Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...ЖаңалықтарҚоғам

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Береке негізі – бірлікте»

Аtr.kz/20 сәуір, 2020 жыл.

1.Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласынан қандай ой түйдіңіз?

– Бүгінгі таңда адамзат үлкен сынақ үстінде. Тілі мен түріне, діні мен сеніміне қарамастан барша халық әлемді жайлаған індетпен күресуде. Бұл – дүниежүзіндегі барлық мемлекет бастан кешіріп отырған жағдай. Осындай қиынқыстау кезде елді сабырға шақырып, ақыл-кеңес беріп отыру дәстүрі ежелден бар. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын қазақ халқын бірлікке шақырған аталы сөз деп есептеймін.

Қазақ елі тәуелсіздік алып, егемен ел болуға қадам басқан тұста мемлекет тізгінін ұстап, талай тар жол, тайғақ кешуден аман алып шыққан Елбасының бұл мақаласы көпке күш пен сенім береді. Ең алдымен, қазіргі Қазақстанның жағдайын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарымен мүлдем салыстыруға болмайтынына кеңінен тоқталды.

2.Еліміздің өркендеу кезеңіне өзіңіз де куәсіз. Әңгімеңізді осы бағытта өрбітсеңіз…

– Осы тұста мен 1997 жылы Елбасының Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын – «Қазақстан – 2030» стратегиясын еске аламын. Өйткені, маңызды құжатта мемлекет орнатудың негізгі жеті бағыты айқындалған. Жолдаудың кіріспесінде Елбасы: «Неліктен нақ бүгінгі таңда біздің алдымызда осы міндет тұр? Өйткені, кеше біз бұған даяр емес едік, тәжірибеміз бен білігіміз жетіспеді…

Міндеттің өзі де басқа болатын. Алдыңғы кезеңнің күллі мәні басталып кеткен аласапыран өтпелі кезеңнің буырқанған жағдайында дербес мемлекет ретінде табан тіреп қалуға келіп сайды» деген еді. Міне, тәуелсіздік тұсында қандай қиындықтар болғанын осы сөздерден-ақ анық байқауға болады. Осындай себеппен Жолдау тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде емес, араға жылдар салып жарияланды. Ондағы мақсат-міндеттер халқымыздың сабырлығы мен төзімділігі, ерік-жігері, еңбекқорлығы, сенімінің арқасында мерзімінен бұрын іске асты. Біз бірліктің нәтижесінде жұдырықтай жұмылып әлемге танымал – Қазақ мемлекетін орнықтырдық.

Иә, біз үлкен жолдан өттік, жақын алыс елдермен достастық қарым-қатынас орнаттық. Елдің әлеуетін, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін іргелі реформалар жүзеге асырылды. Бұл жетістіктердің бастамасында Елбасы тұрды. «Қамдансаң, қапы қалмассың» деген сөз бар. Елбасы бастамасымен құрылған Ұлттық қор өзінің тиімділігін көрсетті. Қазір де бұл – ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қажетті құрал.

3.Қауіпті індет жайлаған кезең өткен ғасырда да орын алғанын тарихтан білеміз. Сол кездегі халықтың тұрмыс-жағдайы да басқаша еді. Десек те…

– Бүгінгі таңда Президент ҚасымЖомарт Тоқаев шұғыл шаралар алып, жағдайды тікелей бақылауында ұстап отыр. Мемлекеттік және жергілікті жерлердегі комиссиялар жұмыс істеуде. Халықты әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған кешенді шаралар алынып, іске асырылуда.

Дәрігерлер, ішкі істер органдары, әскери қызметшілер індетпен күрестің алғы шебінде тынымсыз жұмыс жасауда. Кәсіпкерлер мен еріктілер көмек қолдарын созып, сауапты іс атқаруда. Бұл халқымыздың береке-бірлігінің көрінісі деп білемін. Жауапкершілікті терең сезіну, осындай кезде қиындықтарға мойымау, оны жеңу жолындағы табандылықтың үлгісі деп қабылдадым.

Алаш қайраткері Халел Досмұхамедов «Жұқпалы аурулар хақында» атты еңбегінде: «Жұқпалы аурулардың құрттары адамға жұққан соң, бірқатар уақытқа дейін ауырта қоймады. Бұл құрттарға өсіп-өнуге уақыт керек. Көп кісімен қатынасқан һәм үйге қыдырып тамақ ішкен, көп адаммен бір табақтан тағам жескен – әртүрлі аурулардың жұғуына себеп болады. Ілбішін уезінде болған обада кісі ауырып өлген үйге бата оқимыз деп барып, ет жейміз деп көп кісі қырылды…

Қолын, бетін жиірек са бындап жүрген – ауру жұқпасқа себеп болады» деп жазған. Осыдан жүз жыл бұрын жазылған мақаладағы ескерту бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Өкінішке орай, осыған ұқсас қауіпсіздік шараларын сақтамау, қонақ шақыру – тұтастай ауыл тұрғындарының індетке шалдығуына ұшыратқан жағдайлар орын алып тұр. Мемлекет тарапынан адамдардың денсаулығы үшін қатаң шектеулер енгізілуде. Бұл – қажеттілік.

Әрине, бұл да белгілі бір деңгейде қолайсыздық пен қиындықтар туғызатыны түсінікті. Адамдардың басым көпшілігі оны дұрыс түсініп қабылдауда. Дегенмен, кейбір орын алған жағдайларға орай халық арасында сөз жүгіртіп, дүрбелең туғызуға жақын топтың бар екендігі де жасырын емес. Елбасы өз мақаласында осындай арзан әңгімелерден, оған еруден сақ болуға шақырады. Бұл сөзге халқымыз құлақ асады деп сенемін. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – әрбір иманды жанның міндеті.

Бұл жерде мемлекеттік органдар мен лауазымды жандар осындай орынсыз әңгімелерге себеп болатын жайлардың алдын алу, туындаған мәселелерді жедел шешіп, тұрғындарға уақытылы түсінік беріп, хабарлау керек. Халқымызда «Ұйымдасқанның ұтары көп» деген қанатты сөз бар. Ал, береке негізі – бірлікте. Қоғамның барлық санаттағы тобы иық түйістіріп, бірлессе, бұл қиындықты да жеңіп шығарымыз сөзсіз. Біз біргеміз!

Жазып алған: Айбөпе САБЫРОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrau-qalasynda-dezinfekci%d1%8f-zhumystaryna-200-den-astam-adam-zhumyldyryldy/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button