолдау көрсету, табиғи апаттардан зардап шеккендер мен әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға бағытталған бағдарламалар жүзеге асуы тиіс.
Мектепте психикалық саулықты нығайту шаралары, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамдастықты дамыту бағдарламалары үнемі жұмыс жасап отыруы қажет.
– Ұстанатын қағидаңыз бен саланы дамыту бағытындағы басты жоспарларыңыз туралы білсек…
– Бірінші қағида – қайғы-мұң мен өкпе-ызаны арқалап жүрмеу. Екінші қағида – іштей айтқың келіп тұрғанды айту. Өйткені, шықпаған эмоция адамның жүйкесіне әсер етеді. Ал, әр адам психологтарға жүгінуден қысылмауы керек. Бұл дұрыс шешім қабылдап, адами жолдан адаспау үшін өте маңызды.
Психикалық және психологиялық тұрғыдан сау адам ақылды, ынтымақтастыққа ашық, өмірдің соққыларынан қорғалған және өмірлік қиындықтармен қаруланғанын есте ұстаған жөн. Сондықтан, барлығы өз қолымызда және мұның алдын алуға мүмкіндігіміз бар. Ұлы ойшыл Әл-Фараби атамыздың денсаулық жайлы айтқан мына бір нақыл сөзі әр адамның өмірлік ұстанымына айналса деп ойлаймын: «Адамның денесінің жетілуі – оның денсаулығы; егер сенің денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек».
Алда жоспар жеткілікті. Соның бірі – жаңа типтік аурухананың салынуын жылдамдату, орталықты жас мамандармен толықтыру, сапалы көмек көрсететін психологиялық орталықтар ашу, дағдарыс орталықтарын құру, жоғары оқу орындары студенттерінің арасынан волонтерларды тарту, суицидологиялық бөлімдер ашу.
– Ұжымның жұмысына сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Мәлике ҚУАНЫШЕВА